Келісі 5 мың теңге тұратын көкжидек пайданың көзі

Dalanews 15 нау. 2016 06:26 348

Қазақстан – аграрлы ел деп көп жағдайда дәнді-дақылдар өсіру ісіне баса мән беретініміз жасырын емес. Ал аграрлық сектордың жетекші тармағы жеміс-жидек саласына да тиісті деңгейде көңіл бөлуіміз керек.  Өйткені еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік шығыс аймағы жеміс-жидек пен бау-бақша өсіруге өте қолайлы. Мұны басты назарда ұстаған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жеміс-жидек пен көкөністі өңдеу ісіне күш салып жүрген ғалымдарға арнайы грант бөліп, қолдау көрсетіп отыр. Таяуда Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің жеміс-жидек кафедрасының меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлфаридат Кампитова ханымға жолығып, бұл бағытта әңгімелесудің сәті түсті. Өз кезегінде білікті маман бізге жеміс-жидек саласының ел экономикасында қаншалықты орын алатынын жіліктеп түсіндіріп берді.

 

dalanews03– Гүлфаридат ханым, жеміс пен көкөніс шаруашылығын дамыту еліміз үшін маңызды сала екенін түсінеміз. Мемлекеттің бұл бағытта қолға алып жатқан жұмыстарына көңіліңіз тола ма?

– Адам өмірінде жеміс пен көкөністің алатын орны ерекше. Қазіргідей экологиялық ахуал асқынған заманда құрамында бай дәрумендері бар жеміс пен көкөністі тұтынып, денсаулығымызды түзеп, аурудың алдын алу өте маңызды. Оның үстіне бұл саланы дамытып, экономикамызды өркендетуге болады.

Осы жайттарды ескерген Үкімет қазір еліміздегі жеміс пен көкөніс саласын өркендетуге барынша қолдау көрсетуде. Бұл бағытта жұмыс істейтін ғалымдарға арнайы гранттар бөлініп, шаруашылықтарға субсидия беріліп жатыр. Сондықтан мемлекеттің аграрлық секторда жүргізіп отырған саясаты өте орынды деп есептеймін.

– Өзіңіз басқарып отырған кафедра ғалымдары да ғылыми жобаларын ұсынып, гранттар ұтып алған шығар?

– Әрине, біздің ғалымдар әр уақытта ізденіс үстінде жүреді. 2012-2015 жылдарға арналған мемлекеттік гранттарды бөлу барысында біздің кафедра ғалымдары 7 грантты ұтып алды. Оның екеуі – ҚР Білім және ғылым министрлігінің гранты болса, қалғаны ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің гранты. Жобаларымыз – апорт алмасын жаңғыртып жаңа көшеттерін дайындау, жылыжайларға қажетті субстраттар әзірлеу, қарқынды бақтар мен жидек дақылдарын өсіру, жемістерді кептірудің жаңа технологияларын ойлап табуға бағытталған. Қазіргі таңда ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесін шаруашылықтармен бөлісіп, олармен қоян-қолтық жұмыс істеп жатқан жайымыз бар.

Осылайша түрлі жеміс-жидектерді өзіміздің топырақтық-климаттық жағдайымызға бейімдеп, жеміс пен көкөніс өсірудің тиімді технологиясын дайындауға барынша күш салудамыз. Сонымен қатар, жүзім шаруашылығын көркейтуге күш салудамыз. Бұл ретте механикалық жағдайға қолайлы жүзімнің жаңа сорттарын дайындадық. Қазіргі таңда еліміздегі жүзімдіктерге техника кіре алмайды. Осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін ғалымдарымыз еліміздегі шаруашылықтармен тізе қосып, жан-жақты жұмыстар жүргізуде.

dalanews02– Көкжидек бойынша мемлекеттік грантты ұтып алып, жұмыс істеп жатқаныңызды білеміз. Бұл дақыл жайында көп білмейміз, көкжидектің еліміз үшін қандай пайдасы бар екенін айтсаңыз?

– Рас айтасыз, көкжидек біздің елімізде аса танымал емес. Сондықтан оның қасиетін көпшілік біле бермейді. Көкжидектің ең басты қасиеті – ол көптеген ауруларды емдеп, алдын алатын дақыл. Бұл өсімдіктің қасиетін білетін бірен-саран адамдар оны саяжайларында өсіріп, жемісін пайдаланады.

– Сонда көкжидек қандай ауруларға ем болады?

– Көкжидек қан қысымы мен асқазан ауруларын емдеуге таптырмас дәрі десем болады. Құрамында В, Р, С дәуірмендері өте көп. Бүгінде Еуропа елдері қатерлі ісік ауруының алдын алуға осы көкжидекті пайдаланып жатыр.

Дамыған елдердің дәрі-дәрмек шығаратын компаниялары көкжидектен көптеген дәрі шығарып жатыр. Сондықтан бұл өсімдіктің емдік қасиеті орасан зор деп нық сеніммен айта аламын.

Қазіргі таңда 1 келі көкжидектің нарықтағы бағасы 5 мың теңгені құрайды. Болашақта еліміздегі шаруашылықтар көкжидекті өсірсе, фармацевтикалық компанияларға сатып, пайда табуына болады. Қазір елімізде көкжидекке қызығушылық танытып, бізбен бірлесіп жұмыс істеп жатқан шаруашылықтар бар.

– Бір келісі 5 мың теңге болса, өте пайдалы өсімдік болды ғой. Елімізде көкжидекті ауқымды көлемде өсіріп жатқан шаруашылықтар бар ма?

– Әзірше көкжидекті гектарлап өсіріп жатқан шаруашылықтар жоқ. Өйткені жидектің бұл түрі елімізде өспейді. Көкжидек негізінен Жерорта теңізі жағалауы елдерінде өседі.

Сол себепті біздер қазір мемлекет тарапынан бөлінген грантқа көкжидекті Қазақстанда жерсіндіру, түрлі сорттарын дайындау және өсіретін субстрат дайындау ісімен айналысып жатырмыз.

Көкжидек топырағының қышқылдылығы 5-6 жоғары сортаң жерде өседі. Ал мұндай топырақтар Қазақстан аумағында кездеспейді. Сондықтан біздер топырақтың қышқылдығын қолдан жоғарылату жұмыстарымен айналысудамыз. Әдетте батпақты жерде балшық кепкен кезде беті тұзданып, аппақ болып қалады ғой. Сол топырақты жинап алып, көкжидек егетін топырақпен араластырып, субстраттың қышқылдылығын арттыруға болады.

Бұдан басқа қылқанжапырақты ағаштардың жерге түскен жапырақтарының үгіндісімен де топырақтың қышқылдылығын көтеруге болады. Осы аталған әдісті Еуропаның шаруалары кеңінен қолданып, көкжидек өсіріп отырған жайы бар.

Бүгінде біздер Польшадан көкжидектің 3 сортын әкеліп, жан-жақты зерттеп жатқан жайымыз бар. Болашақта осы сорттардан Қазақстанның климаттық ерекшелігіне бейімделген көкжидектің жаңа сортын дайындауды алдымызға мақсат етіп қойып отырмыз. Аталған өсімдікті өсірудің агротехникалық тәсілі мен технологиясын дайындағаннан кейін еліміздің барлық аймағына тарататын боламыз.

– Көкжидекті елімізде көбейту үшін арнайы грант ұтып алсаңыздар, бұл өсімдікке сұраныс жоғары болған болды ғой?

– Қазіргі таңда көкжидекті өсіруге жекелеген шаруашылықтар мүдделі болып отыр. Өйткені шаруалар оның бағасына қатты қызығуда. Бұдан басқа көкжидек аяққа енді ғана тұрып келе жатқан фармкомпаниялар үшін үлкен шикізат қоры болмақ. Біз грант алуға өз жобамызды ұсынғанда шетелдік сарапшылар жобамызға жоғары балл қойды. Құзырлы орындарда бұл саланың мәнін түсініп, бізге мүмкіндік туғызды.

Еліміздегі бірлі-жарым шаруашылық басшылар көкжидекті сырт елдерден әкеліп, елімізде жерсіндіруге әрекеттеніп көрді. Бірақ олардың үміті ақталған жоқ.

Алдағы уақытта бұл істі ғылымның көмегімен толықтай шешуге күш салып жатырмыз. Еліміздегі шаруашылықтарда ғылыми-зерттеу жүргізетін маман мен құрал-жабдықтар жоқ. Сондықтан олардың талпынысы сәтсіздікке ұшырап отыр. Алдағы уақытта біздер университеттегі заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған зертханамызда жан-жақты ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көкжидекті өсіретін биотехнологиялық орта мен жаңа сорттарын дайындаймыз.

– Ғалым ретінде айтыңызшы, алдағы уақытта сіздер көкжидекті дәрі-дәрмек жасау бағытында өсірмекшісіздер ме?

– Біз ғылыми-зерттеу жобамызды дайындағанда маркетингтік мәселелерге де көңіл бөлдік. Нәтижесінде көкжидекті фармацевтика, парфюмерия және тағам жасау саласында кеңінен қолдануға болатынына көзіміз жетті. Біздің ғылыми-зерттеу жұмысымыздың басты мақсаты – көкжидекті қазақ жерінде жерсіндіру болып табылады. Ал оны өңдеу мәселесі бірнеше ғылыми-зерттеу жұмысына жүк болады. Қазіргі қолға алған ісіміз – үлкен жұмыстың басы. Алдағы уақытта көкжидекті зерттеу жұмыстарын кешенді түрде жүргізудің маңызы зор деп есептеймін.

Гүлфаридат ханым, көкжидек қандай өсімдік, сипаттап беріңізші?

– Көкжидек бұталы өсімдіктердің қатарына жатады. Бойы 2-2,5 метр болатын көкжидек жемісінің көлемі шие мен алшаның көлеміндей. Жақсы күтім жасаған жағдайда бір түп көкжидектен 10-15 келіге дейін өнім алуға болады. Жалпы, көкжидек Польшада өте көп тараған. Қазіргі таңда Ресей мен Белорусь мемлекеті көкжидекті көптеп өсіруде. Осыдан біршама уақыт бұрын Белорусь мемлекетіне барып, олардың іс-тәжірибесімен бөлісіп қайттық. Алдағы уақытта Польшаға барып көкжидек өсіретін ортаны қалыптастырудың жолымен танысып қайтуды көздеп отырмыз.  

Нұрлан Жұмақанов,

«ҰҒТАО» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x