Башинская депутаттық өкілеттігін өз еркімен тапсырды

Dalanews 02 мам. 2023 12:04 125

Украинаға қатысты даулы пікір қалдырған Алматы қалалық Мәслихатының депутаты, Amanat партиясының мүшесі Анна Башинская депутаттық қызметінен бас тартты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

"Өзімнің ойланбай жасаған әрекетім арқылы мемлекетіміздің сыртқы саясаттағы беделіне көлеңке түсіргім келмейді.

Осы күндері көп ойландым, менің әрекетімді айыптаған көпшіліктің шағымы заңды, түсінемін.

Бүгінгідей аумалы-төкпелі шақта мұндай пікір қалдырғаным орынсыз болды. Осының салдарынан екі елдің арасына сына қаға жаздадым, менің жазбам қоғамның көңіл-күйіне де теріс әсер етті.

Осы орайда партияның ресми ұстанымын толық қолдайтынымды мәлімдеймін. Жауапкершілікті сезіне отыра, депутаттық мандатымды тапсыру туралы шешім қабылдадым. Жерлестерім және партияластарымнан қателік жібергенім үшін кешірім сұраймын", - деп жазды Башинская желідегі парақшасында.

Айта кетелік, бұған дейін "AMANAT" партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров осынау оғаш оқиғаға қатысты пікір білдіріп,  Башинскаяның пікірі партияның көзқарасын білдірмейтінін хабарлаған.

«AMANAT» партиясы өзге елдердің саясатына араласпайды. А.Башинская абайсызда қателікпен жазылған пікірі үшін өз тарапынан кешірім сұрады.


Дегенмен, айтылған сөздің ауыртпалығы мен оның саяси астарын ескере отырып, бұл мәселені партия бей-жай қалдырмайды.
Мәселені тез арада партияның тиісті құрылымдарында қарастыратын боламыз. Әрбір жергілікті мәслихат депутаты өзі тұрып жатқан мемлекеттің мүддесін басты орынға қоюы тиіс", - деді ол.

Бұған дейін Алматы қалалық мәслихатының сегізіші шақырылымының депутаты Анна Башинская Украинаның Қырымды өз бақылауына қайтарғысы келетіні туралы екіұшты пікір білдірген болатын.

“Зеленский мырза, одан да Түркияға шабуыл жасаңыз. Ол жақты жыл бойы ауа райы жылы болады”, – деп пікір қалдырды Башинская Deutsche Welle парақшасында жазба астында.

Кейін ол тағы бір пост жариялап, жоғарыдағы сөзі үшін барлығынан кешірім сұрады.

https://dalanews.kz/ekonomika/88872-home-card-lite-ieleri-osy-zhyldyng-algashqy-3-ayynda-556-m

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x