"Ауыл" партиясы азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты ой-пікірін ортаға салды

Dalanews 10 нау. 2023 12:14 245

«Ауыл» партиясынан кандидаттар Ақтөбе облысында ұн және ұн өнімдерін елімізбен қатар Өзбек, Ресей, Түркімен, Гүржі, Ауған елдері нарығына шығаратын «Новоальджан» ұн комбинатының ұжымымен кездесті.

«Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені экономиканы дамыту үшін ғана емес, жалпы мемлекет үшін де маңызды стратегиялық мәнге ие.

«Ауыл» партиясы ауыл шаруашылығы салаларындағы проблемаларды және оларды шешу жолдарын өте жақсы біледі. Бүгінде бізде ауыл шаруашылығы шикізатын өндіруші мен қайта өңдеушілер арасындағы қарым-қатынас нақты реттелмеген. Сол жағдайды дұрыс жолға қою керек. Қайта өңдеу кәсіпорнында айналымдық қаражат жоқ.

Мұндай кәсіпорын құруға үлкен инвестиция керек. Қайта өңдеушілердің табатын пайдасы өте аз болғандықтан оған әркім келе бермейді. Сондықтан бұған мемлекеттік қолдау, яғни субсидия керек. Ең өзекті мәселе осы.


Батыс өңіріндегі мал шаруашылығын кебек тәрізді қайта өңдеуден шығатын мал азығымен қамтамасыз ету керек. Ол үшін өңірде өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындар өте қажет. Осы айтылған мәселенің бәрі «Ауыл» басты назарында.

Біз мәжіліске барған бетте аграрийлер мен отандық азық-түлік өндірушілерін сөзсіз мемлекеттік қолдауға берік кепілдіктер беретін «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылдауды, отандық бизнесті импорт қысымынан қорғайтын жаңа кедендік-тарифтік саясатты әзірлеуді қолға аламыз», - деді ұжымға «Ауыл» партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісіне кандидат Серік Егізбаев.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x