Ауыл мен қала арасындағы білім деңгейін теңестіреміз – «Ауыл» партия

Dalanews 16 нау. 2023 03:06 159

«Ауыл» партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Болатбек Қыстауов,  София Әбдіразақова, Ілияс Досқожаев,  Нұркен Қаржаубаев және түрлі деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға кандидаттар Қызылорда облысының сайлаушылармен кездесті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Ауыл» партиясы мен «Мансап» жекеменшік мектебі Қызылорда қаласында ауыл ұстаздарын қолдау мақсатында шара ұйымдастырды.  «Білімді ұрпақ ауылдан» деп аталған осы жиынға «Ауыл» партиясынан Мәжіліс депутаттығына және түрлі деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға кандидаттар қатысты.  Жиында жас педагогтарды ауыл мектептеріне жұмысқа тарту, ауыл мектептерінің ақпаратқа қолжетімділігін арттыру мәселесі талқыланды.

– Бүгінгі ауыл мен қала арасында бірден көзге ұратын айтарлықтай әлеуметтік алшақтық бар. Қала мұғалімдерінде білімін дамыта алатын мүмкіндік мол.

Ауыл және қала жастарына берілетін мүмкіндіктер арасы да жер мен көктей. Жастар болашағын өз ауылымен байланыстыру үшін алдымен тұрақты жұмыс, лайықты еңбекақы, өмір сүруге қолайлы инфрақұрылым, жол, су, газ проблемасы шешілу керек. «Ауыл» партиясының көздегені – ауылға ерекше назар аудару. Ауыл мен қала арасындағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларының қызметтері сапасындағы айырмашылықты айтарлықтай қысқарту.


«Дипломмен – ауылға!», «Ауылға кел, жас маман!» бағдарламасын қайта қарау және оған заман талабына, жастар мүддесіне сай түзетулер мен толықтырулар енгізу. Ауылдарда жастарға арналған шаралар өткізетін, ұйымдастыратын орталықтар мен мәдениет үйлерін, спорт секцияларын ашуға бастамашы болу, – деді жиынға қатысушылар алдында сөз сөйлеген аталған мектеп құрылтайшысы, «Ауыл» партиясынан мәжіліс депутаттығына кандидат София Әбдіразақова.

Кандидаттар білім саласы мамандарымен кездесуден кейін ат басын облыстың Сырдария ауданындағы «Ақжарма және К» шаруа қожалығына тіреді. Қызылорда облысындағы  ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі, күріш және мал шаруашылығымен айналысатын «Ақжарма және К» шаруа қожалығы екі жүзге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Ет және сүт өнімдерінің он сегіз түрін шығарады.

Шаруашылық базасында «Ақжарма агро» және «Ақжарма Инвест» агроөнеркәсіптік кооперативтері құрылған. «Ақжарма Инвест» облыстық слетте «ет және сүт бағытындағы Үздік ауыл шаруашылығы кооперативі» аталымы бойынша үздік деп танылған. Қожалық жұмысымен танысып, оның жетістігіне тәнті болған кандидаттар шаруашылықтың машина ауласында еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Оларға «Ауыл» партиясы сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

– «Ауыл» партиясының негізгі бағыты  – ауыл шаруашылығы саласының қарыштап дамуын қамтамасыз етіп, ауылдардың өркендеуіне үлес қосу. Ауыл мен ауыл шаруашылығы ажырамас ұғым. Олар адам арқауы астың атасы мен анасы.

Ауыл – әр қазақ қастерлеуі тиіс алаштың алтын қазығы. Мұңы бірдің – мүддесі бір. Ауылдың мүддесі – біздің мүддеміз! Мәжіліске барғанда біз бірінші кезекте мемлекеттік органдар тарапынан болатын, агробизнес тиімділігінің төмендеуіне және экспорттың дамуына тікелей немесе жанама қатер төндіретін кез келген шектеу немесе өзге де реттеу шараларын қолдануға тыйым саламыз.


Коммуналдық тарифтерді барлық АӨК нысаны, азық-түлік тауарларын өндірумен, сақтаумен және көтерме сатумен айналысатын шағын және орта бизнес кәсіпорындары үшін өзіндік құн деңгейіне дейін субсидиялауды енгізуге қол жеткіземіз. Отандық бизнесті импорт қысымынан қорғау мақсатында жаңа кедендік-тарифтік саясат әзірлеу күш саламыз, – деді «Ауыл» партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат Нұркен Қаржаубаев.

Кандидаттарды сайлаушылар екі кездесуде де жылы қабылдады. Партияның мақсат-мүддесі өз мұраттарымен үндесетіні айтқан жиынға қатысушылар кандидаттарға сұрақтар қойып, ұсыныстар берді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x