Референдумға қарсылықтың артында әулеттің өкілдері тұр - қоғам белсендісі

Dalanews 18 мам. 2022 10:44 242

Маусымның 5-і күні референдум арқылы Конституцияға енгелі отырған өзгерістерді - "Конституциялық төңкеріс" десе болады! Неге? Қараңыз.

Мәселен:

1. 2016 жылы жалпыұлттық Жер митингісіндегі басты талап: "Жер халықтың меншігі! Жер – Ананы сатпаймыз, жатқа жалға бермейміз!" дедік.

Бұл соңы революцияға анық алып келетін бастама еді.

Енді халықтың осы талабы:

"Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады" деп, 6-шы баптың, 3-ші тармағы болып Жаңа Конституцияға енетін болды.

Ата Заңымызға жазылатын осы бір ғана сөздің құдіретінен ешкім, тіпті Президенттердің өзі де, келешекте қазақтың алақандай да жерін сата алмайды. Түсінесіз бе? Бүкіл халықтың рұқсаты керек.

2. Енді кез кезген халық қолдауына шынайы ие адам (мажоритарлық жүйемен) Мәжіліске де, Мәслихатқа да депутат бола алатын жағдай туады. Ал аудан, ауылдық көлемде барлық депутат бұрынғыдай партиялық емес, тек қана мажоритарлық (тұрғындар таңдаған!) жүйемен сайланатын болады. Конституция бойынша.

Ендеше, бұрынғыдай емес, өз уәдесін орындамаған депутатты халық қайта "кері шақырып" алып, мандатынан айыруға да болады: 50-бап, 3-тармақ; 52-бап, 5-тармақ, 3-пункт.

3. Бізді 30 жыл бойы сорлатқан, бір-екеу емес, бүкіл, жаппай ұлттың қанын ішкен Президент туыстары, тіпті "жеті атасы бір" жандар да не билікке, не квазибилікке жоламайтын болады: "43-бап 3 және 4-тармақтары".


4. Конституциялық Соттың "қайтқанының" өзі не тұрады? (23-бап, 2-тармақ.) Ендігі жерде құқығы тапталған кез келген адам Конституциялық Сотқа жүгіне алады.
....

Тоқтайын. Болмаса, осылай ұзақ кете беруге болады. Конституцияға енетін барлық өзгерістің терең мәні, саяси бағасы бар.



Енді қараңыздаршы, бұрынғы Советтен шыққан, тіпті бір емес, бірнеше рет төңкеріс жасаған мемлекеттердің өзі мұндай игі өзгерістерге жете алған жоқ. Қане, кім айта алады, мына мемлекет жете алды деп? Болса, айтсын.

Ел боламыз десек, әр нәрсенің бағасына жете білейік, ағайын. Бұл жерде ештеңені асыра сілтеп отырған жоқпын. Тек ақты – ақ, қараны – қара деп отырмын.

Себебі соңғы уақытта желіде референдумға байланысты пәрменді қарсылықтар бой көрсете бастады.


Бұл "крышасынан" айырылған – "нұрклан" мен Кремльдің табанын жалап байыған топтың ісі. Бұл "армия" өздерінің бірнеше генералынан айырылғанымен, бас қолбасшысысы – Кремль мен біздің биліктегі орта-төмен буын шенділері дін аман, мұрты бұзылған жоқ. "Қаңтар қасіреті" осылардың ісі!

Қазір шетелдегі барлық оппозициясы өкілдері мен Назарбаевтың туысқандары: Дубайда жатқаны, елде жүргені бар, бәрі дерлік бірігіп кеткен.

Мақсаттары – билікті қайта басып алып, қазақты – құл, өздері – Күн болған баяғы патшалық дәуірлерін тағы орнату. Қоғамдағы қазіргі көптеген "қайшылықтарды" қолдан ұйымдастырып отырған – осылар.

Сондықтан қазаққа қазір сақ болмаса, өте қиын. Қазақ әулет өкілдерінің арнайы таратып жатқан ел күйретер жойқын фейк ақпараттарына "тойып" алып, жарқын болашаққа жасалынар игі қадамын өздері қырқып алмауы тиіс.

Жарқын болашақ – өзгерісте. Халықты 30 жыл бойы тырп еткізбеген "темір қалып" қолданыстағы Конституцияны өзгерту – шын мәніндегі, жаңа Қазақстанды құрудың бірден-бір мүмкіндігі.

Енгелі тұрған барлық, түгелдей дерлік (!) өзгерістердің бәрі халыққа өте тиімді. Мұны бұрыс деген адам болса, әдептен озбай, жақсы пікір алмасуға шақырамын.

Геройхан ҚЫСТАУБАЕВ


Автордың рұқсатымен басылды


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x