«Бар үмітіміз сізде». Талғардың қоқыс тасымалдаушылары Тоқаевтан араша сұрады

Dalanews 18 қаң. 2022 12:53 290

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев мырзаға Алматы облысы Талғар ауданының күл-қоқыс тасымалдаушыларынан


 

Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!


          Біз, Талғар ауданының күл-қоқыс тасымалдаушылары және ИП «Жан-Ару» күл-қоқыс сұрыптаушылары. Біздің жан айқайымыз бен осы жолдауымыз Сізге жетеді деп ойлаймыз. Сіздің Қазақстан халқына жасап жатқан игілікті ісіңізге көптен көп рахмет! Жұмыс берушілер бізге жалақыларын уақытылы төлейді. Жеке кәсіпкер Айжігітов Бақтығали Сақымқожұлы жетпісті алқымдаған зейнеткер. Зейнеткер жасына қарамай әлі жұмыста, сұрыптау станциясын ашып бізге жұмыс беріп отыр. Ең бастысы мектептерге арнап атаулы тұлғаларға бағдарлама жазып, балалар тәрбиесіне араласып жүрген жан. Өз қаржысына мектепке арналған кітаптар жазып, оны мектептерге тегін таратып жүр. Сұрыптау станциясын 2021 жылы 15 қаңтарда ашты. Содан бері тоқтаған емес, жалақыларымызды уақытылы аламыз. Ауданға Әбдіханов Қайдар Әлиханұлы әкім болып келгелі бізден тыныштық қашты. Тексерістен көз ашпадық. Еститініміз «жабайын деп жатыр» деген сөз. Бір рет өзі келгенде оны өз аузынан естідік. Үлкен кісіні боқтап, неше түрлі сөз айтты. Сондай әкім бола ма?

Жанымызда (10 метр жерде) полигон бар, бізді жауып соған кіргізбекші (иесі естуімізше бұрынғы прокурор).

Қайдар Әбдіхановтың әкесі Әлихан Тойбаев бұрын Талғар ауданының әкімі, облыс әкімінің орынбасары болған. Ағасы Тойбаев Кеңдала селолық округінің әкімі, одан кейін аудан әкімінің орынбасары, жер комиссиясын басқарған.

Өзі Кеңдала селолық әкімдігін басқарған, ағасының орнына. Кейіннен ағасы зейнеткерлікке кеткенде соның орнына аудан әкімінің орынбасары, жер комиссиясын басқарған. Сонда бұл жең ұшынан жалғасқан жемқорлық емей немене? Естуімізше, Кеңдала селолық округынан осы тұста бәленше гектар жер шығарылып ИЖС, ЛПХ-ға айналдырып осы күнге дейін сатылып жатыр (әрине басқа біреудің атында). Бұл не деген батпан кұйрық? Бұл жағдай бірнеше рет айтылып жатыр. Бірақ жабулы қазан жабулы қалпында қалуда. Осы жағдайды жіті тексеруіңді өтінеміз.

Қ. Әбдіханов Талғар ауданына әкім болып келгелі жұмысын бізді тексеруден бастады. Құдды ауданда басқа маңызды нысан жоқ сияқты. Жанына депутаттар мен блогерлерді топтастырып алған. Барлығына тапсырма берілген. Ашықтан ашық жабу керек деп. Естуімізше өзін ауданның жеке иесімін деп айтатын көрінеді. Мен не айтам, сол болады дейтін көрінеді. Сонда бұл үлкенді сыйламайтын, Құдайдан да, Президенттен де қорықпайтын қандай әкім? Әкім бол, халқыңа жақын бол деген қағида қайда? Әбдіхановтың іс-қимылдарын жіті тексеруіңізді өтінеміз, Президент мырза.

Біз, Талғар ауданының күл-қоқысын тасымалдаушылары, алдымыз 30 жылдан, артымыз 10 жылдан бері Талғар қаласы мен ауданының күл-қоқысын полигонға тасимыз. Басында Құлжа трассасындағы полигонға таситынбыз. Ұшақ құлағаннан кейін кейін полигонды ауыстырды. Ол бұрынғы қазылған, қиыршық тас алынған үлкен шұңқыр. Машинамен ішіне түсіп шығу қыс кезі тұрмақ жаз мезгілінің өзінде өте қиын. Ал қыста шұңқырдан шығу үшін қосымша бір машина керек. Сүйреп шығару үшін. Амалсыз көндік, көнбеске амал жоқ. Бағасы да қымбат. Әр Камаз үшін 7-8 мың теңге, ЗИЛ үшін 6-7 мың теңге. 2021 жылы қаңтар айында жанынан күл-қоқыс сұрыптау станциясы ашылды «Жан-Ару» деген. Ешқандай шұңқырға түспейсің, бағасы да тиімді, 3-4 мың теңге әр машинаға. Мынандай бағаның шарықтап тұрғанында бізге тиімді. Бар жоғы 30 соток жер, бірақ тиімді пайдаланып жатыр. 5 млн теңгеге күл-қоқыс қалдықтарын жағатын пеш алынды. Жақын арада күл-қоқыс престейтін пресс, он метрлік линия алынды. Қазіргі кезде жанынан зауыт салынып жатыр. Мұның бәрі бір жылда істелген нәрсе. Кемшіліктер жоқ емес, бар. Бақтығали Сақымқожұлы ағамыз оның барлығын жоюға тырысып жатыр, зейнеткер жетпісті алқымдаса да әлі жұмыста.

Сұрыптау станциясының құжаттары түгел, рұқсат қағаздары бар. Екі полигонның арасы 10 метр. Осыған қарамай 2021 жылы ағамыздың полигонын 8 рет тексерді, арыз жазып жатыр деген сылтаумен. Арызды жаздырып жатқан өздері, полигон бір жылда 4 рет өртенді. Ұйымдастырып жатқан өздері, тіпті айдалада тұрған вагонды өртеп жіберді. Аудандық прокуратура, ішкі істер басқармасы, облыстық экология тексерістен көз аштырмады. Облыстық экология арыз жазылған деген желеумен төрт рет тексерді. Екі миллионнан астам айыппұл салынды. Осының бәрін ұйымдастырып отырған қазіргі әкім Қ.Әбдіханов, бұрынғы облыс әкімі орынбасарының баласы.

Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры демекші, кезінде Бақтығали Сақымқожұлы Сұрыптау станциясын салуға 30 соток жер аздау деп қосымша жер сұрайды. Сол кездегі әкім Ы.Сатпаев 9 соток жер тауып комиссиядан өткізеді. Кейіннен әкім болып Ерекешов келеді (парамен ұсталған). Сол кезде Бақтығали Сақымқожұлы әкім Ерекешовтың қабылдауында болады (екі рет). Ерекешов өзінің орынбасары Әбдіхановқа жібереді. Ағамыз Әбдіхановқа келгенде ол әкім сұрап жатыр деп пара сұрайды. Бақтығали Сақымқожұлы ашуланып кетіп қалады. Кейіннен облыс әкіміне (Баталовқа), Бас прокуратураға арыз жазады. Әбдіхановтың жазылған сөзі бар «Мен сенің көзіңді құртамын» деген. Міне сөзінде тұрып құртқысы келеді, бірақ ағамыз берілмей келеді.

Сонда қалай, құдайдан да, халықтан да қорықпайтын Әбдіханов Талғар ауданын жеке дара билеп-төстемекші ме? Ағам Павлодар облысының прокуроры дейтін көрінеді. Жақында Әбдіхановтың тапсырмасымен маслихаттың екі депутаты келіп бастарына әңгір таяқ ойнатып кетіпті (видео запись бар). Көршілерден арендаға алып отырған жерді пайдалануға құқыларың жоқ депті. Бұл не бассыздық? Өмірі болмаған экологический совет деген құрып, ИП «Жан-Аруды» қараған. 20-30 жыл заңсыз жұмыс істеп жатқан мекемелерді неге қарамайды?!

Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, біздің үндеуімізді жан-жақты қарап, Әбдіхановты жазалап жұмыстан алуыңызды өтінеміз. Айжігітов Бақтығали Сақымқожұлының бұрынғы жазған арыздары қаралсын. Әбдіханов бассыздығын тоқтатсын.

Күл-қоқыс зауыты толыққанды жұмыс істеу үшін қосымша кемінде 2 гектар жер беруіңізді сұраймыз. Жоғарғы айтылған мәселерге сіздің араласуыңызды сұраймыз. Біздің жалғыз үмітіміз Сізде.

Қол қоюшылар:


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x