Cоңғы жаңалықтар
Back

Демократиялық жолмен алға басып келеміз

Алдымызда маңызды кезең – күзде өтетін Президент сайлауы күтіп тұр. Соңғы жылдары елімізде саяси реформалар бағыты қарқын алғанын көріп отырмыз. Бұны жақсылыққа балауға болады.

Жасыратыны жоқ, қазір жан-жағымызға көз тастап, болып жатқан жағдайларды зерделеуіміз тиіс. Осалдық танытуға болмайды. Көрші елдердегі хәлді аңғарып жүрміз. Оның арты не боларын болжау қиын.

Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы шешім қабылдағаны өте дұрыс болды. Осы арқылы сайлаудан кейін саяси жүйемізді ретке келтіріп алып, дамудың жолына кедергісіз түсе аламыз.

Қазір барлығына жол ашық уақыт. Мемлекет үшін қызмет етемін деген адам Президент сайлауына түсіп, қаласа саяси партияларды да оңай құрады.

Биылғы Президент сайлауы еліміздің бүкіл саяси жүйесін қайта жандандыруға жол ашатыны сөзсіз.

Демократиялық жолмен алға басып келеміз. Әділ сайлаудан кейін саясатымыз серпін алып, жаһандық мәселелерде еліміз сүрінбей өтеріне сенім мол. Халық билікке иек артады, сондықтан билік өкілдері ел алдындағы өз жауапкершілігін терең ұғынып, әділдікке негізделген саяси жүйені қалыптастырғаны жөн. Бұл үрдістің бәрі кезең-кезеңімен жүзеге асуда.

Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты