Оңтүстікте жыл басынан бері 526 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген

Dalanews 21 қар. 2017 15:38 135

Оңтүстік Қазақстан облысында 2017 жылы 10 айдың қорытындысы бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы көлемі 526 мың шаршы метрді (5246 пәтер) құраған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 20,9 пайызға артып отыр. Ал облыс орталығы Шымкент қаласында биыл жалпы аумағы 302 мың шаршы метрлік 5 мыңнан астам пәтер ел игілігіне беріледі. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі брифингте Шымкент қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Әбілсейіт Рабаев мәлімдеді.

Сонымен қатар, «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында облыста құрылысы жоспарланған 231 нысанның жыл соңына дейін 115-ін пайдалануға тапсыру межеленген. Ал ағымдағы жылдың басынан 1-қарашаға дейін 61 нысан пайдалануға тапсырылған. Қалған 54 нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, Шымкент қаласында биыл 201 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

«Айта кетерлігі, Шымкентке жалпы құны 22,5 млрд. теңгеге 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде әкімшілік-іскерлік орталығында 32, арендалық 16, дәл сондай несиелік 16 тұрғын үй салынуда. Бұдан бөлек «Шымкент сити» шағын ауданында жалпы 14 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп келеді», - деді Әбілсейіт Рабаев.

Сонымен қатар, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының директор орынбасары Ақылбек Қоспановтың айтуынша, аталған банк жүйесі бойынша биыл өңірде 982 пәтер пайдалануға беріледі. Ал 2018 жылы «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында облыс орталығы Шымкент қаласында 2500-ге жуық пәтер салу жоспарланған.

[caption id="attachment_32242" align="alignleft" width="367"] Самат Мырзалиевтің фотосы[/caption]

«Ол 3-класстық баспананың шаршы метрі 140 000 теңгені құрайтын болады. Жалпы қазіргі таңда облыс бойынша 57 мыңға жуық салымшыларымыз бар. Ал олардан жинақталған сома 27 млрд. теңгеден асады. Сондай-ақ, баспананы алудың тәртібіне тоқтала кетсек, конкурстан өткен салымшы үйдің жалпы құнының 30 пайызын жинақтау керек.  Қалған 70 пайызын банк 5 пайыздық мөлшермен 6-15 жылға дейін несиеге беретін болады», - деді Ақылбек Қоспанов.

«Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары бойынша халыққа тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру барысында пайыздық үстемелер 5 пайыздан да төмендеп отыр.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x