Мәжілісте еңбек адамының мәртебесін көтеруге күш саламыз - "Ауыл" партиясы

Dalanews 11 нау. 2023 11:59 229

«Ауыл» партиясынан ҚР парламенті мәжілісіне кандидат Серік Егізбаев, Ерболат Саурықов, Болатбек Қыстауов, Ілияс Досқожаев пен жергілікті жердегі мәслихатқа кандидаттар Ақтөбе облысына барды. Олар «Айбек» ауыл шаруашылығы кооперативі мен «Новоальджан ұн комбинаты» ұжымымен кездесті.

Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады.

2008 жылы құрылған «Айбек» ауыл шаруашылығы кооперативі кешенді жұмыс істейді. Кәсіпорын құрамында мал өсіру, бордақылау, сою, ет комбинаты, ет бұқтыру, қалбырлау зауыты бар. Ет бағытындағы малды 4 шаруашылық өсірсе, бордақылау алаңында жылына 600 басқа дейін ірі қара бордақыланып, сойылады. Ет бұқтыру зауытында оны қалбырлаумен қатар, тұшпара тәрізді жартылай фабрикаттың 6-7 түрі шығарылады. Аталған зауыттың өз мүмкіндігі тәулігіне 48 мың банк шығаруына шикізат жетімсіздігі қолбайлау болуда. Кәсіпорын бүгінде 80-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

"Ауыл шаруашылығының үлкен көлемдегі аумағы еліміздің батыс өңірінде. Бірақ олар шашыраңқы орналасқандықтан өнімдерін өңдеу орындарына жеткізу өте қиын. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімі шикізатын өңдеуді әлі толық иегере алмай жатқанының бір себебі – осы.

Әр ауданда кем дегенде бір өңдеу мекемесі болу керек. «Ауыл» партиясының мақсаты – шаруашылық өнімдерін өңдеп, сауда-саттық орындарына делдалсыз жеткізу. Ол дегеніміз – қосымша пайда. Өнім шикізат күйінде сатылса ол болмайды.

Қайда өңдеу кәсіпорындары сол үшін керек. «Ауыл» партиясының мақсаты – осы саланың тамырына қан жүгірту. Қайта өңдеу мекемелерін мемлекет тарапынан қолдау деңгейі сұранысқа сай емес. Олар ойдағыдай жұмыс істеп, нәтиже көрсетуі үшін мемлекет оған аямай қаржы салып, көп көлемде инвестиция құю қажет. Бәрін бизнес өкілдерінің мойнына артып, қарап отыруға болмайды.

Мемлекет қолдау тетіктерін жетілдіріп, қайта өңдеу мекемелерін қамтамасыз ету тиіс. Сол кезде ғана экономикалық тиімділік болады. Қайта өңдеуші кәсіпорындарды қолдап, олардың өнімдерінің шетелге саудалануына жағдай жасау керек. Шетелге шыққан тауар валюта әкеледі. Валюта көбейген сайын кәсіпорынның да әлеуеті артып, қосымша жұмыс орнын ашады.

«Ауыл» партиясы Мәжіліске барғанда ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін әлеуметтік аударымдардан басқа салықтардың барлық түрін толық жоюды, еңбек адамының мәртебесін көтеруді бірінші кезекте мәселе ретінде көтеретін болады. 


Жалпы, Ақтөбе өңірінде соңғы жылдары қуаңшылық қатты сезіліп жатыр. Су тапшы, жайылымдар жұтап барады. Осының бәрі партия назарында, — деді кәсіпорын ұжымы алдында сөз алған Мәжіліс кандидаты Ерболат Саурықов.

«Айбек» кәсіпорнынан кейін кандидаттар ұн және ұн өнімдерін елімізбен қатар Өзбек, Ресей, Түркімен, Гүржі, Ауған елдері нарығына  шығаратын «Новоальджан» ұн комбинатының ұжымымен кездесті.

"Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені экономиканы дамыту үшін ғана емес, жалпы мемлекет үшін де маңызды стратегиялық мәнге ие. «Ауыл» партиясы ауыл шаруашылығы салаларындағы проблемаларды және оларды шешу жолдарын өте жақсы біледі. Бүгінде бізде ауыл шаруашылығы шикізатын өндіруші мен қайта өңдеушілер арасындағы қарым-қатынас нақты реттелмеген. Сол жағдайды дұрыс жолға қою керек. Қайта  өңдеу кәсіпорнында айналымдық қаражат жоқ.

Мұндай кәсіпорын құруға үлкен инвестиция керек. Қайта өңдеушілердің табатын пайдасы өте аз болғандықтан оған әркім келе бермейді. Сондықтан бұған мемлекеттік қолдау, яғни субсидия керек. Ең өзекті мәселе осы. Батыс өңіріндегі мал шаруашылығын кебек тәрізді қайта өңдеуден шығатын мал азығымен қамтамасыз ету керек.


Ол үшін өңірде өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындар өте қажет. Осы айтылған мәселенің бәрі «Ауыл» басты назарында.

Біз мәжіліске барған бетте аграрийлер мен отандық азық-түлік өндірушілерін сөзсіз мемлекеттік қолдауға берік кепілдіктер беретін «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылдауды, отандық бизнесті импорт қысымынан қорғайтын жаңа кедендік-тарифтік саясатты әзірлеуді қолға аламыз, — деді ұжымға «Ауыл» партиясынан ҚР парламенті мәжілісіне кандидат Серік Егізбаев.

Одан кейін кандидаттар Ақтөбе облысы Қобда ауданы тұрғындарымен кездесті. Кездесуде партияның халық қолдауымен Мәжіліске барғанда ауыл шаруашылығы жерлерін латифундистердің емес, халықтың пайдасына әділ түрде қайта бөлу мақсатында Қазақстан Республикасының Жер кодексін қайта қарауды, ауыл халқына, яғни еңбек адамына «ел асыраушысы» ретінде ерекше құқықтық мәртебе беру мәселе ретінде көтеретіні және соған қол жеткізетіні айтылды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x