Рейстерді кешіктіргені үшін Air Astana әуе компаниясына айыппұл салынды

Dalanews 25 шіл. 2022 04:50 155

Еліміздің Азаматтық авиация комитеті рейстерді кешіктіргені үшін Air Astana әуе компаниясына айыппұл салды. Бұл жөнінде комитет сенбі күні Телеграм арнасында хабарлады.

«16 шілдеге жоспарланған «Алматы – Мале» рейсінің ұзақ кешігуіне байланысты жедел түрде екі күн ішінде тергеу жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша осы рейстің жолаушылары ұшуды 15 сағаттан артық күткендігі анықталды. Рейсті күту кезінде жолаушыларға «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» ҚР Заңының 86-бабының 1-бөлігінде көзделген қызметтер, атап айтқанда қонақ үйде тұру бойынша қызметтер тиісті түрде ұсынылмаған» деп жазылған комитет хабарламасында.

Әуе компаниясына 1000 айлық есептік көрсеткіш яғни, шамамен 3 млн теңге (6200 доллар) айыппұл салынған.

Осы уақытқа дейін комитетке барлығы 150-ге жуық өтініш келіп түскен. «Олардың әрқайсысы бойынша анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамада көзделген тиісті іс шаралар қабылданатын болады» деп жазылған хабарламада.


Осыған дейін Қазақстанның азаматтық авиация комитеті Air Astana және оған еншілес FlyArystan әуе компаниясы рейстерінің «көп кешіккені» жайлы фактілерді тексеретінін хабарлаған.

Комитеттің айтуынша, Air Astana және оған еншілес FlyArystan әуе компаниясының «Алматы — Мале», «Нұр-Сұлтан — Ташкент» және «Алматы — Қостанай» және өзге бағыттар бойынша рейстерінің кешіккені жайлы жолаушылардан арыз-шағымдар келіп түскен.

Өткен аптада Air Astana әуе компаниясы Мальдив аралдарына ұшатын рейсінің кешігуін ұшу кезінде анықталған ақаумен байланыстырған.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x