"Коррупция олардың түбіне жетті". Америкалық сарапшы Ауғанстанның жеңілісін түсіндірді

Dalanews 26 там. 2021 06:32 136

Американың Орталық барлау қызметінің экс-офицері, 2001 жылғы терактінің шығу тегін анықтаған жедел штабтың экс-жетекшісі Жон Кириаку “Eurasia Expert-ке” әзіргі Ауғанстандағы ахуалға байланысты шағын сұхбат берді деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Бірден басын ашып алғанымыз жөн, “Eurasia Expert” Кремльдің қол астындағы саны жағынан жыртылып-айырылатын, жыпырлаған пропаганда құралдарының бірі. Путинді жақтап, Лукашенконы ақтап, АҚШ пен Батысты даттап жазғанда алдына жан салмайды. Еуразиялық одақты күн құрғатпай ұлықтайды. Орыс тілінің сойылын соққанда Ақорда идеологы Абаевтан асып түседі.  

Кириакумен арадағы сұхбат АҚШ-ты тұқырту мақсатында өткізілгені, саяси астармен әзірлегені анық. Әйтсе де оқырман назарына ұсынғанды құп көрдік.

Тілшінің ресейшіл сарындағы сауалдарын есепке алмағанда, Америка сарапшысы Ауғанстанның күйреуіне әділ баға бергендей көрінді. 





“Тәліптер? Олар Орта Азияға баса-көктеп кірмейді. Дәл қазір бұл аймақ үшін атажұртынан ауа көшкен босқындар әлдеқайда қауіпті. 

2015 жылы Еуропаға лап қойған сириялық босқындар шекарада кептеліп, Батысты әуре-сарсаңға салған. 3 млн-ға тарта босқын Түркиядан баспана сұраған. Олардың басым көпшілігі әлі күнге дейін грек аралдарындағы босқындарға арналған лагерлерді паналап отыр. Мұны соңы гуманитарлық апатқа ұласуы мүмкін”, – дейді Кириаку.    

Бұған жол бермеу үшін Орта Азия – АҚШ, Ресей секілді алпауыт елдердің көмегіне жүгініп, солардың ақыл-кеңесіне құлақ асуы тиіс. 

Ал тәліптер иемденіп алған Ауғанстан аздан кейін Қытайдың “иелігіне” өтеді. Бейжің Кабулде тыныштық орнатуға мүдделі, осы елдің қойнауындағы қазба байлықты өз қолымен игермек ойы бар. Сөй деген Кириаку әлемдік қауымдастыққа қарап отырмай, тәліптерге дипломатиялық қысым көрсетуге үндеген екен. 



“Ирак? Американың бұл бағыттағы науқаны сәтсіз болды деп айта алмаймын. Әлбетте, АҚШ-тың да саяси мүддесі бар. Ирактағы кампания табысты аяқталды. Американың саяси аппараты бұған солай деп баға берді. Саддам Хуссейінді тақтан тайдырдық, Ирактың ішінара демократия орнады, қазір бұл ел төңірегіне қауіп төндірмейді”, – дейді сарапшы. 

АҚШ-тың Ауғанстан науқаны да текке кетпеген. Америка әскери осында орналасқан “Әл-Каиданың” түбіне жеткен. 

Ал Ауғанстан әскерінің тәліптерден күйрей жеңілуіне АҚШ кінәлі емес. Кириаку осы тараптағы былайша тарқатыпты: 


“Біз бе, біз ауған әскерилері мен полицейлерін басынан бақайына дейін қаруландырдық. Тиісті дайындықтан өткіздік. Бұған 3,2 трлн доллар шығындадық, қаншама уақытымызды сарп еттік. Олар қайтті? Күлі көкке ұшты. Ұрысқа шыдас бермей, қару-жарағын тастай қашты.

Неге? Неге жеңілді? Себебі, ауғандар әбден жемқорланған. Коррупцияға бөгіп жатыр. Біз оларды пара алмауға, пара бермеуге мәжбүрлей алмаймыз. 

Ауған халқының өзі құлық танытпаса, демократияның қабырғасын қалап бере алмасымыз тағы белгілі.

Иә, біз оларға дүниенің ақшасын бердік, демократиялық дағдыға баулуға тырыстық, мұнымыздан түк шықпады. Біз оларға отанды сүюді, қолына қару алып, атажұртын қорғауға мәжбүрлей алмаймыз”, – дейді ауған билігінің жеңілісін коррупциядан көрген АҚШ сарапшысы . 

Кириакудың айтуынша Ақ үйдің Грузия жерінде Кремль ойлағандай саяси мүддесі жоқ. 2008 жылғы осы елдегі оқиғалар АҚШ тарапынан жауапсыз қалғаны содан. 

Ал Солтүстік Кореямен арадағы дипкеліссөз әуелден тұйыққа тірелген. Пхеньян ядролық қаруды әзірлеудің алгоритмін Америка сарапшыларының алдына тоспасы анық еді.  

Сарапшы солай бола тұра, АҚШ-тың әлемдік саясаттағы атақ-абыройы құлдырамағанына сенімді. 

Кириакудың пайымдауынша Америка әскерилерінің Ауғанстанда аялдайтын аргументі қалмаған, ал осы елге бөлінген қыруар капитал жөнімен жұмсалмаған. 

“АҚШ ауған халқына мүлде жаңа мемлекеттің іргетасын қалау үшін 20 жыл мерзім берді. Бұған деп 3,2 трлн доллар қаржы бөлді. 

Олар қолда барды ұқсата алған жоқ, себебі коррупцияның батпағына батқан. Өспеді, өзгермеді. Рулық-тайпалық түсініктің дәргейінде қалды, сол үшін де демократия құра алмады. 


Тәліптерге тойтарыс берерлік қуаты болса да, құлқы болмады, сол себепті сәтсіздікке ұшырады.

АҚШ? Америка құрама штаттары Ауғанстанды асырауға міндетті емес. Ауған халқы өз болашағы үшін кеудесінен жан шыққанша күресуге тиіс еді. Олар бұған 20 жыл бойы дайындалды. Америка ауған әскерилерін мұздай қаруландырды. Тәліптер мұншама қару-жарақты түсінде де көрмеген. Солай бола тұра олар ұтылды…”, – дейді Американың Орталық барлау қызметінің экс-офицері. 

Тоқ етерін айтқанда, Ауғанстанның күйреуіне коррупция себепші болған. Әлбетте қарапайым ауған халқына АҚШ-тан ауған қырғын қаражаттың мысқалдай бөлігі де бұйырмағаны анық. Ал биліктегі ат төбеліндей топ алысты болжай алмаған, бүгінмен өмір сүрген деп пайымдаған екен Кириаку. 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


https://dalanews.kz/zheli/64227-olar-bizdi-botensigen-zhoq-tanymal-ga

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x