HONKA Қазақстанда жұмысын кеңейтпек

Dalanews 26 ақп. 2016 07:24 398

Қандай дағдарыс болса да Қазақстан экономикалық тұрғыдан шетелдік инвесторлар алдында тартымдылығын жоғалтқан емес. Біздің бұл сөзімізге ағаштан заманауи үй салуға маманданған Финляндияның HONKA компаниясы еліміздегі жұмысын жандандыруға күш салғаны айқын дәлел бола алады. Күні кеше ғана HONKA компаниясының Финляндия мен Ресейдегі өкілдіктерінің басшылары Алматыда бас қосып, Қазақстандағы жұмысын жандандыруға бекінгендерін ресми түрде мәлімдеді. Көркімен көз тартқан ағаштан салынған әсем үйге қызыққан қауым енді аталмыш компанияның қызметіне жүгіне алады.


Жарты ғасыр бұрын құрылған HONKA компаниясы бұған дейін де еліміздің нарығында Мәскеудегі өкілдерінің нұсқауымен жұмыс істеген болатын. Енді финдердің бетке ұстар компаниясы Алматыда кеңсесін ашып, Қазақстандағы жұмысын кеңейтуге мүдделі болып отыр. Елімізде HONKA-ның алғашқы ағаш үйлері 1990 жылдары пайда болған еді. Қазір концерн Қазақстан нарығына кешенді ұсыныспен және толық ауқымды жобаларды жүзеге асыруға ниетті.


z02


Ендігі жерде қазақстандықтар әлемдік концерн ұсынған барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, заманауи архитектуралық жобалармен айшықталған сәнді үйлерге қолжеткізетін болды.


Журналистер алдында өздерінің алға қойған мақсаттары жайында баяндаған Мәскеудегі компания өкілдігінің директоры Александр Львовский мырзаға тілшілер қауымы «Қазір дүниежүзі дағдарыстың қыспағында қалып отыр. Осындай қиын кезеңде Қазақстандағы жұмыстарыңызды кеңейтуге қалайша тәуекел етіп отырсыздар?» деп сұрады. Өз кезегінде компания басшысы:


– Рас айтасыз. Қазір дағдарыс қай елге болса да оңай тиіп отырған жоқ. Бірақ біздің компанияның жұмысы жалпы нарыққа бағынбайды. HONKA концерні ірі банктер, алпауыт компаниялармен ешқандай байланысы жоқ. Біз жайлы өмір сүруді қалайтын қоғамның сүт бетіндегі қаймақтарына арнап, жанға жайлы үй салуға маманданғанбыз. Сондықтан дағдарыс компания жұмысына кедергі бола алмайды. Қазір Қазақстанда жайлы ағаш үйлерге қызығушылық танытып отырған қалтасы қалың азаматтар бар. Біз соларға өз қызметімізді ұсынатын боламыз, – деді Александр Львовский.


Жиын барысында HONKA компаниясы қазір дүниежүзінде жыл сайын 3 мыңнан астам үй салатындарын алға тартты. Олар өздері салған ағаш үйлерді Мариан аралдарында кездестіруге болатынын айтты. Компания клиенттері арасында көптеген атақты адамдар, соның ішінде Ұлыбритания патшайымы Елизавета II бар екен.


Фин концерні үйлерін 100 пайыздық қарағайдан салатынын алға тартты. Компания ағаш дайындаудың және ағаш өңдеудің жоғары сапасын қамтамасыз етеді. Құрылысшылар ағаш үйдің бөлшектерін жасау кезінде формальдегидсіз желім қолданатынын да айтты.


z03


HONKA компаниясымен дайындалған құрылыс материалдары экологиялығымен ерекшеленеді және аллергия, астмадан азап шегетін адамдарға қолайлы. Ағаш үйлердің барлық бөлшектері (90 пайызы) Финляндияның Карстула қаласындағы зауытта дайындалады екен.


Өнімдерінің 60 пайыздан астамын сырт елдерге шығарып, мол табыс тауып отырған компанияның үйлері зілзалаға шыдамдылығымен де жұрттың назарын аударуда. Өз кезегінде журналистер «Шығыс Қазақстанның таулы аймағындағы қарағайлардан құрылыс материалдарын салу ойда бар ма?» деген сұрағына компания қызметкері Георгий Сидельников Қазақстанда ағаш үйге қажетті құрылыс материалдарын өндіретін өндіріс салатын ойлары жоқ екенін ашып айтты. Ол ағаш үйді салуға Финляндияның солтүстігіндегі қарағайлы ормандардың ағаштары таптырмайтынын алға тартты.


z04


Отандық нарықта жұмыс істеуге аңсары ауған фин концерні болашақта қазақстандық дизайнерлермен бірлесіп, киіз үйге ұқсайтын заманауи ағаш үйлер салу ойларында бар екенін де айтып қалды. Ол үшін компания қызметкерлеріне ұлттық нақышта үй салуға тапсырыс берсеңіз болғаны.


Жиын соңында компания басшылары алдағы уақытта Алматыда ағаш үйлердің коттедждер қалашығын салуға ниеттеніп отырғандарын да тілге тиек етті. Сондай-ақ, олар Алматы, Астана, Шығыс және Батыс Қазақстанда жұмыс істеуге күш салып жатқандарын да алға тартты.


Н.ӘУБӘКІР. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x