"Байтақ" партиясының белсенділері: "Бізге таза ауа, таза су мен сапалы тамақ қажет"

Dalanews 22 ақп. 2023 11:44 226

«Байтақ» жасылдар партиясының Шымкент қаласындағы филиалынан ҚР Мәжілісі мен қала мәслихатының депутаттығына кандидаттар «Рахат-Шымкент» кондитерлік фабрикасының ұжымымен кездесті.

Олардың Шымкент жұртшылығымен кездесуі партияның Сайрам-Шымкент-Түркістан бағытындағы автобуспен сайлауалды үгіт-насихат жүргізу турнесі аясында өтіп жатыр.

«Байтақ» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Құрмет Керімбековтың айтуынша, Шымкенттен 2 адам Мәжіліске, 8 адам мәслихатқа үміткер екен. Ол «Baytaq» партиясынан Шымкент қаласы мәслихатына үміткер екен.

«Мен Baytaq партиясына идеямен келдім. Өзім кезінде экология саласында ұзақ жыл қызмет еттім. Өмірімнің көп бөлігін экологияға арнадым. «Ақсу-Жабағылы» қорығында жобалар жүргіздім. Бізге таза ауа, таза су мен сапалы тамақ қажет. Бұған дейін бізде соны ойлайтын партия болмады. Біздің партия соны танытатын партия.

Партиямыздың сайлауалды бағдарламасы «Жаңа Қазақстан», «Әділ Қазақстан » және «Жасыл Қазақстан» деген үш үлкен бөлімнен тұрады. Біз жергілікті биліктің халыққа мұқият есеп бергенін қалаймыз.


Әрбір әкім кетерінде есеп беруі керек. Сосын қалада қандай да бір үлкен жобаны жүзеге асырмас бұрын, ғылыми тұрғыдан әбден зерттеп барып, кірісу керек. Бизнеске беретін несиенің пайыздық үстемесін азайтуға ұмтыламыз. Технопарктер ашып, сол жерде аппараттар қойып, адамдарға соны жалға беріп, ісін жүргізуге жағдай жасауды ұсынамыз. Электр энергиясын үнемдеу мәселесін қолға аламыз. Қоғамдық көлік сапасын жақсартып, жылдам әрі қолайлы етуге әрекет етеміз. Сосын Шымкент қаласына жаңадан жылу электр стансасы қажет», — дейді Құрмет Керімбеков.

Кандидаттардың қатарында «Baytaq» партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер Сейдулла Кеңесбайұлы Исмаилов бар.

Ол кездесуде «Рахат-Шымкент» фабрикасының экологиялық жауапкершілігі басқа зауыт-фабрикаларға үлгі болуы керек екенін айтып, Шымкенттегі басқа өндіріс орындарының ауаға зиянды заттар бөлуін азайтуға үлес қосатынын атап өтті.

Кездесуде партияның тағы басқа мүшелері сөз алып, сөйледі. Жалпы «Байтақ» партиясының Шымкент қалалық филиалынан партиялық тізім бойынша кандидаттар қатарында мәслихатқа Данияр Джетписбаев, Аскар Алматов, Ілияс Жақайұлы, Нұрбол Сүлейменұлы, Гүлжайна Қалиева, Халила Сералиева, Нұрлан Аманкулов сынды үміткерлер бар. Бір мандатты округтен Мәжіліске Бахыт Исаев, мәслихат Сергей Ефремов ұсынылған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x