Мәминнің басты қателігін айтқан танымал экономист Тоқаевқа ұсыныс берді

Dalanews 25 сәу. 2022 13:59 213

Мемлекет басшысы белгілі экономист Жақсыбек Құлекеевті қабылдады, деп хабарлайды Dalanews.kz Ақорданың сайтына сілтеме жасап.

Президентке жаһандық геосаяси дағдарыс жағдайында ұлттық экономиканы дамыту жөнінде ұсыныстар енгізілді.

Сондай-ақ мұнай-газ секторының ғылыми-инжинирингтік әлеуетін күшейту мәселелері қарастырылды.

Белгілі ғалым және қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары туралы өз көзқарасын айтты.



Сонымен қатар Жаңа Қазақстан құру аясында мемлекеттік қызметшілер мен экономика саласындағы мамандарды даярлау және қайта даярлау проблемалары талқыланды.

...

Бір кездері Экономика және сауда министрлігін басқарған Жақсыбек Құлекеев Мәмин үкіметін ашық сынаған сарапшылардың бірі. Құлекеев карантин кезінде "Үкімет дағдарысқа бөлінген қыруар қаражатты мүлде басқа жаққа бағыттап жіберді" деп мәлімдеген. 

– Тоқаев енгізген төтенше жағдай сауда-саттық саласы, асханалар, кафелер тұтастай алғанда қызмет көрсету мен ойын-сауық индустриясына да ауыр тиді. Экономиканың шикізаттық емес бағытында бұлардың рөлі зор. Шикізаттық емес портфелдің тең жартысы осылардың үлесінде.

Мәмин үкіметі дағдарысқа бөлінген 300 млрд-ты экономиканың осы секторына арнаудың орнына, жол төсеу мен баспана құрылысына бағыттап жіберді. Халықты жұмыспен қамту үшін жол салуға басымдық беру - ескірген әдіс!


Коронавирус пен мұнай бағасының құлдырауы салдарынан есеңгіреген экономиканы бұлайша сауықтыра алмайсың, – деген болатын Құлекеев.

Сарапшы баспана салуға бағытталған бағдарламалар да экономиканың тамырына қан жүгіртпейтінін айтқан.

"Ұлттық валюта құнсызданып, ел күйзеліске ұшыраған шақта қас қылғандай баспана бағасы да шарықтай бастайды. Табысы төмендеген халық қай ақшасына үй алады? Одан да жұртқа, шағын орта бизнеске көмектескені әлдеқайда қисынды болар еді.

Жалпы жұртты жұмыспен қамтуды кәсіпкерлерге жүктеу керек. Ол үшін бизнестің төбесінен төніп тұрған бюрократияның көзін жойған жөн. 


Қазір жұрт медмаска, антисептик таппай аласұрып жүрміз. Ойлап қараған адамға түк қиындығы жоқ. Маска өндірісін ел көлемінде жолға қоюға екі-үш күн жеткілікті. Антисептиктің әлденеше түрін өндіретін фабрика құруға құрығанда үш күн кетеді. Мәселе, біздің Үкімет кәсіпкерлерге сенбейді.

Мемлекет қазіргі шақта ауадай қажет осы бір өнімдерді субсидияласа, кәсіпкерлер өз кезегінде бағаны өсірмеуге кепілдік берсе, әзіргідей аласапыран туындамас еді, – деген болатын Құлекеев.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x