Cоңғы жаңалықтар
Back

Путин дағыстандар мен буряттарды соғысқа айдап салуда – сарапшы

Путин ірі қалалардың тұрғындарын соғысқа жөнелтуден қаймығады. Саясаттанушы Дмитрий Орешкиннің айтуынша Ресей диктаторы үшін буряттар мен дағыстандар қан төгіп жүр. 

Бұл туралы Dalanews.kz хабарлайды.

Сарапшының пікірінше соғыстың өтінде жүргендердің арасында Мәскеудің тұрғындарын саусақпен санап аласыз. Есесіне, бұратана ұлттардың өкілдері Путин үшін жанын беруге әзір.

Кремль көсемі ірі қалалардың тұрғындарын әскер қатарына шақырудан сескенеді, мұның соңы ереуілге ұласады деп қауіптенеді.

“Украин жерінде қаза тапқан басқыншылардың көпшілігі Ресейдің шалғай өңірінен шақыртылған азаматтар. Бұлардың басым көпшілігі болашағы бұлдыр, ит байласа тұрмайтын, депрессивті елді-мекендер. Мәскеу секілді мегаполистердің тұрғындары қолын қанға малғанды қаламайды. Путиннің қанқұйлы жоспарын жүзеге асыру Бурятия мен Дағыстанның тұрғындарына жүктелген сынды. Ресейдің ыңыршағы шыққан кедей өңірлер Путинді пір тұтады…” – дейді Орешкин.

Оның атап өткеніндей Ресей тұрғындары Путин шапқыншылығын басыбүтін қолдамайды. Бұған жан-тәнімен қарсы, пропаганданың уағызына алданбайтын, Кремльдің саясатына тісін қайрап жүрген аудиторияның қарасы ұлғайып келеді.

Мәскеу тәрізді ірі қалаларда Ресей агрессиясын тұрғындардың әрі кеткенде 15 пайызы ғана қолдайды. Өзгелері іштен тынып жүр.  

“Путин ірі қалалардан сарбаз шақыртар болса, мұның соңы айғай-шуға, дүрбелеңге ұласады. Өркениетті өмірдің дәмін татып, Батыстың құндылықтарын қабылдаған көзі ашық ресейліктер қолына қару алып, бөгде елдің тыныштығын бұзуға қарсы. Осы себепті де Украин жерінде Кремльдің дотациясында отырған –  шешендер, дағыстандар, буряттар соғысып жүр”, – дейді Орешкин.

Сарапшының пікірінше, бұл құбылысты айтып түсіндіру мүмкін емес. Әдетте, жоқшылықтан, тапшылықтан жүйкесі жұқарған өңірлер патшаның басқыншы саясатына қарсы шығып, соғысқа жұмсалған айлапат ақшаны, халыққа қайтаруды талап етуі керек еді.

Ресейдің жағдайында Кремль көсемі өз пайымы жоқ, пропаганданың дегеніне күмәнсіз сенетін, Путинді құдай санайтын кедей-кепшікке арқа сүйеп отыр. Украин жерінде оққа ұшып, сүйегі көмусіз қалып жатқан дәл осы аудитория.

Тағы оқыңыз:

Украина vs Ресей? Зеленский соғыстың қалай аяқталатынын айтты

Украинаның жеңіске жетуіне мүдделіміз – Ллойд Остин

«BI Group-тың басына бұлт үйірілді». Аурухана мен мектептің құнын қолдан көтерген