Сандуғаш Дүйсенова: Халыққа керегі - түзу тұрмыс, жақсы айлық

Dalanews 16 нау. 2023 13:46 251

Алматы мен Жетісу облысындағы қалың бұқара журналист Сандуғаш Дүйсенова жақсы таниды. Іргелес жатқан екі өңірдің түйткілді мәселесін қозғап, тұрғындарға қол ұшын созудан талмай келе жатқан әріптесіміз Мәжіліс сайлауына түсуге бел байлапты

Жұрт оны журналист ретінде таниды.

Сандуғаштың әріптесі Болат Абағанның атап өткеніндей: "Алматы және Жетісу облысындағы қалың ел әділдік іздегенде алдымен Сандуғаш Елубайқызының алдына барады".

Жетісу облысы бойынша №17 бірмандаттық округтен ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығынан үміткер ретінде тіркелген Сандуғаш Дүйсенова Жаңа Қазақстан қабырғасын қалауға әзір екендігін айтады.

Депутаттық міндеті – халықтың мұңын мұқтажын, жоғын билікке жеткізу.

"Тәуелсіздік алғалы журналистиканың отымен кіріп, күлімен шығып келемін. Қарапайым елдің жағдайын, мұң-мұқтажын билікке жеткізу үшін барымды салдым, талай тағдырға араша түстім, шындықтың салтанат құруына ықпал еттім! Алдағы кезде де осы бағыттан жаңылмаймын, ұстанымнан айнымаймын", – дейді әріптесіміз.

Өңірдегі журналистер қауымы Қаңтардың қасіретті күні - Талдықорғанның тағдыры тәлкекке түсіп, иесіз қалған кезде Сандуғаш халықтың қатарында болып, бұзақыларға тоқтам айтып, тонаушыларға тосқауыл болғанын айтады. Оның алаңдағы қирап жатқан ескерткішті түсірген әйгілі суреті әп-сәтте әлемді шарлап, уақыт өте дүниежүзілік деңгейде мойындалып, арнайы сыйлыққа ие болды.

Әріптесіміздің пікірінше өткен отыз жылда ел әділдіктен әбден күдер үзген. Ескі Қазақстанда халық құқық қорғау органдарынан жүрегі шайлығып, соттан түңіліп, биліктен теріс айналған.

"Төртінші биліктің өкілі ретінде әділет іздеп еңіреп жүрген елдің жанайқайына жоғарының назарын аудару менің ең басты – миссиям. Егер депутат болсам сөзім өтімдірек, жұмысым өнімдірек болады. Билікке Парламент трибунасында нақты талап қойып, оны орындатуға тырысамын.

Халық қазір қажып жүр. Жоқшылықтан ыңыршағы шыққан халыққа керегі - түзу тұрмыс, жақсы айлық. Қоғам белсендісі ретінде еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейінгі адамдардың әл-ауқатын жақсартуға ат салысамын. Өйткені, қоғамдағы барлық азамат жақсы өмір сүруге лайықты.


Зорлық-зомбылыққа да қарсымын. Әсіресе бөбектерге қылмыс жасаған айыпкерлерді өлім жазасын қолдануын талап етем.

Қоғамдағы бейбітшілік пен теңдік қазақтың пікірін ескеріп құрылуын талап етемін. Мәжіліске тілін жұтқан депутаттардың түкке керегі жоқ. Мұндайлардың пайдасынан зияны көп. Керісінше, ойы мен тұжырымын батыл айтатын, дәлелдей білетін, қарапайым халықтың мүддесін бәрінен биік қоятын, тиісті тұста талап ете алатын жандар керек", – дейді Сандуғаш Дүйсенова.

Мәжіліс депутаттығына кандидат әріптесіміз бұдан бөлек тұрғындардың білімге, денсаулық сақтауға, экономикалық ресурстарға қолжетімділігін артыру үшін күресуге уәде берді.

* ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына Жетісу облысы №17-ші бірмандатты сайлау округінен үміткер Сандуғаш Елубайқызы Дүйсенованың материал ақысы республикалық бюджет есебінен төленді


 


 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x