Ауыр өндірісті бағындырған арулар

Dalanews 05 нау. 2022 09:09 360

Бүгінде нәзік жан иелері қоғам дамуының барлық саласына белсенді атсалысып жүр. Білімді, білікті, мейірімді сонымен қатар батыл, қайсар жандар қажыр-қайрат пен үлкен күш-жігердің иесі екендіктерін дәлелдеп келеді. Мұнай-газ секторында да ел дамуына елеулі үлесін қосып жүрген қыз-келіншектер аз емес.

Мұнайшы – ер азаматқа тән мамандық болып көрінуі мүмкін. Бірақ мұнда сансыз мамандық иелері бір арнаға тоғысқан. Кеңседегі есепшіден бастап, мұнай кеніштеріндегі қыз-келіншектерді қайнаған еңбек ортасынан көресіз. Олар отбасында қандай мейірімді, жауапты болса, өз жұмыстары мен міндеттеріне де тура солай қарайды және оны шын жүрекпен атқарады. Бүгін біздің мақаламыз осындай еңбек иелеріне – мұнайшы аруларға арналады.

 

«Ер адамдар электрик екеніме сенбейді»

Еліміздің мұнай саласында ойып тұрып орын алатын «Ембімұнайгаз» компаниясында екі электрик әйел жұмыс істейді. Өндірістегі электр жабдықтарын жөндейтін және қызмет көрсету электр монтері болып жүрген Бибігүл Ұлжанова мен Сәуле Үмбетаеваның ерекше мамандығын қарапайым қыз-келіншектер біле бермейді. Тек қыздар емес, жігіттер де таң қалады.

«Мен не істеймін? Әрине, көп адам осы сұрақты қояды. Мен өндірістің тоқтарын жалғаймын, дәнекерлеймін, ұңғымалардың электр қуатын тексеремін. Мені көрген ер адамдар электрик екеніме сенбейді», - деп бастады Бибігүл Ұлжанова әңгімесін.

Сенбегені соншалық, Бибігүл ханымның айтуынша, ер жігіттер үймелеп, оның тоқ жалғаған сәтін қызықтайды екен.

«Бірде жұмыс орнымда отырсам, жас бала келіп, «апа, электрикті шақырыңызшы» деді. Жақсы деп қолыма құралымды алып келе жатсам, «жоқ, сіз емес, электрик керек» дейді. «Айналайын, мен электрикпін» деп жұмысымды істедім. Бір қарасам, ерлер жиналып алған, өмірімізде электрик апаны бірінші рет көріп тұрмыз деп таң қалды», – дейді езуіне күлкі үйірілген ол.



Бибігүлдің айтуынша, әріптесі Сәуле екеуін ұжымның ер адамдарды бөліп-жармайды. Ең қызығы, Бибігүл Ұлжанова да, Сәуле Үмбетаева да бала кездерінен осы мамандыққа қатты құмар болған.

«Бала кезден ұл сияқты өсіп, осы топққа қызыққанымнан да шығар, ер адамдармен тіл табысуым оңай. Үйдегі ескі теледидарды жөндеп, шамдарын қосып үйренгім келетіні есімде», – дейді кейіпкеріміз.

Ал, Сәуле Үмбетаеваны бесаспап ана деуге әбден болады. Жұмысындағы жауапкершілікті ұмытпайтын ол үйде жолдасымен бірге бау-бақша өсіріп, қысы-жазы жемісін жеп, рахатын көреді.

«Жұмысымыз жауапты, өйткені электр қуаты болмаса, мұнай алынбайды. Ұңғымалардағы, өндірістегі бүкіл электр жүйесін тексереміз», – дейді Сәуле апа.



14 күн бойы осылай электр жүйесін тексеруден «көз ашпайтын» Сәуле үйіне келгенде қол құсырып қарап отырмайды екен.

Осындай ауыр жұмыстан демалған кезде Сәуле ханым жолдасымен бірге бау-бақша өсіріп, жыл он екі ай тек қолдан өсірген жеміс-жидек жейді.

«Жолдасыммен бірге алма, алмұрт, абрикос, жүзім өсіреміз. Көбінесе, бау-бақшаға жолдасым қарайды. Ал мен жұмыстан қолым босаған демалыс күндері қарайласамын», – деп Сәуле Үмбетаева қолдан өскен жемістің дәмі ауыздан кетпейтінін айтты.

 

«Ана жолын қуып, мен де мұнайшы болдым»

Келесі кейіпкерлеріміз Маңғыстау өңірінде ата жолын қуып, мұнайшылар әуелетін жалғастырып жүрген азаматша. Мұнайшылар өңіріне аты кеңінен танымал Халел Амандәулетовтың қызы, қазір «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамында мұнай және газ өндіру операторы Гүлшат Амандәулетова ата-ана жолын жалғастырып келеді.

Аяулы анасының жұмысын еске алған Гүлшат бала күннен мұнайшылар арасында өскендіктен ата-анасының жұмысына қатты қызыққаннан алға тартады. Қыстың суығында, жаздың ыстығында қолына сынама алатын ыдысын алып, басына каска киіп кең далада жүрген сәті «ең бақытты сәттерім» дейді ол.



«Менің анам да, әкем де мұнайшы болған. Бір қызығы – менің қазіргі қызметім анамның жұмысына өте ұқсас. Кезінде анам қанша мұнай алынатынын есептейтін. Қазір менің қызметім – ұңғымалардан арнайы ыдысқа сыналатын өлшемін алып, ол ұңғымадан шығатын мұнай көлемін есептеу. Яғни, сағатына қанша мұнай өндіріліп жатқанын есептеп, геологтарға тапсырамын», – деп түйіндеді әңгімесін Гүлшат ханым.

 

 

«Ақайшаның «қара алтынға» сіңірген еңбегі»

Мұнай саласында еңбек өтілі ең көп нәзік жандылардың бірі – Ақайша Құшбаева. «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында мұнай және газ қазу инженері болып жұмыс істейтін Ақайша Құшбаева сонау 1978 жылдан бері мұнай ұңғымаларына сараптама жасап келеді.

Елестетіп көріңізші, 43 жыл бойы мұнай сіңген «ауаны» жұтып, ұңғымадан ұңғымаға шаршамай, талмай жүгіру үшін қандай ерік-жігер керек десеңізші!?



Төрт бала өсіріп, немере сүйіп отырған Ақайша әже жазда зейнетке шыққан соң ең алдымен сол немерелерінің қызығына тоймай, жандарында болуды армандайды. Оның айтуынша, мұнайшының қызметін кез келген адам, әсіресе, нәзік жанды әйелдер арқалап жүре алмайды.

«Рас, мұнай-газ өнеркәсібі саласында жұмыс істеу – қыз балаларға оңай емес. Кен орнында көбіне ер адамдар жүреді. Десек те қыз-келіншектер бұл салада жемісті еңбек келеді», – дейді ол.

Міне, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорындарындағы қыз-келіншектер өмірінің көп бөлігін мұнай саласының дамуына арнап, ерлерден қалыспай еңбек етіп, тер төгіп келеді. «Қара алтынды» игеріп, оны тұтынушыға дейін жеткізу үшін еңбек етіп жүрген аналарымыз барша әйел қауымын көктем мерекесімен шын жүректен құттықтайды!

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x