Ашаршылық ақиқаты: "Апа, жейтін бірдеңе тауып қайт, әйтпесе өзіңді сойып жейміз"

Dalanews 31 мам. 2017 04:22 767

 

 31 мамыр ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні.  Қызыл империяның қолымен жасалған 1931-33 жылдағы ашаршылық қазақтың басына түскен небір зұлматтан асып түсті.  Осынау топалаңның көзі тірі куәгерлері баяндайтын «Қызылдар қырғыны» кітабындағы жантүршігерлік трагедияларды жариялауды жөн деп шештік. Себебі, мұны ұмытуға болмайды.




  КӨЗІМ КӨРГЕН СҰМДЫҚТАР...

6lHzj70OdWDQlWZopfAoo2a58gZm99Отызыншы жылдың басынан 1935 жылдың аяғына дейін бұрынғы Әулиеата, қазіргі Жамбыл (Тараз) қаласында зооветтехникум директоры болдым...

1932-33 жылғы қыста  ашыққан адамдар қалаға сыймай кетті. Бұлардың көбі Сарысу, Талас ауданынан келген.

Қалаға жақын жерде, Талас өзенінің оң жақ бетінде Свердлов атындағы қазақ колхозы, онымен араласып жатқан «Красная заря» деген орыс колхозы бар-тын. Мені сол жақтарға уәкіл етіп жібереді.

Мен барғанда орыс колхозындағы адамдар үй-жайларын тастап кетіп қалыпты. Қазақ колхозындағы халықта азық жоқ. Алды аштан өле бастаған. Сол кезде ашыққан халық түнде қораға кіріп, малдың сан етін кесіп әкетіп жүрді.

Сол қыста көзіммен көрген жантүршігерлік бірнеше уақиғаларды айтып берейін.

...Бір күні Свердлов колхозына қаладан үш адам келді. Біреуі мені оңаша шақырып алып Алматыдан келгенін, фамилиясы Петров екенін айтып танысты. Ұлты якут екен. Ол менен: «осы ауылда біреу кісі сойып жепті ғой, білесің бе?», – деді. Мен білмейтінімді айттым, шынында да ондайды естіген жоқ едім. Сонсоң ол: «Қазір бір жерді тінтіп көреміз, сойылған адамның қалған еті сол жерде болу керек. Кәне, солай барайық», – деді. Ол кезге дейін өлген кісіні көрген жоқ едім, соны айтып, бармасам қайтеді дедім. Петров күліп: «Қашанғы көрмей жүресің»,  –  деді де мені қолтықтай жөнелді.

       Ауылсовет, колхоз бастығы, бригадирлер бар бір үйдің алдына бардық Петров бір-екі жігітке үй алдындағы күресінді көрсетіп «осы жерді қазыңдар»  деді. Сол жерден жаман тонға ораған адам сүйегі шыға келді, денесі мүшеленген, басы денесінің үстіне салынған, аузы ырсиып, тістері ақсиып тұр. Ернінің үстінде селдірлеу мұрты, иегінде шоқша сақалы бар, жасы қырық-елу шамасында. Петров мүшеленген денені түгендеп, жүрегі мен тағы бірдеңелерінен басқасы түгел екенін айтып, акт жасады.

Оқиға былай болыпты. Меркеде Баянды деген болыс болған. Соның жалғыз баласы ашыққан соң ертеректе осы ауылға ұзатылған апасын іздеп келсе, ол апасы үй-ішімен аштықтан қаңғып кеткен екен. Сонсоң апасының көршісі бір әйелдің үйіне қонады...Келесі күні екінші көрші әйел тауығын іздеп жүріп, әлгі әйелдің қорасының тесігінен қараса, үй иесі әйелдің адам сойып жатқанын көріп, ойбайлап қаша жөнеледі. Ауыл адамдары бұл істі ешкім білмесін деп жасырса керек...

 ...Егіс жұмысы басталған көктем кезі. Бір күні колхозға обком хатшысы Восканов деген келеді. Жер батпақ болғандықтан, фаэтон арбамен келіпті. Сонда арық тазалап жатқан адамдарға қарап, өзі алма жеп тұрып: «өздері аш па, қалай?» дейтін көрінеді.6rSi0263y1aH66Dmokb2cF9it1TMOg

Бір күні егіс басынан келе жатқанда ауылсовет төрағасы кездесті. «Анау шеткі ауылда тағы біреу адам етін жеді деген хабар естіп, соған бара жатырмын. Бірге барып анығын біліп қайталық», –  деді.

Шеткеріректегі үйлердің көбі қараң қалған, тірі жан, не мал жоқ, тіпті иттер де қаңғып кеткен. Шеткерірек бір үйге барып аттан түстік. Үй іші моладай ызғарлы екен. Үйдің оң жақ жанына таман көрпе сияқтанған бірдеңеге оранып, жасы отыздар шамасындағы бір жігіт жалғыз жатыр. Сақалы өскен, көзі шүңірейген. Әлсіреп әрең жауап берді.

Ауылсовет әлгі жігіттен: «біз бір хабар естіп келіп отырмыз, сендерді адам сойды дейді, рас па?» дегенде, ана жігіт азар да безер болды. Ауылсовет: «Әй, пәленше!», – деп жігіттің атын атады. – Өзіңнің жатқан түрің мынау, құдайдан жасырмағанды адамнан жасырып қайтесің, шыныңды айт. «Тоқтық не дегізбейді, аштық не жегізбейді?», бұл аштық жалғыз сенің ғана басыңда емес, елдің бәріне келген апат қой» дегенде ғана ана жігіт біраз күмілжіп барып: «Сондай бір іс болды, отағасы, қайтейін, амалым қалмады», – деді жыламсырап.

Болған уақиғаны жігіт деміге сөйлеп айтып берді. Бұл жігіттің ертеде басқа жаққа ұзатылған апасы аштықтан қаңғып төркініне келеді. Төркін дегенде, басқалары өліп, осы інісі қалады. Бірте-бірте үйдегі азық таусылады. Жерлік ештеңе қалмайды. Сөйтіп отырғандарында қаладан бір баукеспе ұры ағайындары келіп қонады. Жейтін дәнеңе жоқ бәрі де аш жатады. Ертеңгісін апасы ауыл жанындағы «Красная заря» колхозының картоп еккен орнында қалған құтқан түйнек болса теріп келейін деп жиналып жатқанда інісі: «Апа, неде болса жейтін бірдеңе тауып қайт, әйтпесе өзіңді сойып жейміз», – дейді.

t4r1JWG5v6ZLOxghH4LfQ57e41bpTtАпасы түске таман бос қайтады. «Қарағым-ай, жұрт түк қоймаған екен, ештеңе де таба алмадым», дейді. Інісі: «Ендеше, апа, өзіңді соямыз», – дейді. «Қарағым, сен аман қалсаң болғаны, сенің жолыңа мен құрбан», – деп кеңірдегін оттың басына қарай соза бергенде, сол жерде пышағын жанып отырған ұры әйелді тамағынан пышақпен тартып жібереді. Сонсоң әйелдің сан етін кесіп алып, үй иесі екеуі асып жейді. «Қалған еті қайда?» дегенімізде жігіт: «Ұры қорада құлаған жабындының астына тастадым»,  – деген деді. Қораға шығып, жабындының астын ашып қарағанымызда, екі сан еті кесілген орта жастардағы бір әйелдің денесі жатқанын көрдік. Сонсоң ауылсовет адам жинап, әйелдің денесін көмдірді...

Осы күні демографтар сонда қанша адам қырылғанының санына жете алмай жүр ғой, жету қиын да. «Ақтабан шұбырынды» дейміз. «Хиросима, Нагасаки» дейміз, бұл екеуі де жаугершіліктің зардабы ғой.

Ал мына қырғында адамдар көмусіз қалды. Тек Қазақстанда ғана емес, ашаршылық Украина, Еділ, Кубань жақтарында да болды, бірақ олар тап біздегідей шектен асқан жоқ.

Халық осындай күйзеліп аштан қырылып жатқанда, Сталин мұның бәріне бүлк етпей, «социализм құрудың шығындары» деді-ау бір сөзінде.

Ғалым АХМЕДОВ   


(жалғасы бар)     


Смағұл СӘДУАҚАСОВ, Алаш қайраткері:

4-1«Ауылдың жағдайы тым нашарлап кетті. Ауылға коммунистік принциптермен барып соқтығыстық. Бұл ауыл табиғатына жат нәрсе, пайдасынан зияны көп екендігін ескермедік...Бай деп ауыл ауқаттыларына жөн-жосықсыз қысым көрсетіліп жатыр. Оларға қарсы кедейлерді айдап салып, түрмеге жапты...Совет өкіметі патша заманында салынған жолмен кетті...Мұның бар айырмашылығы – кешегі сауатсыз адамдар бүгін бәрін жапырып келеді. Мұны тоқтатпаса болмайды».

 

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x