«Баяғыдай өмір болмайды». Елде үлкен ревизия жүреді

Dalanews 12 қаң. 2022 04:21 279

Еліміз тәуелсіздігін алған 30 жыл ішінде халықтың талабы тау-төбе болып жиналып қалғанын бәріміз білеміз. Жұрттың талабы орындалып, аузымыздан ақ май аққан кезі болған емес. Сірескен жүйе 30 жыл бойы бір өтірікті, бір өтірікпен жамап келді.


Керек десеңіз, Үкімет құрамында жүрген талай адамдардың талағы тарс айырылуға шақ жүрген еді. Сол себепті өзгерісті, дамуды қалайтын азаматтар Президент Тоқаевтың айналасына топтасып, қолдау білдірді.

Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісі депутаттары алдында сөйлеген сөзінде талай дүниені ашып айтпайты.

Тоқаевтың сөзінен ұққанымыз енді баяғыдай өмір болмайды. Іріп-шіріген жүйе келмеске кетті. Мемлекеттік деңгейде үлкен ревизия жүргізіледі.


Іріген жүйе жай кетпеді, айналасын ұйыққа батырып, жеделдетіп шешетін ұшы-қиыры жоқ проблемана соңына қалдырып кетті.

Ойлаңызшы, егер Тоқаев үлкен іске тәуекел етпегенде не болар еді? Оны елестетудің өзі қорқынышты. Қазақстан Орталық Азиядағы екінші Ауғанстанға айналып, елді анархия жайлап, батпаққа батар едік.

Бағымызға қарай, Тоқаевтың арқасында бұл қиындықты айналып өттік. Бұған алдағы күндері сарапшылар өз бағасын береді.

Біздер Қасым-Жомарт Тоқаевтың дер кезінде Ұжымдық қауіпсіздік келсім шарты ұйымынан көмек сұрауы ең дұрыс, әрі жалғыз шешім болғанын мойындауымыз керек.

Дәл қазір қазақ қоғамы үлкен эйфорияны бастан кешуде. Жұрттың бәрі әлеуметтік желі арқылы Тоқаев билігіне талабын қойып жатыр.

Көпшілік көптен бері көкейінде жүрген арман-тілегі енді орындалатына сенім артуда.

Біздіңше, халықтың арман-тілегі назарға алынады. Бірақ оның бәрін қысқа уақытта орындала салмайтыны түсінуіміз керек. Уақыт қажет.   


Жаңа Үкіметтің құрамы бекіді. Жеті министр ауысты. Қалғаны орнында қалды. Осылайша Әлихан Смайлов Үкіметі үлкен жауапкершілік алып отыр.

Бір білетініміз орнында қалған министрлердің көпшілігі қиын кезеңде Мемлекет басшысының қолдау көрсетіп, жанынан табылды. Үлкен жауапкершілікті мойнына алды.

Дәл қазіргі кезеңде жауапкершілікті мойнына алып, үлкен іске тәуекел ететін кадрлар табу қиын.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір министрге үлкен міндет жүктеп отырғанын түсінуіміз керек. Керек десеңіз, бұл елдің дағдарыстан шығаруды мойнына алған Үкімет деп қабылдауымызға болады.

Алдағы уақытта өзіне тапсырылған істерді атқара алмаған министрлерді ауысуы да әбден мүмкін. Үкімет жаңарып, жасарып отыруы қалыпты дүниеге айналады. Министрлік орынтаққа ешкімнің бөксесі жабысып қалмайды.

Сондықтан бұраннан келе жатқан министрлер мансабын сақтап қалды деп реніш білдіруге болмайды. Енді жауапкершілікті мойнына алған шенділер халық мүддесі үшін жұмыс істеуі үшін қандайда бір олигархиялық топтардың қас-қабағына қарап алаңдамайды.

Оның үстіне мемлекеттік қызметке келудің өзіндік жөн-жоралғысы қалыптасқанын да естен шығармаған абзал. Министрлер кабинетін көшеде ұрандатып шауып жүрген бес-алты танымал тұлғадан құру қауіпті.

Дәл қазір бізге ұсыныс айтқыш тұлғалар емес, Президент тапсырмасын орындайтын кадрлар керек.


Тоқаев Мәжіліс депутаттары алдында сөйлеген сөзінде 30 жыл бойы қордаланған мәселені тізбелеп шығып, өзекті мәселелерді тездетіп шешу керек екенін айтты.

Ендігі кезекте атқарушы билік өкілдері бас алмай жұмыс істеуі тиіс. Егер ұсыныс айтып, мәселе көтеруге құмар жандар билікке келсе популизмге бой алдырып, өзінің саяси мансабын күйттеп кететуі әбден мүмкін. Ондай адамдар елде саяси дағдарыс тудырып, мемлекетімізді тығырыққа тірейтіні естен шығармаған абзал.

Әлихан Смайлов Үкіметінің құрамында елімізде қалыптасқан олигархиялы-кландық топтардың сойылын соғып көзге түскен шенді жоқ. Бұра тартып, астырынтын ойын жүргізуге ұмтылатын жандарды билікке жолатпауымыз керек.

Арам пиғылды саяси тұлғалар тарапынан жасалынған мемлекеттік төңкеріс бәріміз есеңгіретіп кетті. Осындай қиын кезеңде ойымыздағы күмән-күдікті сылып тастап, Президент бастамаларына қолдау көрсетіп, азматтық танытуымыз керек. Сол кезде елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешіліп, елдің тұрмыс жағдайы жақсарады.

Нұрлан ЖҰМАХАН, журналист. 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x