Шенген қақпасы: Астана мен Брүссел консенсуске келуге жақын

Dalanews 11 қаз. 2023 06:34 908

Жаңа Қазақстан мен Еуроодақ өкілдері визалық режімді жеңілдету бойынша консультация жүргізуде.

DALA INSIDE телеграм арнасының хабарлағанындай Ішкі істер министрі Ержан Сәденов осы мақсатта Брүсселге барып қайтқан.

Еуроодақтың миграция жөніндегі директорат төрағасы Йоханнес Лүхнермен жүздескен Сәденов Шенген визасын жұмсартып, Батыс елдерінің Қазақстанға жылы қабақ танытуын сұраған.

Алайда алмақтың салмағы да бар. Еуропаға емін-еркін кіру үшін Брүсселдің стандартына сай реформа жүргізуге, соның ішінде көші-қон саясатын жетілдіруге міндеттіміз.

"Бізше жеткен мәлімет бойынша Сәденов Лүхнер мырзаға елдегі миграциялық ахуал туралы ақпарат беріп, «жұмыссыз қазақтардың Еуропаға ағылмасына» кепілдік еткен.

Шенген визасының талап-шартын жеңілдету Қазақстанның Батысқа бет бұруына жол ашатын фактор екені ашық айтылған.


Шенген аймағына еркін кірер болсақ, «Қазақстанға санкция салынады» деген 🇷🇺 Ресей пропагандасының аузына құм құйылып, әлгіндей әңгімелер сап тыйылар еді. Десе де, ЕО шенеуніктері бұған қатысты позитив жауап қатуға асығар емес. Брүсселдегі бюрократтар «мұндай тәуекелге барудың қажеті бар ма, жоқ па» деген сауалдың төңірегінде он ойланып, жүз толғануда. Бұлардың арасында қазақ билігімен сөз байласып, «Шенгеннің шаруасын шешіп беруге» уәде еткен лоббистер де отыр", - деп жазады DALA INSIDE

Ал Лүхнер өз тарапынан визалық процесті оңтайландыру бойынша жан-жақты анализ жүргізу керектігін айтқан. Анализ аяқталғасын, екі тараптың өкілдері үстел басына жиналып, Шенген бойынша шешім қабылдайды.

Сәденов осы мәселені алға тартып, Брүсселдің босағасын тоздырған алғашқы шенді емес. Бұған дейін Еуроодақтың ішкі мәселелер жөніндегі комиссары Илва Йоханссонмен жүздескен Мұрат Нұртілеу де Шенгеннің жайын сөз еткен еді. Сыртқы істер министрі виза алудағы қыруар қағаз-құжаттың санын азайтып, виза берудің процессін жеделдету керектігін жеткізген.

«Шенген аймағына кіргісі келетін Қазақстан азаматтары бюрократиялық кедергілерге шырматылып, алтын уақытын жоғалтады », - деп мұңын шаққан болатын Нұртілеу.

Еуропаны шарлағысы келетін қазақтар алдымен виза алуға қажетті өтініш жазуы тиіс. Кейін туристік полис сатып алады, артынша үй-жайы бар екенін растайтын құжат өткізеді, бұдан өзге де машақаты жетіп артылады.

Өзекті ақпаратпен бөлісетін DALA INSIDE телеграм арнасына тіркелуге кеңес береміз: https://t.me/dalainside

https://dalanews.kz/news/93773-sot-deputat-turlykhanovtyng-ulyna-qaty

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар