Келімбетов пен Досаевты "Астана ЭКСПО-2017" компаниясындағы қаражат жымқыру ісі бойынша сотқа шақыру сұралды

Dalanews 04 сәу. 2016 22:48 181

"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясындағы қаражат жымқыру ісі бойынша айыпталушылардың бірінің адвокаты Ботагөз Бейсенова Ерболат Досаев, Қайрат Келімбетов және Әнуарбек Мусинді қосымша куәгер ретінде сотқа шақыру туралы өтініш айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Елордадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясынан қаражат жымқыру ісі бойынша басты сот отырысы өтіп жатыр. Бұған дейін прокурорлар ұлттық компаниядағы қаражат жымқыру сызбасын жариялай отырып, айыптау қорытындысын оқыды. Сот отырысы кезінде Талғат Ермегияев өзіне тағылған айыпты мойындамады. Ал 14 айыпталушы тағылған кінәні мойындады. Іс бойынша 23 адам айыпталып жатыр.

"(...) Мен сотқа сол кезде экономикалық даму және сауда министрі қызметін атқарған Досаев мырзаны шақырып, одан жауап алуды сұраймын. Бірінші сұрақ бюджет бойынша: бюджет қалай бекітілді? Актілердің нақтылығы қандай жолмен тексерілді? (…) Досаевтың қолы қойылғаннан кейін әр жарты жыл сайын министрлік министрлер кабинетіне ақпараттық хат жолдап отырды. Онда жұмыстар бөлініп берілді. Бұл компанияның жұмысты толық атқаруына байланысты болып отыр. Мен бұл есепті дайындаған адамды жарияламаймын, дегенмен құжаттарға Досаевтың қолы қойылуына байланысты, ол сотқа шақырылуы тиіс деп есептеймін", - деді Ботагөз Бейсенова.

Сонымен қатар, ол cотқа Миланда өткен ЕХРО-2015 көрмесіндегі Қазақстан ұлттық секциясының бас комиссары Әнуарбек Мусинді және сол уақытта премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған, мемлекеттік комиссияның мүшесі болған Қайрат Келімбетовті шақыруды мәлімдеді.

Судья Әділхан Шайхисламов өтініштің әзірше ашық күйде қалдырылатынын, істің бесінші эпизоды кезінде қосымша хабарланатынын мәлімдеді.

"Айыптаушылардың көбі бесінші эпизод бойынша өтеді, олардың да қорғаушыларын тыңдағым келеді. (…) Бұл өтініш әзірше ашық күйде қалдырылсын", - деді Шайхисламов.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x