Конституциялық референдум – қоғам дамуының кепілі

Dalanews 20 мам. 2022 14:18 146

Бүгін Түркістан қаласында «Конституциялық референдум: қоғам дамуының болашағы» атты «Sarap» эксперттік клубының аймақтық отырысы өтті. Шараны Референдумды қоғамдық қолдау республикалық штабының қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды.

Іс-шара қатысушылары ел дамуындағы Конституцияның рөлі мен Жаңа Қазақстанды құрудағы конституциялық реформаның маңыздылығын талқылады. Алдағы референдумның өткізілуі – талқылаудың негізгі тақырыбы болды. Атап айтқанда, спикерлер өз пікірлерімен бөлісіп, референдумды өткізуді бірауыздан қолдады.

Отырысқа Түркістан қаласы әкімінің орынбасары, Қазақстанның қоғамдық даму институтының сарапшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қызметкерлері, сондай-ақ Zoom платформасы арқылы онлайн форматта Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттері қатысты.

Іс-шара «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Әсем Қайдарованың модераторлығымен өтті.

Әсем Қайдарова өз сөзінде Ата Заңымыздың 30-дан астам бабына енгізілетін өзгерістер мен 20-дан астам қабылданатын заңдар еліміздің ауқымды саяси трансформациясына бағытталғандығын, сондай-ақ саяси жүйемізді түбірімен өзгертетіндігін атап өтті:

 «Енді жаңа парадигмаға сәйкес президенттің өкілеттігі қысқарып, Парламент пен мәслихаттардың рөлі айтарлықтай күшейіп, белсенді азаматтарға саяси аренада жол ашылып, құқық қорғау саласы жүйелі түрде нығаймақ. Айтылған өзгерістерді тиімді жүзеге асыру үшін Конституциялық реформа қажет. Алдағы референдум Мемлекет басшысы айқындап берген «Екінші республиканың» – билік пен қоғам арасындағы байланыстың жаңа, тиімді және теңгерімді моделінің құқықтық негізі. Бұл өте орынды және біз жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік модельдің жаңаруын толықтай қолдаймыз», - деді.


Отырысты Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Кузембаев ашты.

«Ағымдағы жылдың 5 маусымында Референдумның өтуі жоспарлануда. Осыған орай қоғамдық штабтар құрылып, халықты кеңінен хабардар ету мақсатында барлық жерлерде кездесулер өтуде. Бұл референдум заңнама түрінде еліміздің алдағы дамуына бағыт-бағдар беретін өзгерістерге әкеледі. Сондықтан референдумға қатысу әр адамның азаматтық борышы деп есептеймін».



Түркістан облысы «Ақпараттық талдау орталығы» КММ басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сейдулла Айкозов ел қолдаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасын «Жаңа Қазақстанды» құрудың тиімді бір тетігі деп түсіну керектігін айтты:

«Жалпы, қай ел болмасын, ол өзінің Конституциясынан қуат алып, бейбіт тұрғындардың құқығы мен бостандығын сақтап отырады. Демократия деген ұғымның құнын Ата Заңы арқылы арттырады. Ал, ол құнды құжатқа ие болу сол мемлекеттегі әрбір азаматтың міндеті. Сондықтан бұл референдум Қазақстан халқының бес саусақтай бірігіп, теңқұқықты қоғамға негізделген екінші мемлекетті құру жолындағы маңызды қадамы болғалы тұр. Ал, өз Отанын сүйетін әр азамат ел тарихында елелулі орын алатын бұл науқаннан тыс қалмайды деп ойлаймын».

Әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ орталығының стратегиялық талдау тобының жетекшісі Лязат Нұрқатованың пікірінше, Конституцияға енгізілген жаңа түзетулер саяси жүйенің мәнін өзгертеді және билік тармақтары арасындағы қарым-қатынас теңгерімін оңтайландырады:

«Бұл биліктің бөлінуін айтарлықтай өзгертеді. Мысалы, енді Президент облыс әкімдерінің шешімінің күшін жоя алмайды. Бірақ бұл Президенттің әлсіреуін білдірмейді, керісінше әкімдердің жауапкершілігі артқандығын көрсетеді. Парламенттің де рөлі де артады. Сенат өкілдік қызметін күшейтеді, ал Мәжіліс заң шығару үдерісіне толық жауап береді. Конституцияға ұсынылып отырған түзетулер сарапшылар қауымдастығы – заңгерлер, саясаттанушылар, әлеуметтанушылардың ұсыныстары мен ұсынымдарын қамтиды. Қазақстанда референдумға қатысу ерікті болғанымен, мұндай сирек орын алатын саяси оқиғаға қатыспауға негіз жоқ. Ешкімнің ешкімді мәжбүрлеуге де құқығы жоқ. Референдумның негізгі қағидаттарын – оның жалпыға бірдей сипатын, жасырын дауыс беруге қатысудың тең және тікелей құқығын және жариялылығын сақтауы маңызды».

Саясаттанушы Аян Сакошев мәслихат күтетін өзгерістер туралы түсінік берді:

«Елдің басты құжатына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар билікті орталықсыздандыру және өңірлердің дербестігін күшейту үшін құқықтық негіз жасайды. Реформалардың басты бағыттарының бірі – өкілді органдардың жұмысын қайта форматтау. Барлық деңгейдегі мәслихаттар жұмыс форматын қайта құруы керек, депутаттық корпус арқылы халықтың өзекті мәселелері көтеріліп, шешілуі тиіс. Жергілікті атқарушы органдардың нақтылығына қоғамдық бақылауды күшейту, бюджет қаражатын пайдалану жөніндегі тұрақты есептер, мемлекеттік бюджетті нысаналы пайдаланбауға жол бермеу – бұл өңірлерде күшейтілуі қажет негізгі бағыттар. Мемлекет жұртшылықпен бірлесіп, өңірді, қаланы, ауданды дамытудың тиімді моделін әзірлеуі тиіс. Және нәтижеге қол жеткізбеген жағдайда депутаттар бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдардың алдына сұрақтар қоюы қажет. Бірқатар конституциялық түзетулер мен түрлі НҚА-ге енгізілген өзгерістер өкілді органдарға олардың жұмысы үшін жаңа мүмкіндіктер береді».

«Рас, зайырлы, құқықтық мемлекетте барлық мәселе заң аясында шешіледі. Күнделікті кездесетін ұсақ-түйек мәселелерден бастап, күрмеуі қиын күрделі проблемаларға дейін Конституцияны негізге ала отырып түйінін тарқатуға болады. Егер Ата Заңда айбар болмаса, ол бәрінен алда жүрмесе, биік тұрмаса, онда ел ішінде тәртіпсіздік көбейіп, келеңсіз жағдайлар көбейіп кетеді. Сол үшін қабылданатын заң өте байсалды, жан-жақты зерттелген, барынша қамтылған болғаны жөн. Оны жасайтын да өзіміз. Яғни, референдум арқылы әркім өз пікірін айтуға, ой-ұсынысын білдіруге құқылы. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, барынша белсенді болайық», - деді өз сөзінде Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті заң кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты Асқат Есеналиев.


«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ сарапшысы Жақсыбек Жиеналиев бүгінгі таңда әрбір азамат үшін референдум жалпы қазақстандықтардың өміріне қалай әсер ететіні туралы мәселе өзекті болып қалатынын атап өтті.

«Алдағы уақытта Ата Заңымыздың 33 бабына 56 өзгертулер енгізілетін болды. Барлық өзгерістер билік пен қоғам арасындағы байланыстың жаңа, тиімді моделінің құқықтық негізін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жалпы референдумға қатысты қоғамның әртүрлі топтарынан, түрлі салада жұмыс істейтін азаматтардан көптеген сұрақтар қойылып жатыр. Оның өзінің себебі де бар, осы уақытқа дейін «сайлау», «дауыс беру» ұғымдары Президентті сайлау немесе мәслихат, мәжіліс депутаттарын сайлаумен байланысты болды. Ал Ата заңымызға қатысты референдум осыдан 27 жыл бұрын өтті, осы жерде отырған азаматтарымызыдың басым бөлігі бірінші рет референдумға қатысайын деп отыр. Сондықтан алдағы саяси реформаның салмағы басым, мемлекет жүйесінде қалыптасқан  элементтерді қайта жаңғыртуға бағытталған».

Түркістан көпсалалы жоғары медицина колледжінің жастар ісі маманы Бақдаулет Сейтжанов та отырыс барысында өз ойын ортаға салды:

«Депутат және әкімдерді халық сайлауы, ол сол өңірдің дамуын жеделдетеді. Желтоқсан оқиғасында Колвинді болдырмай жергілікті ел адамы қазақ басшы талап еткен болатын. Нәтижесінде тәуелсіздігімізді алдық. Партияларда халық санын 5 000 етіп, халық пен билік арасына көпір орнатылды. Президент партия құрамында болмауы ол демократияның орнауы болып есептеледі. Себебі бүкіл партия тең дәрежеде жұмыс атқара алатын болады. Және халық өзі қалаған партияда өз ойын көрсететін мүмкіндік алады. Партиялар қаншалықты көбейсе олардың жұмыс жасаудағы бәсекелестігі де артып елді дамытатыны сөзсіз».

 «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚБаспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x