Back

Қазақстан – Орталық Азия ғылымын алға бастайтын мемлекет

Жуырда Алматыда «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ мен Thomson Reuters компаниясының ұйымдастыруымен «Әлемдік кеңістікте Орталық Азия елдері ғылымының ынтымақтасуы» атты халықаралық форумы болып өтті. Форум жұмысында отандық ғылыми ортаның ғаламдық ғылыми мәліметтер қорына пайдаланып, ғылымды дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, айтулы шара барысында Орталық Азия елдерінің ғалымдарына алғаш рет «Ғылым көшбасшысы» тәуелсіз марапаты табыс етілді.  

Қазіргі таңда еліміздегі 250-ге жуық жоғарғы оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдары Thomson Reuters және Springer компаниясының беделді ғылыми мәліметтер қорын еркін пайдалануда. Өз кезегінде сөз алып, жиынды жүргізген «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ президенті Әділ Ыбыраев:

Форум– Соңғы төрт жылда Thomson Reuters компаниясының Web of Science Core Collection мәліметтер қорын пайдалану барысында қазақстандық ізденушілердің саны 4 есеге көбейді. 2011 жылы алғаш рет ұйымдастырылған Ғалымдар форумында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық ғалымдардың беделді халықаралық ғылыми мәліметтер қорына шығуы отандық ғылымды дамытудағы маңызды бағыттардың бірі болатын. Қазіргі таңда біздің орталық Елбасы тапсырмасын іске асыруда жан-жақты жұмыстар жүргізіп жатыр. Ғылыми ынтымақтастық аясы кеңейген сайын қазақ ғылымының өрісі кеңейіп, беделді халықаралық ғылыми журналдарға мақала жариялаған ғалымдардың саны артып келеді. Бүгінгі форумның аяғында Web of Science Core Collection ғылыми-мәліметтер ресурсы бойынша жоғары сілтемелік көрсеткішке ие болған Орталық Азия елдерінің ғалымдарына «
» сыйлығын табыстап отырмыз. Осы ретте Орталық Азия бойынша әлемдік ғылыми қоғамдастық тарапынан ғылыми еңбегі жоғары бағаланған 90 пайыздан астамын қазақ ғалымдары құрап отыр. Осы бір қарапайым көрсеткіштен отандық ғылымның даму барысын бағамдауға болады, – деп ойын ортаға салды.

Орталық басшысының сөзіне құлақ асқанымызда қазақ ғалымдарының шетелдік ғылыми журналдарға маңызды ғылыми мақалалар жариялауы отандық ғылымның ынтымақтастық аясын кеңейтіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізуге жол ашатынын алға тартты. Біз өз тарапымыздан ғаламдық ғылыми ақпараттық мәліметтер қорын барынша тиімді пайдаланудың маңызын ғалымдарымыз жете түсінгенін байқадық. Осы үрдіс ЖОО мен ҒЗИ дайындалатын ғылыми-зерттеу жұмыстарын сапалы атқаруға ықпал ете бастағаны анық. Жиынға қатысқанымызда Қазақстанда шығатын 10 ғылыми журнал Thomson Reuters компаниясының WebofScienceofNewEdition ақпараттық ресурсына енуге әрекеттеніп жатқанынан хабардар болдық. Егер отандық басылымдар беделді мәліметтер базасынан орын алатын болса, Қазақстан Орталық Азиядағы ғылымды алға сүйрейтін локоматив мемлекетке айналатыны сөзсіз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстардың жемісті болғанын қалаймыз.

Отандық ғылымның халықаралық ғылыми ақпараттық кеңістікпен байланысын кеңейтуі елімізде инновациялық экономика құрудағы маңызды алғышарт  болып табылатыны белгілі. Жиынның ашылуында сөз алған Thomson Reuters компаниясының Ғылыми зерттеулер мен зияткерлік меншік саласындағы шешімдерді дамыту жөніндегі президенті Дэвид Браун Thomson Reuters компаниясы Қазақстанға инновациялық экономика құруда барынша көмек көрсетіп келе жатқанын алға тартты.

Форум01– Бүгінде өсімдіктер жер шарының түкпір-түкпірінде орын алатын құрғақшылықтан қатты зардап шегуде. Осы ретте Thomson Reuters компаниясының әлем ғалымдарына құрғақшылыққа төзімді дәнді-дақылдардың жаңа сорттарын дайындауға жол ашты. Ғаламдық маңызы зор бұл іске қазақ ғалымдары өз үлесін қосып, бұл бағыттағы жұмыстарға араласты. Бүгінде біздер маңызды ғылыми-зерттеу жұмыстарына терең талдау жүргізіп, оның қорытындысын өз тұтынушыларымызға ұсынып келеміз. Осылайша бізбен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеген елдердің инновациялық экономика құруына қол ұшын берудеміз. Бұл бағытта Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатқанбыз. Алдағы уақытта байланысымызды тереңдете түсуге мүдделіміз, – деді. Осылайша жиынға қатысушылар ғылыми ақпараттарды пайдалануда ауыз толтырып айтатындай жұмыстар атқарғанын алға тартты.

Енді «Ғылым көшбасшысы» марапатына тоқтала кетсек. Бұл марапат Орталық Азия елдерінен шыққан Thomson Reuters компаниясының Essential Science Indicators ақпараттық ресурсы бойынша 2005-2015 жылдар аралығында ғылыми еңбектері жоғары сілтемелік көрсеткішке ие болған ғалымдарға берілді.

Физика саласы бойынша жоғары сілтемелік көрсеткішке ие болған үш жарияланым Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Рәтбай Мырзақұловтың еншісіне тиіп отыр. Ғалым бұл еңбектерін шетелдік әріптестерімен тізе қосып дайындаған. Сонымен қатар Физика-техника институтының ғалымдары Эрнст Боос, Болат Жәутіков, Николай Покровский, Әсет Барақбаев сынды ғалымдарымыз ғылыми авторлық мақалалар дайындап, еңбектері жоғары сілтемелік көрсеткішке қол жеткізді.

Форум05

Назарбаев Университетінің белгілі химиктері Жұмабай Бәкенов пен Әсия Ермұхамбетова канадалық әріптестерімен бірлесіп, аккумуляторлы батарейкаға қажетті жаңа композитті катодтың түрін ойлап тапты. Ал Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің химик ғалымдары Ирина Іргебаева мен Динара Бірімжанова АҚШ пен  Қытайдағы әріптестерімен бірлесіп ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, CO2 құрамындағы газды қосындыларынан флуоресцентті хемосенсорды кең көлемде зерттеген.

Өмір туралы ғылым саласы бойынша еңбектенген медицина мамандары Дәурен Әділбай мен Диляра Қайдарова қатерлі ісік ауруын емдеуге қатысты тың ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұсынды. Қазақ егіншілік және өсімдіктану ғылыми-зерттеу институтының биологтары – Минура Есімбекова мен Айгүл Әбуғалиева және Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының ғылыми қызметкерлері Сәуле Әбуғалиева мен Ерлан Тұрыспековтер бидайдың генетикасын зерттеу турасындағы халықаралық жобаға қатысып, өздерінің мүмкіндіктерін паш етті.

Ұзақ жылдар бойы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген тарихшы-археолог ғалым Виктор Зайберт адамзат баласы ең алғаш, яғни 6 мың жыл бұрын қазақ топырағында жылқы қолға үйретілгенін дәлелдеп берді. Оның ғылыми жұмысы 2009 жылы Science журналында жарияланып, жоғары сілтемелік көрсеткішке ие болған.

Форум07

«Ғылым көшбасшысы» марапаты танымал физик, Өзбекстан Ғылым академиясына қарасты Ядролық физика институтының зертхана жетекшісі Бекзот  Юлдашевқа да беріліп отыр. Ол Үлкен адронды коллайдердің құрамдас бөлшектерін жоспарлау ісіне қатысқан.  Сонымен қатар қырғыз медицина ғылымдарының докторы Талантбек Сооронбаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының демікпе ауруына қарсы күрес іс-шараларына белсене қатысып, тың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көзге түскен. Климаттық өзгерістерді жүйелі зерттеген тәжік ғалымы Әнуар Хамидов пен түркімен физигі Аллаберген Әшірәлиевтің де ғылыми жариялымдары да жоғары сілтемелік көрсеткішке ие болып, «Ғылым көшбасшысы» марапатының иегері атануларына жол ашты.

Нұрлан ЖҰМАҚАНОВ, «ҰҒТАО» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі