Cоңғы жаңалықтар
Back

Даниал Ахметов: «Бес жылғы еңбек – биыл бір миллион шаршы метр үй саламыз»

«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 381 үй салынуда. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі аймақтағы құрылыс мәселелеріне арналған кеңесте айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– 2021 жыл – біз үшін есте қаларлық жыл болды. Өйткені, биыл біз бір миллион шаршы метр тұрғын үй салу межесін бағындырдық. Бұл нәтижеге жету үшін бес жыл тынбай еңбек етуге тура келді. Бүгінгі таңда облыста түрлі қаржы көздерінен 127 көппәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. 381 үйдің құрылысы «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша жүргізілуде, – деп атап өтті Д.Ахметов.

Аймақ басшысы коммерциялық тұрғын үй секторына назар аудару қажеттігін айтты. Өйткені, бұл сұранысқа ие және облыс халқы баспана сатып алу үшін қаржы салуға дайын.

– Құрылыс, әсіресе тұрғын үй құрылысы аймақтың табысты әлеуметтік-экономикалық дамуының және облыс тұрғындары әл-ауқатының жақсарғанын байқататын үздік көрсеткіштердің бірі екенін айта кету керек. Біз бұрын-соңды болмаған қадамға баруға дайынбыз. Мәселен, әлеуетті жеке инвесторларға жер учаскелерін ғана емес, құрылысын дәл қазір бастауға дайын жобаларды да ұсына аламыз, – деді аймақ басшысы.

Осыған байланысты әкім Құрылыс басқармасына, барлық қалалар мен аудандардың әкімдеріне тұрғын үй құрылысының есебін көрсетуді тапсырды.

«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша салынатын үйлерге қатысты айтқан Даниал Ахметов Өскемен, Риддер және Тарбағатай ауданында әлі күнге дейін құрылыс жұмыстарын бастамаған мердігерлердің мәселесін және олармен жасалған шарттарды қайта қарау керектігін тапсырды.

– Жобаның құнын ұлғайту үшін түзету енгізуді сұрайтындарды ерекше қадағалау қажет. Шынымен құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты ма, әлде басқа мақсатты көздеп отыр ма, осы мәселені мұқият тексеру керек, – деді ШҚО әкімі.

Бұдан бөлек, облыс әкімі ШҚО-ның барлық ауданында спорттық сауықтыру кешендері, спорт модульдері, бассейндер, мәдениет үйлері мен клубтар, фельдшерлік-акушерлік пункттер сияқты әлеуметтік, мәдени және спорт нысандары салынып жатқанын тілге тиек етті.

Құрылыс кестеге сәйкес жүріп жатыр. Сондай-ақ, Өскеменде бірегей гематологиялық орталықтың құрылысы жалғасуда. Бұл жоба ерекше бақылауда болады.

Тағы оқыңыз:

Шығыста жол жөндеу жұмыстары ерекше бақылауда болады