Cоңғы жаңалықтар
Back

Ел аумағында Тоқаевты қолдау жөніндегі 5 мыңнан астам үгіт-насихат іс-шарасы өтті

Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Республикалық қоғамдық штабтың мүшелері өңірлерде сайлаушылармен кездесуді жалғастырып жатыр. Бүгін кандидаттың жақтастары Қарағандыға келіп, өңірдің бизнес-қауымдастығымен, шахтерлерімен және студент жастарымен кездесті.

Қарағанды облысының кәсіпкерлерімен әңгімелесу кезінде РҚШ мүшелері кандидаттың сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан ұлттық экономиканы дамыту және жеке бизнесті ынталандыру жөніндегі басымдықтарды талқылады.

Республикалық қоғамдық штабтың басшысы Ерлан Қошанов құрамына белгілі қоғам қайраткерлері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, сарапшылар, журналистер кіретін РҚШ мүшелері өңірлерде кандидаттың сайлауалды бағдарламасының негізгі ережелерін түсіндіріп, іс-шараларды белсенді өткізіп жатқанын атап өтті.

Үгіт-насихат науқанының алғашқы күндері ел аумағында 5 мыңнан астам үгіт-насихат іс-шарасы ұйымдастырылды.

Өз кезегінде, Республикалық қоғамдық штабтың мүшесі Тоқтар Әубәкіров 20 қарашада қазақстандықтар маңызды таңдау жасайтынын атап өтті.

«Бұл таңдау еліміздің алдағы жеті жылдағы даму бағытын айқындайды. Барша қазақстандықтардың азаматтық белсенділік танытып, сайлау учаскелеріне келгені маңызды», – деді ол.

Сондай-ақ, РҚШ мүшелері Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенттерімен және оқытушы-профессорлар құрамымен кездесіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға және білім беруге қатысты саясатына баса назар аударды.

Бұдан соң, РҚШ мүшелері «Казахстанская» шахтасының кенжарына түсіп, кеншілерге кандидаттың еңбек адамын қолдауға және өндірістердегі қауіпсіздікті арттыруға бағытталған негізгі басымдықтары туралы түсіндірді.

​Осы күні РҚШ басшысы Ерлан Қошанов Ұлы Отан соғысының ардагері, 99 жастағы Есжан Бүркітовтің шаңырағына барды. Қартайғанына қарамастан, ақсақал кандидаттардың сайлау науқанын жіті бақылап отыр.