Референдум шынайы демократияның бастауы бола ала ма?

Dalanews 01 мам. 2022 13:44 184

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум өткізу туралы ұсынысы бұл күндері бұқара тарапынан да, сарапшылар тарапынан да қызу талқыға түсуде. Расымен де Ата заңды өзгертуге халық болып атсалысу елімізде шынайы демократияға бастау бола ала ма?


          Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген Президент референдумның аса маңызды демократиялық институт екендігін айтып, елімізде жаппай халық болып заңға өзгеріс енгізу соңғы рет сонау 1995 жылы өткенін еске салды. Содан бері, міне, 27 жыл өткен екен. Бұл аралықта Ата заңымыз да талай өзгерді. Алайда, «Қалай өзгертейік? Не істейік?» деп қарапайым халықтан сұраған ешкім жоқ. Кез келген өзгеріс депутаттардың қарауына ұсынылып, бірауыздан мақұлдана салатын. Ал араға осынша жыл салып референдумның өтуі – Мемлекет басшысы айтқандай, «Екінші республика» моделіндегі демократияның жарқын көрінісі болатын секілді. Тіпті, бүгінде арнайы жұмыс тобы негізгі заңның 33 бабына түзетулер дайындап та қойған. Ал бұл дегеніміз, Конституцияның үштен бір бөлігі екендігін ескерсек, расымен де Ата заңымызды көптеген өзгерістердің күтіп тұрғанын топшылай беруге болады.

          Дегенмен, жел сөз, жеңіл әңгімеге ерген кейбір жерлестеріміз Ата заңымыздағы өзгертулер мен толықтырулар халыққа не беретінін әлі де толық түсінбейтіндей. Ендеше, біз тарқатып көрелік.

Жер мен оның қойнауы халық меншігінде


«Екінші Республика» деп елді елең еткізген Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетті басқару жүйесінің жаңа моделін де ұсынып қойды. Бұл реформа бойынша Президент құзыры азайып, саяси институттардың, партиялардың және Парламент пен мәслихаттың ықпалдары күшеймек. Әлбетте, мұның барлығы бұқара халықтың белсенді қатысуымен жүзеге аспақ.

Ал Конституциямыздың 6-бапына енетін өзгеріс бойынша, «Жер және оның қойнауы, сулар, өсімдіктер мен жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүргізеді».


Яғни, қазіргі заңнама бойынша «Жер және оның қойнауы...» мемлекет меншігінде екенін ескерсек, жаңа өзгеріс халықтың жерге тең құқылы болуымен қатар, озбырлық орын алмауы үшін халық атынан меншік құқығын мемлекеттің өзі жүргізуі де тәртіпті ұстап тұруға жақсы құрал.

Президент партия мүшесі бола алмайды




Сонымен қатар, 43 бабқа енетін толықтыру бойынша, Мемлекет басшысы ешбір саяси партияның мүшесі бола алмайды. Яғни, бұл өзгеріс барлық партиялардың деңгейін теңестіріп, билік үшін толыққанды талас жүргізулеріне мүмкіндік береді. Ал 26 сәуірден бастап «Amanat» партиясынан шыққан Президенттің бастамасы алдағы уақытта Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитетінің, Конституциялық кеңес төрағалары мен мүшелеріне және әкімдерге де қатысты болатынын ескерсек, болашақта бұл өзгеріс барлық мемлекеттік аппараттың жұмысына оң әсер етіп, жаңа саяси көшбасшылардың пайда болуына септігін тигізуі тиіс.

Сондай-ақ, дәл осы бабқа жүргізілетін реформа бойынша, Президенттің жақын туыстары мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда басшылық қызметтер атқара алмайды. Яғни, отбасылық-кландық басқару жүйесі жойылып, мансапқа ұмтылған кез келген отандасымыздың өз болашағына деген сенімі пайда болады.

Суперпрезиденттік билік жойылады


Жасырын емес, бұған дейін елімізде «Суперпрезиденттік жүйе» орнап келді. Әлбетте, өткен кезеңнің кейбір тұстары үшін бұл да дұрыс болған шығар. Дегенмен, көзі ашылып, көкірегі оянған мемлекетіміз жаңа жүйеге мұқтаж. Бұл туралы Мемлекет басшысыда сөз қозғап, Президент мықты Парламенттің қолдауына иек артатындығын айтты. Бірақ, «Мықты Парламент» дегеніміз біреудің ғана сойылын соғатын құрал емес, жаппай халықтың игілігі үшін жұмыс істейтін құрылым. Осы орайда, Тоқаев Сенатқа ұсынылатын президенттік квотаның санын 15-тен 10-ға дейін қысқартып, оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясынан болуы тиіс екендігін атап өтті.

Сондай-ақ, 51-бапқа енетін өзгеріс бойынша, Мемлекет басшысы Мәжілістегі ҚХА квотасын жоюды ұсынды. Яғни, Мәжілістегі депутаттық орындардың жалпы саны азайғанымен, жоғарғы палатадағы әртүрлі этникалық топтарға қосымша дауыстар береді.


Жалпы, қазіргі қолданыстағы Конституциялық модель Сенатқа Мәжілістен өткен заң жобаларын қабылдау немесе қабылдамау құқығын береді. Ал Президент ұсынған жаңа механизм Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беріп отыр. Яғни, заңнамалық бастамалар тек мәжілісте жүзеге асырылып, заңдарды қабылдау құқығына Мәжіліс ие болмақ.

Бұдан бөлек, Президент жергілікті мәслихаттардың да құқығын арттырып, оларға аймақтың бюджетін бекітуді ғана емес, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауды да ұсынып отыр. Яғни, ұсынылған реформаға сәйкес, Президент әкімдерді мәслихаттың келісімен ғана тағайындай алады.

Депутаттардың тағдыры халықтың қолында




Шыны керек, «Мені сен сайлаған жоқсың» деп халыққа да, журналистерге де дөрекі сөйлеген депутаттар аз емес. Өйткені, қазіргі қалыптасқан жүйе бойынша депутаттар Парламентке партиялық тізім арқылы өтеді. Осы орайда, Президент Мәжіліс пен мәслихатқа депутаттарды сайлаудың аралас жүйесін ұсынып отыр. Яғни, Мәжіліске түсетін  депутаттардың 70%-і партиялық тізім арқылы сайланса, 30%-ін халықтың өзі тікелей сайлай алады. Сондай-ақ, 52-бапқа енгізілетін өзгеріске байланысты сайлаушылар өз депутатының жұмысын бақылап, тіпті уақыт өте келе қайта дауысын кері қайтара алады.

Бұл депутаттардың нағыз халық қалаулыларына айналуға септігін тигізіп, халық таңдаған әр депутаттың жауапкершілігін арттырады.


Әлбетте, өзгерістер мен толықтыруларға ұсынылған 33 баптың барлығын бір мақалаға сидырып, мән-мағынасын бір публикациямен ашып беру мүмкін емес, Ең бастысы, Президент ұсынған референдум еліміздегі шынайы демократияның бастауы болып, «Екінші Республика» моделін құруға серпін болуы тиіс. Бұл дегеніміз, ел болашағын, мемлекет келешегін бір адам емес, жалпы халық болып шешеді деген сөз. Ал сол референдумға белсенді болып араласу немесе бұғып қалу әрқайсымыздың өз қолымызда.

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x