Намыс формуласы (басы)

Dalanews 01 қыр. 2016 04:57 292

(Social entrepreneur ұғымы. Ерлан Әшімнің мысалы)

Өткен нөмірлердің бірінде social entrepreneur ұғымы туралы сөзімізді бастаған едік. Ол өз қалтасынан бұрын немесе қалтасымен қатар қоғамды да ойлайтын кәсіпкер деп, Генри Фордтың мына сөзін келтіргенбіз: «Адам қоғамға қаншалық пайда тигізсе, тура соншалық табыс табуы шарт». Одан соң social entrepreneur дегенді қазақша әлеумети кәсіпкер деп аударамыз деген едік. Енді осы талапқа сай келеді деп есептеп, екінші кейіпкерді таныстырмақпыз.

[caption id="attachment_19503" align="alignright" width="462"]maxresdefault Кәсіпкер Ерлан Әшім журналистерге сұхбат беріп тұр[/caption]

Бұл кісінің бір зауыты «Nәtige» деп аталады. «Нәтиже Сүт фабрикасында» («Nәtige» сауда белгісін басқаратын мекеменің ресми атауы осылай, орысшаға аударылмайды) темекі тартуға болмайды, алкоголь ішуге тіпті тиым салынған. Ол жерде «отчество» деген ұғым алып тасталған, адамдар бірін бірі аттарымен атайды: Людмила, Азамат, Бекболат. Жас айырмашылығы жоғары болса, ағай, апай деген сөзді қосуға болады немесе ханым, мырза деп те атай алады. Мәселен, Людмила ханым, Бекболат мырза, Азамат ағай...

Кабинет есігіне ілінетін сөздер тек қана қазақша жазылған. Екі-ақ мереке сән-салтанатымен өтеді: наурыз және құрбан айт. Жаңа жыл тойлауға тиым салынған. Ал наурыз өте үлкен ауқымда мерекеленеді (ішімдіксіз). 2016 жылғы ұлыстың ұлы күнін тойлауға 9 миллион теңге жұмсалған.

 

1989 жыл екен. Күндізгі демалысқа босап шыққан, совет армиясының сержанты Ерлан Ашимов (қазір тек қана Әшім деп жазылуын барлық жерде талап етеді) Мәскеуді аралап жүріпті. Сол кезде Калинин деп аталтын даңғылға келгенде сауда жасап жүрген әйелдерді байқайды. Ол кезде үкіметтің дүкендерінен басқа жерде сауда жасау кішігірім қылмыс (контрабанда) болып есептелетін. Тәуекел етіп, барып сөйлесіп көреді. Сөйтсе, спорттық киімдер сатып жүрген поляк әйелдері екен. Сержант өзіне керекті киімдерін сатып алып, әскери бөлімшеге қайтады. Келсе, жақында елдеріне қайтқалы жүрген жауынгерлер бұндай шетелдік киімдерді қайдан алғанын сұрап, өздеріне де тауып беруін өтінеді. Сол кезде болашақ кәсіпкердің қабілеті байқалған. Әлгі поляк әйелдерден аяқ киім мен сәнді спорт киімдерін әкеліп, достарына сата бастайды. Сауданың заңына сай әрекет еткен. Өздері барып, тауып ала алмайтын адамдарға керекті тауарын тиімді бағаға әкеп беріп, ауылына табыс тауып қайтқан.

[caption id="attachment_19504" align="alignleft" width="384"]11 «Нәтиже Сүт фабрикасы"[/caption]

Бұл Ерлан Әшімнің саудаға жағдай жасалмаған заманда тапқан табысы еді. Ол жүйенің құлауына әлі екі жыл уақыт бар-тұғын. Сөйтіп, әскердегі міндетін аяқтаған жас жігіт ауылға оралады. Оның алдында Қарағандының Майқұдығындағы кәсіби-техникалық училищені электрик мамандығы бойынша бітіргені бар, тиісінше ауылына электрик болып орналасады. Бастығы – өзінің алпысқа келген әкесі.

Қазір Ерлан Әшім электрик болып жұмысқа шыққан алғашқы күнін жастармен кездескенде, өмір тарихын баяндағанда қалдырмай айтып жүреді. Өзінің айтуынша, жас кезінде кәсіпкерлік мінезі көрінген екі оқиғаның бірі екен. Былай баяндайды: «Бірінші күн. Ескі жүк машинасына мініп, ауылдан отыз шақырымдай ұзап шықтық. Әкем екеуіміз бос бағаналардың тұсынан түсіп қалдық. Қаз-қатар тізілген, сымы жалғанбаған сегіз метрлік ұзын бағаналар. Соларға сым жалғау керек екен. Әкем «мә, ана «столбаға» шық» деді де, өзі келесісіне кетті. Өмірімде бағанаға шығып көрмегенмін. Бірақ әкемнің айтқаны заң. Оның ойынша, мен оқу оқыдым, демек бәрін білуім керек. Негізінде шахтаның, жер астының энеригия жүйесін оқығанмын, онда жоғары өрмелеуді маған үйреткен жоқ қой. Бірақ шығу керек. Әкемнің бұйрығынан бөлек осыны істей алмаймын ба деген намыс та кернеп барады. Содан не керек, аяғыма темірді байлап алып, қалш-қалш етіп, бағананың басына шықтым. Мен ортасына жеткенде әкем өз бағанасының басына шыққан еді, мен шыққанша сымын байлап болуға айналды. Енді мен де байлайын десем, сымым жоқ! Сөйтсем, қобалжып жүргенде жерге тастап кетіппін. Жалма-жан түстім де, алып қайта шықтым. Екінші шыққанда тез шыққаным есімде».

[caption id="attachment_19505" align="alignright" width="448"]zavod (1) Зауыт құрылысында жүрген Ерлан Әшім (оң жақтан екінші)[/caption]

Бұл оқиға арқылы намыс, жігер, мінез деген ұғымдарды атап көрсетеді. Кәсіпкер болатын адам мойнына жүктелген міндетті атқара алмай қалармын деп ұялады, арланады, намыстанады, содан келіп жігерленіп, өз-өзін қайрап, шыңдалады, солайша мінезі қалыптасады дейді.

Енді екінші оқиғасын қысқаша баяндасақ. Бұл совет үкіметінің құлап, жас Ерланның ауылдағы жұмысынан шығып, қалаға келіп, кәсіп бастап кеткен уақытымен сәйкес келеді (кәсіпті қалай бастағанына алда оралатын боламыз).

90-жылдардың бірінші жартысы. Ерланның екі пештік шағын наубайханасы бар. Күндегісін күнде, таңертеңгілік дүкендерге ыстық нан таратады. Сөйтіп жүргенде бір күні жарық сөнеді. Ол кезде жарықтың ұзаққа сөнуі әдеттегі жағдайға айналған. Сұрастырып көрсе, жарық бір-екі сағатқа не бір-екі күнге емес, бір жарым айға бір-ақ сөніпті. Не істеу керек? Күтіп отырған клиент бар, ертеңге дейін нан пісірмесе келісім бұзылады. Нан пісіру үшін жарық керек... Міне, осы кезде бағанағы намыс пен жігерден пайда болған кәсіпкерге (жалпы жауапкершілікті мойнына ала білетін адамдарға) тән мінез шешуші рөл атқарады. Жанталасып жүріп, кешке дейін қаланың Майқұдық деп аталатын бөлігінен босап қалған балабақшаны тауып, қараңғы түскенше сол жаққа наубайханасын көшіріп үлгереді. Өзі сымдарын тартып, тоғын реттеп, таңға дейін наубайханашылармен бірге жұмыс істейді.

Енді жарықты осылай шештім деп отырғанда, бір аптадан кейін Майқұдықтың наубайхана көшіп барған бөлігінде құбыр қатып, су тоқтап қалады. Қашан дұрысталады десе, көктем шығып, күн жылығанда мұз еріп, өздігінен реттелуі тиіс деген жауап алады. Жарық сөнгенде күрестім, енді шамам жоқ деп тоқтаса, ешкім кінәлай алмайтын жағдай. Бірақ Ерлан соңғы мүмкіндік қалғанша күресуге дағдыланып үлгерген. Майқұдықтың жоғары жағындағы құбыры қатпаған шағын аудандарды аралап, су сұрай бастайды. Ақыры, ауылдан жақында көшіп келген жігіт ағасына тап болады. Ол кісі шайын беріп, қонақ қылып, суды қанша алсаң да, мейлің деп қуантып жібереді. Сол күннен бастап наубайхананың иесі Ерлан Әшім (басында өзі, кейін інілері, қызметкерлері) күн сайын сол қайырымды жанның үйінен қар ерігенше шанамен су тасып шығады.

Сөйткен жас Ерланның – қазір қырықтың бел ортасына шыққан Ерлан мырзаның «Nәtige», «220VOLT» деп аталатын екі компаниясы бар. Екеуін қоса алғанда 800-ден аса адам жұмыс істейді. «Nәtige» сүт өнімдерін шығарады, Қарағандыда сүт өнімдерін ең көп сататын сауда белгісі. Қарағандыдадан бөлек, Астана, Павлодар, Екібастұс, Көкшетау, Жезғазғанның нарығында да бар. «220VOLT» электр бұйымдарын сатады, бұл да Қарағандыдан бөлек, Алматы мен Астанада жұмыс істейді.

Ерлан Әшімнің әлеумети кәсіпкер екенін дәлелдейтін мысалдарға тоқталмас бұрын, оның тарихын айтып кетуді жөн көрген едік, айтып тауыса алмай жатырмыз. Айтуға тұрарлық әңгіме ғой деп, жоғарыда айтылған екі компанияның басталу тарихын да әңгімелейік. Ол енді тіпті қызық әңгіме...

 

(Жалғасы бар).


Арман Әлменбет


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x