Cоңғы жаңалықтар
Back

Сенатор Үкіметтің «оптовка базар» салуына қарсы шықты

Сенатор Бауыржан Қаниев Үкіметтің көтерме сауда орталықтарын салу бастамасын сынға алды. Ресми мәліметке сәйкес, сауда және интеграция министрлігі алдағы төрт жылда 24 көтерме сауда орталығын салуды ұсыныпты.

– Министрлік өкілдері көтерме сауда тарату орталықтарын нарықтағы азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді деп сендіруде. Өкілетті мемлекеттік орган Франция мен Испания тәжірибесін негізге алып, көтерме сауда тарату орталықтарының жобасын әзірлеген. Аталған Еуропа елдерінде қалалардың арақашықтығы жақын, шамамен, 80 шақырымнан аспайды. Ал бізде қалалардың орташа арақашықтығы 500 шақырымнан асады, – деді Қаниев сенаттың жалпы отырысында.

Сенатор бір-бірінен алыс орналасатын көтерме сауда орталықтарының тиімділігіне күмәнданып отырғанын ашық айтты. Оған қоса, азық-түлікті сақтау, бөлу және өткізу орындары бөлек орналасады.

– Бұның барлығы едәуір көлік шығынын ұлғайтады және тиісінше, жеміс пен көкөніс бағасының айтарлықтай өсуіне әкеледі. Осыған орай, бірнеше сұрақ туындайды? Көлік шығынын кім көтереді? Ауыл шаруашылығы өндірушілері ме? Көтерме сауда орталықтары ма? Әлде, соңғы тұтынушы ма? Атап өтетін жәйт, көтерме сауда орталықтары – көп уақыт пен қаражат талап ететін жобалар. Сондықтан елімізде жоспарланған көтерме сауда тарату орталықтарын іске асырмас бұрын әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру маңызды, – деп атап көрсетті Қаниев.

Ұлттық статистика бюросының есебі бойынша жыл басынан бері сәбіз 45 процентке, картоп – 38 процентке, күнбағыс майы – 16 процентке, пияз – 11 процентке, ал қант 9 процентке қымбаттады.

– Ең өкініштісі, елімізде өндірілетін көкөніс пен жеміс бағасы шарықтап, пандемиядан қажыған халықтың қалтасын қағып жатыр. Мәселен, әлемдік тәжірибеде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін отандық өндірушілерге тікелей қолдау көрсетіп, өндіріс көлемін арттырады. Сондай-ақ, жалпы ішкі өнім құрамында отандық тауарлар үлесін 50 проценттен жоғары ұстайды. Бізде болса, бұл көрсеткіш 30 процент айналасында. Аграрлық ел бола отырып, азық-түліктің 70 пайызын шетелден тасып жүруге мәжбүрміз, – дейді сенатор.

Осыған байланысты бір топ сенатор үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, азық-түлік тауарларының қымбатшылығын шешу бойынша қабылданған шаралар туралы есеп беруді талап етті.

Тағы оқыңыз:

«Балам толық жазылмайынша, кешірім бермеймін!». Пенжімдегі төбелестен зардап шеккен баланың анасы ойын айтты