ҚТЖ жемқорлықты жою үшін қандай шаралар қабылдады?

Dalanews 23 желт. 2019 09:11 235

Таяуда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-на қарасты Жол бөлімдерінің басшылары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің өкілдерімен кездесті.

Басқосудың басты мақсаты – теміржол қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген өзгерістерді түсіндіру. Естеріңізге салсақ, үстіміздегі жылы еліміздің бірқатар заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, оған қараша айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған.

 Сол заңдардың арасында мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасы да болған. Заңға енгізілген өзгерістер бойынша қандай да бір қызметкер сыбайлас жемқорлық бойынша істі болса, заң олардың басшыларын да жауапкершілікке тарту көздейді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның 22 бабы бойынша жемқорлық оқиғасы орын алғанда барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор мен өкілетті тұлғалар жауапкершілікті бөлісетін болды.

Теміржол компаниясының басшысына бағынышты қызметкерлер қандай да бір жемқорлық оқиғасымен шатылса, басшысы тәртіптік жазаға тартылады. Әрине, мұндай оқиғалар «ҚТЖ» ҰК»  АҚ-ында орын алмауы тиіс. Бұл үшін темір жол саласының барлық құрылымында жемқорлыққа қарсы күрес шаралары күшейтіліп, оның өзектілігін түсіндіру бағытында көптеген жұмыстар жүріп жатыр.

Алдағы 2020 жылы компанияда адалдық қағидаларын қалыптастырып, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушіліктің прициптерін кеңінен насихаттау көзделуде.   


Бүгінде теміржол саласындағы жемқорлықты болдырмау және оның алдын алу ісімен «Адал жол» жобалық кеңсесі айналысуда. Бұл жоба Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен бірлесіп құрылған.

Үстіміздегі жылы жобалық кеңсе мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ бірлесіп, компания ішінде көптеген жұмыстар атқарды.  Нәтижесі өте жоғары.

Айталық, ҚР Инвестиция және даму министрлігінің 2019 жылы 2 тамызында теміржол билеттерін қайта сатуға, жолаушылар мен жүк тасымалдау тәртіптеріне енгізген өзгерістер мен кәсіпкерлік-үрдістерді автоматтандыру бағытында қолға алынған жұмыс нәтижесінде жолаушыларға көрсетілетін қызмет пен теміржолдағы жұмыс сапасы айтарлықтай артқанын атап айтуға болады.

Мәселен, жол жүру билеттерінің электронды сату жүйесін жетілдіру ісі жасанды билет тапшылығының жолын кескен. Сол сияқты электронды кезек күту жүйесі де жұмыстың сапасының жақсаруына ықпал еткен.

Қандайда бір жағдаймен жол жүруден бас тартқан жолаушының билетін электронды кезекте тұрған келесі адамның сатып алатын мүмкіндік туды. Жаңа жүйе бойынша жолаушы билетін өткізген жағдайда келесі адамның жеке электронды кабинеті мен электронды поштасына ақпарат келіп түседі. Бұдан кейін клиент 2 сағаттың ішінде төлем жасап, өзіне тиесілі билетті алуы керек. Егер клиент белгіленген мерзім аралығында төлем жасамаса, оның өтініші автоматты түрде жойылып, билет келесі адамға өтеді.

Осылайша билет сату жүйесіне енгізілген өзгерістер вокзалда билет іздеп сабылған халықтың «алыпсатарлардың» арбауына түспеуіне ықпал етіп отыр. Тағы да айтсақ, bilet.railways.kz сайтының әкімшілері шамадан тыс жол жүру билетін сатып алуға ұмтылған 60-тан астам қолданушыларды бұғаттаған.

Сонымен қатар топтасқан жолаушылардың өтінішін қабылдау жүйесі автоматтандырылғанын айта кетуіміз керек.

Бұдан басқа бөтен біреудің атымен жол жүру билетін рәсімдейтін алаяқтардың да жолы кесілді. Бір сөзбен айтсақ жол көлігін электронды форматта рәсімдейтін bilet.railways.kz сайты толықтай өзгертіліп, жаңартылды.


Жаңа сайттан кез келген адам барлық маршруттарды бақылай алады. Сайттан жолаушылар әрбір маршрутты жүру уақыты мен әрбір стансаға қай уақытта келетінін үйден шықпай біле алады. Жаңа сайттың ұялы телефондағы мобильді нұсқасы да жұмыс істеп тұр.

Кез келген жолаушы сайттың қызметін пайдаланып, билет сатып алу барысында уақытын үнемдей алады. Егер жолаушының барар жері жақын  болса, ол сайтта отырып билет құнынан жатын орынға қажетті көрпе жастықтың тысын алып тастай алады. Мұндай жағдайда билеттің құны біршама төмендейтіні белгілі.

Сонымен қатар сайтқа тіркелу барысы да мейлінше жеңілдеді. Бүгінде сайтты қолданушылар сайтқа тіркелгенін растайтын номерді жеке поштасын ашып, ұзақ  күтіп отырмайды. Қолданушының сайтқа тіркелгені жайындағы ақпарат сол заматта жолаушының жеке поштасына келеді.

Осындай жұмыстың арқасында алыпсатарлардың жасанды билет тапшылығын тудыру ісіне тосқауыл қойылды.

Билет сату ісін заман талабына сай жетілдірудің арқасында ішкі ревизиялық қызмет те жандана түскен. Бұдан басқа билетсіз жүретін жолаушылар мен рәсімделмеген жүктердің де жолы кесілгенін атап айтуға болады.

Бұған дейін бақылаушы ревизорлар ҚТЖ-ның аумақтық құрылымдарында штатында жұмыс істеп келгені еді. Осылайша олар бір жерде жылдар бойы жұмыс істеп, өкілетті мемлекеттік органдармен тонның ішкі бауындай араласып кеткені жасырын емес.

Соңғы қайта құрылымдаудан кейін ревизорлар штаты толықтай өзгеріп, олар «Жолаушылар тасымалы» АҚ-дан кетіп, компанияның орталық кеңсесіне бағынатын болды. Нәтижесінде ішкі бақылау ісі артып, тәртіп бұзу оқиғалары пышақ кескендей тыйылды.

Бүгінде жүк тиелген вагонды басқару ісі қағаз толтырудан толықтай кетіп, электронды форматқа көшті. Келісімшарт негізінде жұмыс істейтін коммерциялық жұмыстар жүйесі автоматтандырылғалы бері жүктерді жөнелтіп, қабылдап алатын теміржолшылардың жұмысы жақсарып, сапасы артқан.

Алдағы уақытта коммерциялық негізде жүк тасымалдау жүйесін жетілдіріп, жүк жөнелтуді жоспарлау, құжаттарды рәсімдеу, жеткізілген жүктің ақысын төлеу, алдын ала ақпарат беру, шекаралық әрекеттесуде еркін ақпарат алмасу істерін дамыту қолға алынбақ.

Келісімшарт негізінде жұмыс істейтін коммерциялық жұмыстар жүйесі автоматтанғалы бері ел азаматтары жүктері дәл уақытында келетінін және халыққа қолайлы екенін айтып, жұмыс барысын жоғары бағалауда. Қағазбасылықтан бас тартқанның арқасында қажетсіз келісімдерді жойып, жолаушы және жүк тасымалының тиімділігі мен жедел әрекет етуін қамтамасыз етіп отыр. Клиенттің жеке кабинет арқылы ақша аударымдарын бақылау ісі мейлінше жеңілдегенін айта кетуіміз керек.

Алдағы жылы «Адал жол» жобасы аясында жемқорлыққа қатысты тәуекелге талдау, компанияның орталық аппараты мен оған бағынышты құрылымдарда қызметін бағалау ісі қолға алынбақшы. Бұдан кейін сол жұмыстардың нәтижесін басшылыққа алып, жемқорлықты тудыратын жайттарды түбірімен жою көзделуде.


Алдағы уақытта компания мен оның еншілес мекемелері актілер мен бизнес-үрдістің реинжинирингіне ревизия жасайтын болады. Осылайша қазір темір жол саласындағы барлық қызметті электронды форматқа көшіру бағытында қызу жұмыстар жүріп жатыр.

 

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ы мен

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің

Баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x