Маңғыстауда тор қоршамада балық шаруашылығы дамитын болады

Dalanews 28 нау. 2023 10:12 313

Бүгін Ақтауда облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен Маңғыстау облысындағы балық шаруашылығын дамытудың қарқыны мен мүмкіндіктері туралы кеңес өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Маңғыстау облысы балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашевтың айтуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыста 4915,8 тонна балық ауланды, 47,5 тонна балық өсірілді, 25,4 тонна өнім экспортталса, 18 тонна өнім импортталды.

Соңғы үш жылда облыста өсірілетін балық көлемі екі есеге артқан, оған «Балық шаруашылығын дамыту» бағдарламасы септігін тигізген.

Осылайша, мемлекеттік қолдау шаралары кеңейтіліп, балық тоғандарын жобалау рәсімдері жеңілдетілді.

Сонымен қатар Салық кодексінде кәсіптік балық аулау үшін қосылған құн салығын 70%-ға төмендету қарастырылған. Бұл ретте 2021 жылы сәуір айында қабылданған Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын орындаудың арқасында 2030 жылға қарай Маңғыстауда жылына 100 мың тоннаға дейін балық өсіру жоспарланып отыр.

2022 жылы балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын табысты іске асыру үшін облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қаулысымен облыста балық шаруашылығы басқармасы құрылды.

Маңғыстау облысының балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашев балық өндірісін ұлғайту үшін тор қоршама-бассейн шаруашылығын құру мүмкіндіктерін дамыту қажеттігін атап өтті.

– Каспий теңізінің бекіре, албырт және олардың будандарын өсіруге үлкен мүмкіндігі бар. Дегенмен, балық қорын табиғи су қоймаларында пайдаланудың өз шегі бар, әсіресе өңірде басқа өзен-көлдердің жоқтығын ескерген жөн.

Осыған байланысты теңізде торлы қоршаулар жасау технологиясын қарастыру қажет. Дауылға төзімді тор қоршамалар – ашық теңізде балық өсіруге арналған арнайы құрал.

Бүгінгі күні бұл технология Қазақстанның ешбір жерінде қолданылмайды, сондықтан Каспий теңізінде торлы қоршамаларда балық өсіретін аймақтарды белгілеп, ғылыми мамандарды тарту ұсынылып отыр.


Аталған технологияның дәстүрлі балық аулаудан айырмашылығы – табиғи ресурстарды шектен тыс пайдаланбайды. Керісінше, аквакультураның көмегімен жойылып бара жатқан түрлерді қалпына келтіріп, ашық табиғатқа шығарады.

Сонымен қатар акваөсіру кеңінен дамып және тиісті заңнамалық база болған жағдайда браконьерлік мәселесі шешіледі. Саланы дамыту қосымша жұмыс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді, – деді Арман Молдашев.

Маңғыстау облысының балық шаруашылығы басқармасының басшысы балық шаруашылығында ғылыми база мен технологиялық жаңалықтарды дамыту қажеттігін атап өтті.

Ғылыми зерттеулер мен жаңа технологияларды әзірлеу мақсатындағы инвестициялар балық шаруашылығының тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруы, сондай-ақ өнім сапасын жақсартуы мүмкін.

Кәсіптік балық аулауды дамытуға келетін болсақ, Каспий теңізінде мемлекетаралық стандарттар мен техникалық талаптарды сақтамай резеңке қайықтар мен байдада балық аулайды. Нәтижесінде, балық өнімдері мұздатылмай, ашық күйде қалып, тұтынушыларға сапасыз ұсынылады.


Балық аулау флоттарын ұлғайту және жаңа технологияларды кеңінен қолдану, сондай-ақ жағалау инфрақұрылымын құру жағдайды айтарлықтай жақсарта алады.

Осыған орай, кәсіпкерге балық аулау флотын сатып алу үшін 50 пайыздық субсидия беру немесе жеңілдетілген пайызбен несие беру мүмкіндігін қарастыру ұсынылып отыр.

– Балық шаруашылығын дамытудың тағы бір бағыты – шағын балық аулау кемелері мен флоттарды құрастыратын кәсіпорындар ашу. Бұл Каспий теңізінде кәсіптік балық аулауды кеңейтеді.

Балық өнімдерін өндіруді арттыруға, қайта өңдеуді дамытуға жол ашады. Еліміздің барлық ірі су қоймасында, мысалы, Балқаш, Арал, Алакөл, Зайсанда балық аулау деңгейінің артуына септігін тигізеді.

Біздің мақсат – көршілес Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Әзербайжан елдеріне балық аулайтын кемелер мен флоттардың экспортын арттыру, яғни Орталық Азиядағы кеме жасау кәсіпорнына айналу, – деді А.Молдашев.

Бүгінде Маңғыстауда теңіз кемелерін құрастырумен «Кеме жабдықтар және қызмет» ЖШС мекемесі айналысады.

Нұрлан Ноғаев балық шаруашылығы үлкен күшті ғана емес, өзіндік ерекшелігі мен әлеуеті зор ірі салалардың бірі екенін атап өтті.

– Балық шаруашылығы – әлемде де, Қазақстанда да қарқынды дамып келе жатқан келешегі зор салалардың бірі.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше рет Каспий теңізінің зор әлеуетін атап өтті. Көрсетілген қолдау шаралары екі негізгі міндетті, яғни, халықты балық өнімдерімен қамтамасыз ету және балық шаруашылығын дамытуға жағдай жасауды көздейді.


Бұл жұмыстардың нәтижесі дұрыс бағытта келе жатқанымызға сенім ұялатады. Дегенмен, балық шаруашылығында әлі көптеген кемшіліктер мен мәселелер бар. Оларды тиімді шешу іскерлік белсенділікті арттыруға, инвестиция тартуға, балық өсірудің озық технологияларын енгізуге, экспорттық әлеуетті арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.  Сондай-ақ экспортқа ғана емес, импортты алмастыруға жұмыс істеуіміз үшін басқа елдердің тәжірибесін қабылдау қажет, – деді Нұрлан Ноғаев.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x