«КӨКСАРАЙ»: АУЫЛ ҚАМЫН КІМ ОЙЛАР?

Dalanews 22 қаң. 2015 05:19 410

Біздің ауыл суы да сырлы, нулы тоғайы бар Сырдың бойында орналасқан. Өз табиғатының байлығы өзіне жетер еді. «Тоғайының тораңғысы самсыған, кіргенінде жиде иісі аңқыған, алтынға бара-бар, қып-қызыл мияның ығып тұрған Отаны еді», - бұл тоғай.

Сол тоғайдың қазіргі жәй-күйін көргенде жүрегің сыздап, жаның құлазып қоя береді. Осы тоғайды паналаған аң, құс, жануарлар қазір жоқтың қасы. Осы тоғайдағы Сырдың суынан өз нәпақаларын ажыратып отырған Сыр бойы халқының жағдайы биыл күрт төмендеп, алаңдаулы халде.  Өйткені, осы Сыр суы мен малға жайылым болып отырған жерлер қазір мидай, шөпсіз, тұзы шыққан далаға айналып отыр.  «Неге?» - дейсіз бе? Меніңше, бұл адамдардың көз тоймастық әрекеті, иә адамдардың ынсапсыздығы ма? Әйтеуір небары бір жыл ішінде болатын су тасулар: қыстағы «сең бұзу», ерте көктемде «топан су», наурыз, сәуір айларында қас-қағым сәтте өтетін «тайлақ тасу» мен «шылғау тасу», талдар гүлдегенде болатын «гүл тасу» да ендігі келмеске кеткендей. Бұл тасулар елді мекендерге еш зиянын, залалын келтірмей, мал мен адамға берілген табиғаттың тамаша сиы еді!
«Тіршілік көзі – су», -  демекші, сол су келсе осы ауыл адамдары азғантай малдарын аман сақтап, сол малдан қол үзбес еді. Елімізде ауыл шаруашылығын дамытудың түрлі бағдарламаларын қабылдап жатыр. Ал мынадай жағдайдан соң мал басын қалай аман сақтап қаламыз? Біздің айтар бұйымтайымыз осы. Отанымызда өзін ғана ойлаған адамдардың теріс әрекеттерінен ортаға, қарапайым халыққа жасап жатқан қиянаттарынан, табиғатымыз апатқа ұшырамасына кім кепіл!

Енді осы су тасулар тасымақ тұрмақ, Сырдария өзені өз арнасының төрттен бірін де суға толтыра алмай қалды. Осы себепті егіншілік суды былай қойғанда, жайылма судың болмай қалғанына міне биыл 4-ші жыл! «Көксарай» су реттегішін салғалы бері біздің жаққа келетін су деңгейі тіпті төмендеп кетті. Сол суды реттегенде өзен бойындағы табиғатты, ауыл шаруашылығын ескерсе екен. Кейбір ауылдарда су тасып жатса, бізге су жетпей жатыр, мұның басты себебі, су реттегішіндегі реттеу жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі. Оңтүстікте қыс мезгілінде қар көп жаумайтыны белгілі, бірақ Алланың қарасқаны болар, сол қар үш, төрт жылдан бері көптеу түскендіктен, жердің ылғалы сақталып, мал жейтін шөп шығып отырған. Биылғы жылы қар жаумай, ендігі малдың жайылымы Сыр бойын жайлаған тұрғындарды алаңдатуда.  Сондықтан осы Сырдарияның суын бұрынғы қалпына түсетіндей етіп, жолдағы қолдан  жасап отырған бөгеттерден бізге бөлінген азғантай несібемізді, яғни Сырдария өзенінің арнасын ашса деген үмітпен қолымызға қалам алып отырмыз. 

         «Тіршілік көзі – су», -  демекші, сол су келсе осы ауыл адамдары азғантай малдарын аман сақтап, сол малдан қол үзбес еді. Елімізде ауыл шаруашылығын дамытудың түрлі бағдарламаларын қабылдап жатыр. Ал мынадай жағдайдан соң мал басын қалай аман сақтап қаламыз? Біздің айтар бұйымтайымыз осы. Отанымызда өзін ғана ойлаған адамдардың теріс әрекеттерінен ортаға, қарапайым халыққа жасап жатқан қиянаттарынан, табиғатымыз апатқа ұшырамасына кім кепіл!

         Әлде осы адамдардың қолдан жасап жатқан әрекеттеріне көз жұма қарап, Сырдарияның, оның айналасындағы тіршілік иелерінің, адамдардың жанайқайын аяқ асты етеміз бе?

         Теледидардан: «Сыр бойын су алды, тасқын болады», – деп дабыл қағып, көмек сұрап жатқандардың бәрі де әншейін ғана сөз. Тек су жіберу, суды тарату жағын бір жүйеге келтірсе, бір жағы суға жарымай, бір жағында тасқын деп мұндай жағдай болмас еді. Осымен біздің айтпағымыз, қойдай жуас қазақи ауылымыз, өзінің сәні мен көркем табиғатынан, қазақтың қанына сіңген дәстүрі секілді болып қалған мал шаруашылығынан қол үзбесе екен. 

 

Оңтүстік Қазақстан облысы,


 Түркістан қаласы,


Нұртас ауылының


8 тұрғыны қол қойған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x