Cоңғы жаңалықтар
Back

COVID-19 қолдан жасалған. Байден даулы мәселенің шетін шығарды – сарапшы

АҚШ-та тұратын қазақ кәсіпкері Батыстың барлау қызметі Қытайдың коронавирусты қолдан жасағанын дәлелдейтін айғақ тапқанын айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.  

Тимур Сейітмұратовтың пікірінше Ақ үй Кремльмен аз уақытқа болса да тіл табысқанды дұрыс деп тауып, бар назарын Бейжіңге аударған. 

“Байден Путинмен салғыласа беруді доғарып, айлаға салғанды жөн көргендей. Шаруаның санкциямен шешілмесіне көзі жеткендей. Ресей президентінің АҚШ-қа тісі батпаса да, Батысты бопсалауы мүмкін. Содан да болар “Солтүстік ағынға” санкция салуды кейінге қалдырды. Украинаны НАТО мәжілісіне шақырудан бас тартты. Осы айдың 16-ында Женевада Путинмен жүздескелі отыр. Кремльдің көсемі де Байденмен пәтуаласуға кет әрі емес”, – дейді ол. 

Әйтсе де АҚШ-тың Бейжіңге қатысты позициясы босаңсымайды. Керісінше күресті күшейте түсуді көздеп отыр. Экономикалық, әскери-саяси, ақпараттық саладағы текетірес мұнымен тынбай, эпидемиологиялық бағытқа ойысатын сыңайы бар. Америка ғалымдары коронавирус Қытайдың “төл” өнімі екенін, оның Ухандағы зертханада әзірленгенін айда әлемге әшкере етпек.  

Сөй деген Сейітмұратов алдымен The Wall Street Journal-да жарық көрген мақаланы мысал етіпті. 

Мақалада індет туралы хабар берілмей тұра (2019 жылдың қарашасында)  Ухандағы зертхананың үш бірдей маманы коронавирусқа ұқсас симптомдармен ауруханаға жатқызылғаны айтылады. Қытай коронавирус жұқтырған алғашқы жайтты тек бір ай өткесін жария еткен, әрі вирустың адамнан адамға таралмайтынын айтып, оның шығу тегін Ухандағы балық базарымен байланыстарған. 

“Мұнда бір шикілік бары анық еді. АҚШ-тың барлау қызметі Бейжіңнің бір бармағын бүгіп қалғанын білді. Вирустың қолдан жасалғаны Трамптың тұсында айтыла бастады. Бірақ сайлау қарсаңындағы қарбалас бұл мәселеге терең үңілуге мүмкіндік бермеді. 

Билік басына Байден келгесін Америка миллиондаған адамның өмірін үзген індеттің шығу тегін індете зерттеуге кірісті. Трамптың тұсында коронавирустың қолдан жасалғанын үзілді-кесілді жоққа шығарған әйгілі доктор Фаучи аяқасты айтқанынан айнып,  “COVID-19 зертханада әзірленуі әбден мүмкін” деген жорамал жасапты.  

Фейсбук пен Твиттер де вирустың Қытайдың қолымен жасалғанына сенетін азды-көпті аудиторияны блоктауды доғарыпты. Трамптың тұсында әлемжелілер вирусқа қатысты әлгіндей ақпар таратқан кез-келген парақшаны, топты ақталуға мұрша бермей бұғаттап тастайтын. Соған қарағанда АҚШ-тың індеттің шығу тегі мен таралуына қатысты көзқарасы өзгеріске ұшыраған сыңайлы…”, – дейді Сейітмұратов.   

Ақ үй басшысы да індеттің “жаратылысын” Уханьдағы зертханамен байланыстырады. Байден вирустың табиғи түрде таралғанына иланбай отыр. Түнеукүнгі мәлімдесінде коронавирустың зертханадағы апат салдарынан ауа жайылғаны айтылған. Батыс елдері де АҚШ-тың болжамын құптап отыр.

Ал Байден Американың барлау қызметіне әзіргі қолда бар мәліметті әлі де толықтырып, 90 күн ішінде зерттеу нәтижесінің қорытындысын жариялауды тапсырған болатын. Барлау ісіне Батыс елдері де атсалыспақ.

Ағылшынның Telegraph және Times басылымдарының хабарлауынша Ұлыбританияның “джеймс бондтары” Қытайдың жалпақ әлемнен жасырған құпиясын жария етуге асық. Коронавирустың зертханадан таралғанына сенетін елдердің қатары күн өткен сайын артып келеді. 

“Байден бұйырған 9 айдың ішінде бұған Қытай бұлтартпайтындай анық-қанық айғақ табылуы қажет.  Шыны керек АҚШ пен Батыстың барлау қызметі тым кеш қимылдады. Трамптың сөзін жындының сандырағына балады. Қаншама ғалымның еңбегі ескеруісіз қалды. Олардың аргументі нық, дәлелі айқын еді”, – дейді Сейітмұратов.

Солардың бірі танымал ағылшын ғалымы Ангус Далглиш пен белгілі норвег вирусологы Бирген Соренсен. Бұл екеуі вирустың жасанды жолмен жасалғанын былтырғы жылы-ақ мәлімдеген. Қолдарында нақты дәлел барын, оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына ұсынуға әзір екенін айтқан дейді Сейітмұратов. 

“Қытай ғалымдары коронавирусты зертханада жасап шықты. Артынан вирусты табиғи түрде таралғандай етіп хабар таратып, көзге түсер айғақтың көзін жойып, ізін жасырмақ болды. Ухан ғалымдарының 2002 жылмен 2019 жылға дейінгі тәжірибелерін түгел сүзіп шықтық. Қытай ғалымдары коронавирустың жаңа түрін ойлап табуға талпынған деген тоқтамға келдік”, – деген еді бұған дейін Далглиш мырза.
Ал Соренсеннің айтуынша Ухан зертханасының мамандары адам ағзасына тез таралатын вирусты ойлап табуға тырысқан. 

“Бұл тез таралуымен қоймай адамды алып жығатын аса қауіпті, жұқпалы вирус еді. Үңгірдегі жарқанаттың ағзасындағы вирусты негізге алып, оны SARS-тың бұған дейінгі түрімен “будандастырып”, қауіпті мутантқа айналдырды. Бұған дәлел коронавирустың “тікенегінен” табылған төрт сатылы амин қышқылы”, – дейді Далглиш. 

Норвег вирусологы әріптесінің сөзін құптап отыр. 

“Вирус адам жасушасына кенеше жабысады. Жасуша теріс өрісті болса да талғамайды. Мұндай төрт сатылы амин қышқылы табиғатта тым сирек кездеседі…”, – дейді ол. 

Былтырғы жылдың сәуір айында әйгілі вирусолог, Нобель сыйлығының лауреаты Люк Монтанье де дәл осыған ұқсас пікір білдіргені есімізде. Француз ғалымы вирустың жабайы жануардан жұққанына сенбейтінін, мұның бәрін Бейжің билігі ойлап тапқанын, вирустың Ухандағы зертханадан таралғанын айтқан еді.

“Әлбетте Қытай мұны мойындамайды. Вирустың шығу тегін анықтауға тырысқан АҚШ-тың жолын кесуге тырысады. Айыпты Американың өзіне ысырып, мұны саяси ойынға балап отыр. Әйткенмен әліптің артын бағайық. Байден барлау қызметіне 90 күн мұрсат берді. Осы үш айдың ішінде вирустың жасанды жолмен жасалғаны анық дәлелденсе Ақ үй Қытайды оқ шығындамай-ақ алады. Алпауыт деген атағынан айырады.

АҚШ пен Қытайдың арпалысы кемеліне келіп, арнасынан асып төгілуге шақ тұр. 90 күнннен кейін бұл шайқастың жеңімпазы белгілі болады”, – дейді Сейітмұратов. 

 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ

Тағы оқыңыз:

Дінтанушыны молдамен шатастырғандарға: «Даурықпай, жақсылап түсініп алыңыздар!»

English EN Қазақ тілі KK Русский RU