Cоңғы жаңалықтар
Back

Қытай инвесторлары Түркістан облысында екі зауыт салмақ

Қытай инвесторлары Түркістан облысында автобустар мен электраккумуляторын жасап шығаратын зауыт салмақ. Бұл жөнінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Қытай Халық Республикасының кәсіпкерлерін қолдау қауымдастығының президенті Хуан Линьмен кездесуі барысында талқыланды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Басқосу нәтижесінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Қауымдастық президенті сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтіп, Түркістан облысында өз бизнесін дамытқысы келетін қытайлық кәсіпкерлердің саны артқанын жеткізді.

– Қасиетті Ораза айт күні кездесіп отырғанымызға қуаныштымыз. Айтыныз қабыл болсын. Түркістан облысы өте қарқынды даму үстінде. Қытайдың көптеген инвесторлары осы Түркістан облысына келіп, жұмыс істеуді армандайды. Біздің қауымдастықта 20 мыңнан астам орта және кіші кәсіпорындар бар. Пандемия жағдайына байланысты инвесторлар келе алмай отыр. Әзірге автобустар мен электраккумуляторын жасап шығаратын екі зауыт салуды көздеп отырмыз, – деді Қытай Халық Республикасының кәсіпкерлерін қолдау қауымдастығының президенті Хуан Линь.

Кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастарды, іскерлік байланыстар мен ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Облыс басшысы Хуан Линді өңірдің экономикалық әлеуетімен таныстырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Облыс әкімі электр қуатымен жүретін автокөліктерге арналған аккумулятор жасап шығаратын зауыттың құрылысына ерекше мән берді.

– Бұл – болашағы бар жоба. Алдағы уақытта сұранысқа ие болары анық. Сондықтан қолдауға дайынбыз. Индустриалды аймақта бір айдың ішінде еркін экономикалық аймақ қалыптастырылады. Инвесторларға барлық жағдай жасалады. Жер бөлінеді. Электр қуаты мен газбен қамтамасыз етіліп, темір жол қызметі ұсынылады. Сонымен қатар, салықтан босатылады. Елімізде сұранысқа ие болатын жобаларды қолдауға біз әрқашан дайынбыз, –деді Өмірзақ Шөкеев.

Қысқа мерзім ішінде еркін экономикалық аймақ ретінде құрылатын индустриалды аймақтың жалпы аумағы 350 гектар. Ондағы түрлі алаңдарда инвестициялық жобаларды іске асыруға мол мүмкіндік берілген. Түркістан облысы құрылғалы өңірге 3,5 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған. Алдағы төрт жылда 3,6 млрд. АҚШ долларын құрайтын 97 жоба іске асырылады. Нәтижесінде 22 мың адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі.

Тағы оқыңыз:

Түркістанның балуаны бас жүлденің қанжығасына байлады