Шәрбану Бейсенова, жазушы: «Бейбітшілік – ең қымбат құндылық»

Dalanews 06 қаз. 2022 14:31 320

Уақыт озған сайын заманмен қатар, саясат та түрленіп, әлемдегі ахуал өзгеріп отырады. Геосаяси шиеленістер көбейді. Соның зардабынан көрші мемлекет Ресейдің халқы қандай жағдайға ұрынғанына куә болдық.

Ел-жұртының басына күн туып, тыныштық орнағанша паналайтын қауіпсіз жер іздеуде. Ежелден көрші екенімізді олар да біледі, сол себепті жерімізге келіп жатыр. Бірақ осындай уақытша дүрбелеңнің кезінде «жағылғанға жұдырық» болмай, қолдағанымыз дұрыс болады. Қолдан келгенше көмек көрсетіп, қамқорлық көрсеткен абзал.

Ертеден-ақ қиналғанға қолын созатын текті жұртпыз. Өткен ғасырда қазақ халқы бірнеше ұлтқа көптеген жақсылық жасады. Солар арамызға сіңісіп, араласып-құраласып, бізбен тату ғұмыр кешті.

Ұрпақтары әлі де халқымызбен ынтымақтасып өмір сүруде. Ешкімді кеудесінен тепкен жоқпыз. Одан еліміз жаман болған жоқ. Көп ұлтқа абыройымыз жетіп, жақсы атымыз шықты. Сондықтан осы сүрлеуден жаңылмағанымыз жөн.


Бес саусақ бірдей емес, ел болған соң түрлі пікір, алуан көзқарас болады. Жалпы, халқымыз ешкімге өштеспейді. Мейірбан, өзгеге қамқор. Мемлекет қауіпсіздік жайын назардан тыс қалдырмай, осы тұста бақылауды күшейту керек.

Тыныштық, бейбітшілік пен ауызбіршілік – еліміздің ең қымбат құндылығы. Оны көздің қарашығындай сақтап, келешек ұрпақтың бейбіт өмірі үшін қызғыштай қорғауымыз тиіс. Еңселі елдің бір өкілі ретінде айтар сөзім – осы. Халықтың амандығы, бала-шағаның жыламағанын сұраймыз. Бұл үшін татулықтан асқан жол жоқ.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x