Шай Моше ПИРОН: "Израильдік студенттер «армандауды үйре­неді»

Dalanews 08 қыр. 2016 05:46 261

 


Шай Моше Пирон – Израильдің танымал саясаткері, Нетаньяхудің үшінші үкіметі құрамындағы Білім министрі болған азамат, раввин, оқытушы. Оның білім саласында қолға алған бастамалары талай сын тезіне алынса да, 2014 жылы жергілікті БАҚ-тардың бірінде жүргізілген сауалнама бойынша, еврей халқының 46 пайызы оны Министрлер кабинетінің ең тиімді мүшесі ретінде таныған. Таяу арада Қазақстанға ат басын тірейтін саясаткер отандық білім жүйесіндегі жаңашылдықтар – «Үштұғырлы тіл» мен кәсіпкерлік білімге қатысты сауалдарға жауап берумен қатар, иврит тілінің «өлі тілдер» санатынан қалай шыққаны туралы «Айқын» газетіне берген эксклюзивті сұхбатында тереңірек тоқталды. 

– Шай Моше Пирон мырза, біздің білуі­мізше, Израиль қашанда шетелдік студенттер қызығатын елдердің қатарында. Сіздердің бі­лім жүйеңіз студенттерді несімен қызық­тырады? 
– Израиль елі білім саласындағы инно­ва­циялар бойынша көшбасшы саналады. Біздің білім беру жүйеміз кәсіпкерлікке мамандар мен құралдарды дайындауға әбден машықтанған, былайша айтсақ, thinkingoutsidethebox үшін, яғни, шексіз және бейқалыпты ойлауға, сондай-ақ, мә­дени және экономикалық процестер мен үрдістерді болжауға бағытталған. Меніңше, израильдік студенттер «армандауды үйре­неді» және бұл жайт әлемдегі білім жүйелері үшін маңызды тауар боп саналады.
Мұнымен қоса, Израильдің алдында тұрған геосаяси қиындықтарға байланысты бүкіл білім жүйесі әлеуметтік ынтымақ­тастық, сәйкестік ұғымы мен әлеуметтік жауапкершіліктен бөліне алмайтындығын терең ұғынады.
– Израильдің білім министрлігін БАҚ-тар мен қоғамның ішінде қандай мәселелер бойын­ша жиірек сынайды? Қай сынды орын­ды деп білесіз, ал қайсысымен келіспейсіз?
– Демократия құрудағы маңызды нәрсе – сын. Кезінде Израильде төмендегідей ре­формалар аса қатты сын тезіне алынды: мек­­тептердегі бастауыш және орта сынып­тарда МЕЙЦАВ салыстырмалы емтихан­дарының алынып тасталуы, елдің діни білім беру жүйесіне енгізілген жаңа­шыл­дықтар, талапкерлер үшін психо­метриялық тесттен өтуді болдырмау, сондай-ақ, аттес­татты алу үшін жоғары сынып оқушыларына үш жыл қатарынан қоғамдық өмірде бел­сенді жұмыс істеуін міндеттейтін бастама, мәселен, қайырымдылық ұйымында ерікті боп жұмыс істеу, тағысын тағылары. Бұл қоғамда резонанс туғызған реформалардың кейбірі ғана, ал мұндай бастамалар же­терлік, себебі, білім жүйесі дәстүрлі түрде ең көп сыналатын салаға жатады.
Меніңше, білім министрі сынға құлақ асуы керек, бірақ сынның оны бақылап ке­туіне жол берілмесе жөн. Ол қоғамның әр­түрлі көзқарастан тұратын әртүрлі бөлігіне ерекше назар аударуы тиіс. Білім министрі мемлекеттің рухани көшбасшысы болуы керек, яғни, білімді реттеуші не клерк бол­мауы тиіс, керісінше, жақсылық пен пайда әкелетін азамат болса игі.
– Қазақстанның білім жүйесімен қанша­лықты таныссыз? Қандай оң және теріс жақ­тарды көріп отырсыз?
– Қазақстанның білім жүйесімен жіті таныспын десем, асырасілтеушілік болар еді. Мен алдын ала жергілікті білім жүйесі­мен танысып көрдім. Егерде, сіздің мемле­кетіңіз бен ондағы ЖОО-лармен үнемі байланыста болсақ, онда, әрине, тереңірек танысуға мүмкіндік туады. Үстіміздегі жыл­дың 8 қыркүйегінде Қазақстан Респуб­ли­касының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Almaty Management University ұйымдастыратын «Білімді дамытудағы болашағы зор модельдер» атты дөңгелек үстелге қатыспақпын. Меніңше, бұл сіздің еліңіздің білім жүйесімен танысуға зор мүмкіндік береді.
Менің білуімше, Қазақстан Болон процесінің жолымен келеді, сондықтан, қазақстандық білім жүйесі үшін бүкіл әлем елдеріндегі түйткілдер мен мәселелер аса өзекті.
– Израильдің атын Startup Nation брен­дімен бұрыннан байланыстырады. Қазіргі таңда бүкіл әлемде израильдік стартап-ин­дустрияның дамуынан үлгі алуға тырысады. Бұл арада «стартап жобалар еліне» айналу жолында білім жүйесінің қандай қызметі болды? 
– Израильдің «стартап ұлтына» ай­налуы­на сапалы білім жүйесінен бөлек, көптеген жүйелі алғышарттар негіз болды. Бұл дегеніңіз – инвестициялық климат, техникалық потенциал, басшылықтың саяси ерік-жігері, тағысын тағылары. Бірақ, мықты білім жүйесі болмаса, мемле­кеттің қарыштап дамуы да мүмкін болмас еді. Менің ойымша, мұндай жүйені қалып­тастыруда бірқатар әсер ету салаларына назар аударған жөн:
a) кәсіпкерлік білім беру жүйесін қа­лыптастыру (өз кезегінде бұл жайт уақыт өткен соң ел ішінде стартаптар санының көбеюіне әкеледі). Жастарды кәсіпкерлікке баулудағы басты мақсат – өскелең ұрпаққа мүмкіндіктерді ашуға, өз бойында кәсіп­керлік қабілет-қарымды дамытуға және іс жүзінде тәжірибе алуға мүмкіндік беру.
b) көптеген білім жүйелері «не?» және «қалай?» деген сұрақтарға баса назар ау­дарса, біз «қалай?» деген мәселемен жұмыс істейміз.
c) баға мен аттестацияны бағамдауды өзгерту, есте сақтауды тексеретін емтихан­дардан түсінікті тестілеуді анықтайтын жүйеге көшу. Бұл дегеніңіз – мағынасыз жат­таудан бас тарту, өз кезегінде бұл оқу­шыларға жаңа материалды тану мен лабо­раториялық зерттеулерге көбірек уақыт береді.
d) Оқу мен оның өзектілігін терең ұғыну.
– Бүгінде Қазақстанда стартаптарды дамытып, кәсіпкерлік білімді енгізумен қатар, жастардың санасында кәсіпкерлік ойлау қабілетін дамытуға тырысып келеді. Біздің елімізге қандай да бір ақыл-кеңес бере аласыз ба?
– Ақыл-кеңестер бермеймін, бірақ сіздің еліңізге әбден «зерделенген оқыту» бағытын ұстануды тілер едім. Меніңше, «зерделенген оқыту» деп аталған реформа өзгерістерді жасауға үлкен негіз бола алады.
Бұған қоса, жастардың өздеріне тән ұрымтал қырларын ұштауға, айрықша қарым-қабілеттерін жетілдіре түсуге, жеке бостандығы мен таңдау сезімін нығайтуға ден қою керек. Білім беру жүйесі шәкірт­тердің жеке қырларының көрініс табуына, бастамашы болуға, кәсіпкерлік ойлауды ынталандыруға итермелеуі керек. Бұл айтқандарымды кәсіпкерлік универси­теттерде жүзеге асыруға болады. Білуімше, елдеріңізде ондай оқу орындары бар. Мысалы, олардың бірі – Almaty Management University, жақын күндері Қазақстанға аталған университеттің шақыруымен келмекпін.
Бұдан бөлек, білімді жай ғана беру ісіне қоса, ақпаратты саналы түрде қабылдау мен оның өзектілігіне мән берілуі керек.
Аталғандарға қоса, пәндердің мазмұны мен үйрету әдістемелерін толыққанды са­раптаудан өткізу керек.
– Қоғамдағы үлкен сын мен наразылыққа қарамастан, қазақстандық мектептерге үш­тілді жүйені енгізбек. 2019 жылдың қыр­күйегінен бастап төрт пән (физика, химия, биология, информатика) ағылшын тілінде, ал гуманитарлық пәндер қазақ және орыс тілдерінде оқытылмақ. Сіздің ойыңызша, бұл қаншалықты дұрыс бастама? Бұл бағдарла­маны сынаушылар қазақ тілінің болашағына алаңдайды. Бұл реформаның нәтижесінде кеңестік заманда жоғалуға сәл-ақ қалған әрі бүгінгі күнге дейін өзінің заңды тұғырына жете алмай отырған мемлекеттік тіл (қазақ тілі) қайтадан теперіш көрмей ме? 
– Қазақтың білім беру жүйесін егжей-тегжейлі зерттеп алмай сұрағыңызға жауап беруім орынсыз шығар. Меніңше, бұл жер­де «неғұрлым азырақ болса, соғұрлым жақ­сы» деген қағиданың арақатынасы маңыз­ды, яғни, бір уақытта тым көп мақсаттың жетегіне ермей, екі-үш басты мақсатқа зейін қою дұрысырақ.
Менің ойымша, түптамырмен, төл мә­де­ниет және тарихпен сабақтаспай, қандай да бір табысқа жетем деу бекершілік. Өзінің өткенімен байланысын үзген қоғам бола­шағын да қалыптастыра алмайды. Тереңіне үңіліп зерделесеңіз, түпқазығыңыз бен әдет-ғұрыптарыңыз шеберлікті ұштау үшін басты құралдар болатынын аңғаруға бо­лады.
– Тіл мәселесі бүгінгі таңда Израильде соншалықты өзекті емес те шығар. Біздің білуімізше, Израиль көне тіл – ивритті қайта қалпына келтірді. Бұл тілді қайта жаңғырту үшін қанша жыл кетті? Әлем бойынша қанша еврей азаматы бұл тілді біледі? 
– XIX ғасырдың соңына дейін иврит «өлі» тіл саналды, десе де ол тұста бұл тілді медицина мен заң тілі ретінде ғана қол­данатын. Бірақ, ол өзара сөйлесу тілі ретінде қолданылмады. Жағдайды 150 жыл бұрын ғана өзгертуге мүмкіндік туды. Мұны жа­саған Элиэзер Бен-Йехуда (1859-1922) бүкіл өмірін ивритті қайта жаңғыртуға арнаған. Ол заманда көптеген еврейлер ивритті білсе де, бала күнінен бастап, ерте жастан ивритте сөйлемеген. Яғни, ивритті қайта жаңғырту үшін дүниеге ивритті ана тілім деп санайтын балалар келуі керек еді. Бен-Йегуда мен оның жұбайы өздері үшін ереже жасады: өз үйінде тек иврит тілінде сөй­лейміз деп уағдаласты, олардың ұлдары Итамар дүниеге келгенде, ол тек қана иврит тілінде сөйлейтін болды. Олардың үлгісімен басқа да еврейлер жүре бастады, нәтиже­сінде, XIX ғасырдың соңына қарай жаңар­тылған иврит Палестина жеріне сенімді түрде тарап кеткені соншалықты, тіпті, 1922 жылдың 29 қарашасында Британ үкіметі Палестинаның еврейлер тұратын аумағында оны ресми тіл ретінде бекітті. 1948 жылдан бері иврит Израильдің мем­лекеттік тілі болып саналады.
Десе де, тілді қайта жаңғырту тарихы мұнымен шектелмейді. Ивритті меңгеру курстары (ульпандар) еліміз тәуелсіздік алған бойда Израильдің Ағарту және мәде­ниет министрлігі мен Еврей агенттігінің қол­дауымен көптеп ашылды. Бірінші ульпан «Эцион» Иерусалимде 1949 жылы ашылды. Бұдан кейін ульпандардың желісі еліміздің түкпір-түкпірінде, тіпті, кибуц­терге дейін (Израильдің кооперативтік ауыл­­шаруа­шылық кәсіпорындары) ашылды.
Әрбір репатриант үшін Израиль мем­лекеті ульпанды оқудың бес айлық құнын өзі төлейді. Ол үшін жаңа репатриант мәр­тебесін алғаннан кейін бір жылдың ішінде ульпанға оқуға түсуі керек. Репатрианттың елге келгеніне бір жылдан астам уақыт өтіп кетсе, онда ол басқа да Израильдің азаматтары сияқты жалпыға ортақ жүйемен ульпанда білім алады, яғни, оқудың құнын өз қалтасынан төлейді.
Бүгінгі таңда Израиль халқының жартысынан астамы ивритті өз ана тілім деп санайды. Тіл – мемлекеттің маңызды да сүбелі қазынасы. Жоғарыда айтқанымдай, біз тілді даму мен жаңаруға кедергі ретінде қарастырмауымыз керек. Меніңше, дұрыс баланс табуға болады.
– Сіз дінге жақын адам екенсіз, раввинсіз. Мектептерде дінтану пәнін беру қаншалықты маңызды? 
– Әркім үшін өзінің тамыры мен ұлттық ерекшелігін, ділі мен бірегейлігін білу және тану маңызды. Сонымен қатар әр адамға таңдау құқын да беруіміз керек. Израильдің білім жүйесі барлық студенттердің Інжілді еврей өмірінің негізі ретінде тану үшін оқуды міндеттейді.
– Білуімізше, сіз көпбалалы әкесіз. Сіздің балаларыңыз қайда оқиды? 
– Менің балаларым Израильдің мемле­кеттік мектептерінде оқып-ақ көптеген жетістіктер мен табысқа қол жеткізді.
Менің ойымша, мемлекеттік білім мен шеберлік, басымдық арасында ешқандай да қарама-қайшылық жоқ. Мықты мемле­кеттік білім беру жүйесі қоғамның руха­ниятын кеңейтіп, мәдени бөлінудің алдын алады және әлеуметтік дифференцианы тереңдетіп, ең бастысы, ұлттық тілді да­мытады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Кәмшат ТАСБОЛАТ


 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x