Caspian University – ұстаздары марапатталды

Dalanews 28 там. 2015 10:43 236

Кез келген елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат –  Конституция. Биыл Қазақстанның қолданыстағы Ата заңының қабылданғанына 20 жыл толып отыр. Осы бір айтулы шара еліміздің әр аймағында тиісті деңгейінде аталынып өтуде. Таяуда Алматыда Caspian University ҚР Конституциялық Кеңесінің мүшесі, заң саласының майталманы Ілияс Бақтыбаев Қазақстан Конституциясының 20 жылдық мерекесіне орай оқу орында еңбек етіп жүрген білікті заңгерлерге мерейтойлық естелік медалін табыс етті.

Қазіргі таңда Caspian University Әділет жоғарғы заң мектебі білікті заңгерлер дайындауда еліміздегі оқу орындар арасында көш бастап келеді. Білім ордасының осындай биік белестен көрінуіне мұнда заң саласының майталмандарының жастарға тәлім беріп, заман талабына сай білім беру жүйесінің қалыптасқанын аңғаруға болады. Еліміз бойынша заң саласының білгірі Майдан Сүлейменовтың Caspian University ұстаздық етуінен көптеген жайтты аңғаруға болады. Жиын барысында сөз алған Caspian University ректоры Жолдасбек Нүсенов:

Каспий универ.02

– Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 20 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында Ата заңымыз Қазақстан тәуелсіздігінің нығаюына, елімізде демократиялық құндылықтарының қалыптасуына және ел азаматтарының құқының үстемдік құруына негіз болғанын бәріміз білеміз. Сондықтан бұл барша қазақ елі үшін айтулы мереке деп есептеймін. Осы маңызды мерекенің қарсаңында біздің оқу орнымызға ҚР Конституциялық Кеңесінің мүшесі Ілияс Бақтыбаев арнайы келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бұйрығымен дайындалған естелік медалін біздің ұстаздарымызға табыстауға келіп отыр. Алдағы уақытта Ата заңымызды ардақтап, құқықтық мемлекетіміздің барынша нығайтуға бәріміз өз үлесімізді қосатынымызға сенімдімін, – деді оқу орын басшысы. Бұдан кейін сөз алған Ілияс Бақтыбаев өз ойын былайша жалғады:

– Ел Конституциясы мемлекетіміздің алға қарай қарыштап дамуына негіз болған басты құжат. Ата заңда мемлекеттік құрылымдардың, жеке азаматтардың және ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетілген. Осы құжатты басшылыққа алған қазақ елі тәуелсіздік жылдары әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыған мемлекеттердің қатарына қосылды. Caspian University – Қазақстан Конституциясын дайындауға белсене қатысқан білікті заңгерлер жұмыс істейді. Майдан Сүлейменов бастаған ұстаздар қауымы қазіргі таңда заң саласын жетік білетін мамандар тәрбиелеп, құқықтық мемлекетімізді нығайтуға өз үлесін қосып келеді. Сондықтан ҚР Конституциялық Кеңесі осы аптал азаматтарды ел Конституциясының 20 жылдық мерейтойы шеңберінде арнайы құттықтап, мерекелік медальді табыстауды жөн санап отыр, – деп Ілияс Жақыпбекұлы ақ тілегін арнады.

Осылайша мереке қарсаңында Caspian University-дің төрт бірдей білікті заңгері кеуделеріне мерекелік медальді тағып, өз еңбектерін Конституциялық Кеңес мүшелерінің айрықша бағалағанына риза болды. Осы ретте мерекелік төсбелгіге Caspian University жанынан құрылған Жеке заң ҒЗИ директоры, ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Майдан Сүлейменов, Caspian University ректоры, PhD доктор Жолдасбек Нүсенов, Caspian University профессорлары А.Г. Диденко және Ф.С. Қарағұсовтар ие болды.

Өз кезегінде сөз алған М.Сүлейменов:

– Осыдан 20 жыл бұрын, 30 тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Конституция – мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды. Өткен 20 жылдан бері мемлекет пен қоғамның дамуындағы өзгерістер – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарының бәрі – Конституция қағидалары негізінде жүзеге асырылып келеді. Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі. Осындай қысқа мерзім аралығында Қазақстанның Ата заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтіп, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Ал көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 Конституцияның бірі болған. Бұның өзі Конституциямыздың үлкен әлеуетін білдірсе керек, – деді майталман ғалым.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары дамудың әртүрлі сатыларында тұрған, сан алуан әлеуметтік-мәдени, ұлттық және басқа да ерекшеліктері, әр түрлі құқықтық жүйесі бар елдердің Конституциясы басты мәселені – тұрақтылықты нығайтудағы, халықтың әл-ауқатын жақсартудағы және демократияны дамытудағы қол жеткен табыстарын ұғыну маңызды болғанын білеміз. Осылайша білікті заңгерлер ел Конституциясын әзірлеуде Еуропа, Азия, Солтүстік және Латын Америкасы елдерінің озық тәжірибелерін саралап шыққанын білеміз. Бүгінде 20 жасқа толған Конституция тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызды қамтамасыз етіп, елдің бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтып отыр. Конституция тәуелсіздігіміздің кемелденуіне сеп болып қана қойған жоқ, сонымен қатар демократиялық, құқықтық мемлекетіміздің одан әрі беки түсуіне негіз болғанын білеміз.

Нұрлан ЖҰМАХАН

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x