ЭКСПО игілігі

Dalanews 22 қыр. 2017 14:00 230

Төрткүл дүние көз тіккен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі Қазақстанның технологиялық жаңғыруына негіз болуда. Әсіресе елордамыз Астананы өркендетуде көрме кезіндегі технологияларды пайдалану маңызды болып тұрғаны сөзсіз. Таяуда Астана қаласының мәслихатының кезекті сессиясында қала басшысы Әсет Исекешев ЭКСПО-ның Астананы дамытуға өте пайдалы болғанын атап өтті.



Өз кезегіне сөз алған қала басшысы Астана ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесінен кейін 16 энергетикалық технология енгізілгенін тілге тиек етті. Ол қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында:

– Әкімдік 300 инженерден құралған топты құрып, олар комиссиялық негізде зерттеу жасады және ЭКСПО-ның 110 жобасына талдау жүргізді. Нәтижесінде, олар тоғыз елден технологияның 16 түрін іріктеп алды. Атап айтқанда, Австрия, Польша, Франция, АҚШ, Ресей, Қытай, Литва, Германия мемлекеттеріндегі озық жобалар елордада пайдаға асады деген үміттеміз, –деді. Бұдан бөлек әкім қаладағы энергия үнемдеу мен энергия тиімділікті арттырудың 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленгенін айта келе, жылына бюджеттік секторда қаржы үнемдеу 287,5 млн теңгені құрайтынын да мәлімдеді.

Ал Астана қаласының әкімдігі «ЭКСПО-2017» көрмесінің 16 «жасыл» жобасын іске асырып, оның игілігін көруге тас-түйін дайын екенін мәлімдеді.

Астана қалалық энергетика басқармасының басшысы Бақытбек Жапаевтың айтуынша, ЭКСПО-да 140-қа жуық «жасыл» жоба таныстырылған. Оның ішінде Астанада қолдануға болатындай 16 жобаны таңдап алыныпты. Маңызды жобалардың арасында Ресей, Франция және Польшаның жобалары бар екен. Қазіргі таңда жобаларды инвесторлармен бірге іске асыру бағытында жұмыс қолға алынған.

Ал күні кеше ғана Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «ЭКСПО-2017» көрмесінің идеяларын білім саласына енгізетін жұмыс тобы құрылғанын айтқан еді. Министр көрмеге 55 университет пен ғылыми орталық өкілдері барғанын алға тартқан болатын. Жалпы ЭКСПО-ға қатысқан елдермен 100-ден астам кездесу өтті. 9 меморандумға қол қойылды, университеттер 20-дан астам екіжақты ынтымақтастықтың келісімдеріне қол қойыпты. Осылайша ЭКСПО-2017 көрмесі Қазақстандағы ғылымның дамуына да барынша ықпал еткенін байқаймыз.

Білім саласы жайында айта түссек, енді еліміздегі ұстаздар ЭКСПО-2017 көрмесіне қойылған технологиялар туралы білімді сабақ барысында қолданып, оқушылардың таным көкжиегін арттыра түсетін мүмкіндікке ие болуда. ҚР Білім және ғылым министрлігінің ғылым комитетінің төрағасы Болат Әбдірәсілов бұл жайында: «Үлкен бір топтама білім беру технологияларына арналған. Өте көп экспонат болды, оларды біздің мектептер пайдалана алады. Арнайы ақпараттық алаң құрамыз. Ол негізгі білім беру технологиялары орналастырылатын сайт болатын шығар. Бұл алаң әрбір мектепке қолжетімді болады. Аталған сайт әлемдегі білім беру технологиялары саласындағы жетістіктермен байытылып отырады. Өздеріңіз де білетіндей, қазіргі уақытта білім беру саласында оқулықтарды, технологияларды жетілдіруге бағытталған өте байыпты әдістер пайда болуда», – деді ол.

Комитет төрағасының айтуынша, ЭКСПО-2017 көрмесі алаңында ұсынылған жетістіктер туралы мәліметтерді мектептер мен жоғары оқу орындарының оқу материалдарын толықтыра түсуге үлкен мүмкіндік береді екен.

– Біз ЭКСПО мұрасын жоғалтып алмауымыз керек сияқты. Ғылыми зерттеулер үшін, сонымен қатар білім беру мақсаттарына қажетті барлық мәліметтерді жинақтауға тырысамыз. Бүгінде бізге академиялық еркіндік берілген. Яғни, кез келген оқытушы өз пәнінің мазмұнын, оқыту процесіндегі қолданатын технологиясын, яғни өзіндік технологиясын таңдауға құқығы бар. Бұл білім беру порталы оқытушыларымызға өздерінің сабақ беру әдісін жетілдіруге мүмкіндік береді, – деді Болат Әбдірәсілов.

Иә, ЭКСПО Қазақстан экономикасына, білім, ғылым саласына айрықша серпіліс бергені сөзсіз. Алдағы таяу болашақта біздер оның жемісін жеп, елімізді өркендете түсетін боламыз.

Н.Әубәкір.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x