«Цифрландыру платформасы «Сберге» берілмейді, өзіміз дамытамыз!». Қазыбек Исаның табындылығы

Dalanews 22 сәу. 2022 05:28 217

2021 жылы 25 қазанда ҚР Парламент Мәжілісінде үкімет сағаты өтіп, онда ҚР Цифрлық даму,  инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин есеп берген еді.

Сол кезде ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» фракциясы мүшесі Қазыбек Иса  министрге елдің алаңдаушылығын тудырып отырған  Үкіметтің электрондық платформасын Ресейдің «Сбербанкіне» беру мәселесі және Цифрландыру саласындағы, егов платформасындағы  мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейі туралы сұрақ қойды.

– Қазақстанның цифрландыру деңгейі жақсы дамуда. Оған жаңа сіздің жасаған баяндамаңыздан да көзіміз жетті. Біз БҰҰ-ның халықаралық рейтингі бойынша онлайн-қызмет бойынша 11-ші орында, электрондық үкімет бойынша 29 орында, электрондық қауіпсіздігі бойынша 31 орындамыз. Тіпті, Ресейдің алдындамыз! Ендеше бүкіл 19 миллион қазақстандықтардың жеке мәліметі бар мемлекеттің электрондық үкіметін түгел шет мемлекетке – Ресейдің «Сбербанкіне» бере салуды қалай түсіндіресіз?!.  Бұл биыл 30 жыл толып отырған Тәуелсіздігімізге нұқсан емес пе? – деп депутат сұрақты төтесінен қойған болатын.

Осылай цифрландыру платформамыздың Ресейге берілуіне қарсы шыққан  Қазыбек Иса бүгінгі Ресейге АҚШ пен Батыс елдерінің электрондық тосқауылы мен санкцияларын дәл болжап айтып берген еді…

– Егер АҚШ ертең Ресейге әлемдік ең алдыңғы қатарлы бағдарламаларға қол жеткізуге тосқауыл қойса біз қайтеміз? «Екі түйе сүйкенсе шыбын өледі» дегендей, шырылдап, босқа құрбан болып кетпейміз бе? – деген еді.


Енді міне, 2022 жылы 15 сәуір күні ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі А. Жамбақин Қазақстанның цифрландыру платформасы Ресейдегі ауыр жағдайға байланысты «Сберге» берілмейтінін мәлімдеді.

– Бұл қазіргі геосаяси жағдайға байланысты және өзіміздің мүмкіндіктерімізді қайта қарап, қазақстандық IT компанияларын тарта отырып, «НИТ» АҚ арқылы платформамызды өз күшімізбен жасауға шешім қабылдадық. Қазір техникалық-экономикалық сараптама жасалуда. Биылғы жылдың аяғына дейін жаңа платформа жасалып, алғашқы сервистер пайдалануға беріледі, – деп жауап берді  вице-министр журналистер сұрағына.


– Цифрландыру платформамыз Ресей «Сберіне» берілмейтін болды. Сол кезде айтқанбыз министрге, ертең АҚШ әлемдік цифрлік бағдарламаларға Ресейге тосқауыл қойса, қайтеміз деген едік, сол тура келді. Ресейге қазір әлемдік бағдарламаларға жол жабылған, тастүнекте. Біздің платформамыз Сберге өткенде, біз де тосқауылға тап болар едік, – дейді Қазыбек Иса.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x