"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасының механизмі дайын болды - Экономика министрі

Dalanews 31 қаң. 2023 09:26 277

Келер жылы елімізде "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы іске қосылмақ. 18-ге дейінгі барлық балаға жеке есеп-шот ашылып, бұған жыл сайын дивиденд түседі.

Шот операторы ретінде "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" таңдалған.

Экономика министрі Әлібек Қуантыровтың мәлім еткенінде Ұлттық қордан балалардың шотына ақша аудару әдістемесі дайын, өз кезегінде Қаржы министрлігі оның ережелерін әзірлеу үстінде.

"Есепте тұрған 18 жасқа дейінгі балаларға жылдық қорытынды бойынша тиісті инвесткірістің 50 пайызы түседі.

Осы 50 пайыз әр балаға үлестіріледі. Жалпы 6,5 млн бала 18 -ге толғанша осы жүйеде болады.


Тек бір жылдың кірісін ғана қарамаймыз. Біз 18 жылдағы орташа кірісті аламыз. Себебі, 18 жылдың ішіндегі әр кезеңде кіріс оң болуы керек», - деді ол.

Алайда бала 18-ге толған соң азаматтығын ауыстырса, ол бұл ақшаны ала алмайды.

"Бұл ақша басқа балаларға, жалпы Ұлттық қордың ішінде үлестіріледі. Ұлттық қордағы шотынан ақшаны шешіп алғанда оған салық салынбайды", - деді Әлібек Қуантыров.

Қуантыров мұның алдында "бала 18 жасқа толғанша шотындағы ақша құнсызданып кетпей ме?" деген сауалға жауап берген.

"Қаражат құнсызданбайды, себебі ол доллармен аударылады.  Ұлттық қордағы қаражат 100% доллармен сақталады. Өйткені, қордың бүкіл активтері шетелде, яғни шетелге инвестицияланған. Ол да бізге ыңғайлы. Сол үшін солай шоттарға жберілетін болады", – деп түсіндірген еді министр.

Бұған дейін Президент Тоқаев Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын балалардың шотына аударатынын мәлімдеген. Жинақ шотындағы ақшаны олар кәмелетке, яғни 18-ге толғанда ғана ала алады.


"Әрбір отбасы елдің ұлттық байлығын пайдаланғаны үшін нақты табыс алуы керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылы аясында жаңа "Балаларға арналған ұлттық қор" бағдарламасын іске қосуды аса маңызды деп санаймын.


Кәмелеттік жасқа толғаннан кейін олар жинақталған соманы тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсай алады.


Бұл қаражат өскелең ұрпаққа кәмелеттік жасқа шын жолдама береді. Қор шынымен де ұлттық мәртебеге ие болып, халық игілігіне қызмет ететін болады. Осы ауқымды істі жан-жақты зерделеу қажеттілігін ескере отырып, жобаны 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосуды тапсырамын", — деген болатын Президент.

Бұл ретте Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай да Facebook-те арнайы жазба қалдыр­ған.

«Президенттің бастамасымен Балалар жылының аясында «Ұлт­тық қор – балаларға» атты жаңа бағ­дарлама іске қосылады. Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді.

Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады», делінген оның жазбасында.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x