ШҚО-да 10 мыңнан астам пәтер салынады

Dalanews 17 нау. 2021 15:05 223

Бүгін ШҚО әкімдігінің отырысында аймақ басшысы «Бірқабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасының тиімділігін атап өтті, сондай-ақ облыс аудандарына құрылысқа қажетті қосымша қаражат бөлу бағыттары туралы айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл ШҚО-да «Ертіс» ӘКК мен жеке инвесторлардың арқасында тұрғын үйлер құрылысының қарқыны айтарлықтай артады. Құрылыстың сапасын бақылау мақсатында әр нақты объект үшін арнайы алгоритм жасалады, онда нақты әрекеттер тізбегі көрсетіледі. Инвесторларға қажетті инженерлік инфрақұрылым желісімен қатар, сараптамадан өткен дайын жобалардың болуы да мүмкіндік беріп отыр.

Басқармасы басшысы Әсет Сүлейменовтің айтуынша, ағымдағы жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен барлығы 1 052 мың м2 тұрғын үй немесе 10 936 пәтер құрылысы басталады. Бұл көрсеткіштің биыл 647 мың шаршы метрі, яғни, өткен жылғы көлемге 125% өсіммен 6 404 пәтер іске қосылады.

– Оның ішінде биыл 141,5 мың м2 19 коммерциялық үйдің немесе жалпы сомасы 26,0 млрд теңгеге 1 443 пәтердің құрылысын бастау жоспарлануда. Сондай-ақ, «Ертіс «ӘКК» АҚ-мен бірлесіп жеке инвестициялар есебінен коммерциялық тұрғын үй салу тетігі әзірленді. Ол үшін жеке инвесторларға жер учаскелері және тұрғын үйлердің әзірленген жобалау-сметалық құжаттамасы беріледі, бұл үй құрылысының басталуын бірнеше есе жеделдетіп, рұқсат беру құжаттарын алу мерзімдерін қысқартады, – деді Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Әсет Сүлейменов.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі «Бірқабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасының тиімділігін атап өтті, сондай-ақ облыс аудандарына құрылысқа қажетті қосымша қаражат бөлу бағыттарына тоқталды.

– Өткен жылы «Бірқабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасы өзінің тиімділігін көрсетті. Біз 36 мың м2 салдық, биыл тағы 60 мың салуымыз керек. Орынбасарларым Алмасхан Сматлаев пен Бақытжан Байахметовке қала және аудан әкімдерімен құрылыс қарқынын арттыру бағытында жұмыс жүргізуді тапсырамын. Келесі жылдан бастап "белсенді әкім – белсенді қаржыландыру" қағидаты болады, Мұндай жағдайда несиелік тұрғын үйлерді жүзеге асырған аудан жалға берілетін тұрғын үй құрылысына көбірек қаражат алуы тиіс, – деп хабарлады ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Ағымдағы жылы бюджет қаражаты есебінен 35 көппәтерлі үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр, олар магистральдық және қажетті инфрақұрылымдық желілермен толық қамтамасыз етілген.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x