Сағынтаев Мәскеуде өткен жиында постковидтік кезеңде Алматыны цифрландырудың тәжірибесімен бөлісті

Dalanews 26 мам. 2021 10:59 178

Кеше Мәскеуде екі күндік онлайн-форум басталды, оған әлемнің 20 елінен ақылды қалалар саласындағы мамандар қатысты. Аталған шараға Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, сондай-ақ Цифрландыру басқармасының өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматының Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаевтың айтуынша, форумда Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың, Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің қатысуымен сессия өтті. Сессия жұмысына Бейжің қаласының мэрі Ч. Цзинин, Форт-Лодердейл мэрі Д. Транталис, Қалалық деректер жөніндегі Дүниежүзілік Кеңестің президенті П. Маккарни, БҰҰ бөлімшелері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Постковидтік кезеңде қалаларда цифрландырудың рөлі, қалалар үшін қолданбалы шешімдерді дамыту туралы мәселелер талқыланған.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың тыныс-тіршілігіне қатысты жедел шешімдер қабылдауға тура келген КВИ пандемиясы басталған кезеңде іске асырылған цифрлық жобаларды ауқымдандыру тәжірибесі туралы айтып берді. Қала әкімі infoalmaty.kz порталын мысалға келтірді, оның жұмысы екі апта ішінде басталған болатын. Портал локдаун кезінде жүруге рұқсат етілген азаматтардың электрондық тізімдерін жасады.

Осы порталдың арқасында қысқа мерзім ішінде ШОБ кәсіпорындарының ЭҚЖЖ пысықталды. Сонымен қатар, бағдарламада кәсіпорындарда жұмыс істейтін адамдардың нақты саны және осы өнідірістің нақты айналымы туралы мәліметтер көрсетілді. Кейін бұл ақпарат салық органдарының деректер базасымен біріктірілді.

Бүгінде порталдың қызметі кеңеюде. Мысалы, кәсіпкер кәсіпорынның БСН енгізу арқылы қала мен мемлекет тарапынан қолдау шаралары туралы барлық ақпаратты ала алады. Бұл ретте деректер банкке немесе қаржы институттарына тікелей өтінім беру мүмкіндігімен нақты жоба бойынша ұсынылатын болады. Бұл шешім бүкіл республикаға таралды – infokazakhstan.kz.

Алматының Цифрландыру басқармасының өкілдері форумның пленарлық сессиясына Сингапурден, Еуроодақ елдерінен, Азияның басқа да бірқатар қалаларынан келгендермен бірге қатысты.

Халықаралық онлайн-форумның арқасында цифрлық технологияларды дамыту саласындағы қазақстандық мамандар Еуропа, Африка, Таяу Шығыс, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдеріндегі әріптестерінің шетелдік тәжірибелерін жақсы зерделей алды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x