Судья Жолманова өзіне "тапсырыс бергендердің" атын айтты

Dalanews 11 мам. 2021 10:51 1053

Ірі көлемде пара алды деп күдікке ілінген Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жолманова ақпарат өкілдеріне сұхбат беріп, болған істің мән-жайын айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Журналистермен өткен онлайн кездесуде судья өзі туралы әлемжеліде тараған ақпаратты фейк деп атап, офисінен табылған 10 мың доллардың “шығу тегін” түсіндіріп берді.

Оның атап өткеніндей әлгі қаражат өз жинағы, оның өзінде тұтас емес. Қаржының тең жартысын қарызға алған.

“Түркісб ауданында тұратын шешемнің үйін сатып, оның үстінен аз-мұз ақша қосып, тап жанымнан пәтер сатып алуды ұйғарғанбыз. Сол күні Отбасы банкке баруды ойластырып, алғашқы жарнаны аудару үшін ақшаны жұмысқа алып келген жайым бар еді”, – дейді Жолманова.

“Мына заманда ақшаны жұмыста сақтаушы ма еді?” деген журналистер сауалына судья қомақты қаражатты үйде сақтаудан сезіктенгенін, балалардың, келімді-кетімді адамның көзіне түсіп жоғалып кетерінен қауіптенгенін айтты.


Сот қызметі қауырт болғасын таңнан қара кешке дейін үй бетін көрмейтін кездер көп.

“Сондықтан ақшаны үйде ұстағанды жөн көрмедім. Үйге тамақ таситын курьерлер жиі келеді. Бейсауат жүрген біреудің көзіне түссе ақшадан бұрын, отбасым сорлап қалар еді”, – дейді судья.





Жолманованың бұдан өзге капиталы жоқ. Миллион доллар туралы әлемжеліге әп-сәтте тарап кеткен ақпарат – дақпырт. Пәтерін тінтігендер құралақан оралған.

Сөй деген судья көлігі жоқ екенін алға тартты. Ал сейфтен табылған 10 мың доллар ұрлық емес. Қалай, қайдан келгенін ұғындырып беруге даяр.


“Көлігі мен пәтерінен бір қап ақша табылды деп ұрандатқандар осы арқылы мәселенің мән-жайынан хабарсыз халықты маған қарсы қоймақ болды. Мен ғана емес, тұтас сот саласына кір келтіруді көздеді”, – дейді ол.


Жолманова соттың санкциясынсыз және Бас прокурордың бұйрығынсыз үйін тінтімек болған тергеушілер заңды белден басты деп санайды. Айтуынша тергеуші топ судьяның үйде жоғын біле тұра, баспананың астаң-кестеңін шығаруды көздеген.

“Үйімді тінтігелі жатқанын естіп, әлгі жерде шу көтердім. Босағаға өтіп үлгеріпті. Кабинетімді ақтарып болғаннан кейін менің көзімше үйді қопаруға көшті. Түк таппады”, –  дейді Жолманова.


Кабинетіндегі 10 мың доллар адал ақысы екенін, жеке көлігі жоғын, ал үйін тінтігендер құралақан қайтқанын мәлім еткен судьяға қандай айып тағылып отыр?


Dalanews.kz тілшісі мәселенің анық-қанығын судьяның өзінен сұрастырды.

Жолманова өзінің күдікті емес, куәгер екенін айтады. Қылмыстық іс қозғалмапты. Өзіне қатысты қандай компромат барынан хабарсыз. Оның тінту кезінде де, әзір де бостандықта жүргені содан болса керек.

Бұдан бұрын бірқатар БАҚ: “Жолманова құрылыс компаниясынан миллион долларға жуық пара алды” деген ақпарат таратқан-ды. Судья мұны жоққа шығарып отыр.

“Құрылыс компаниясынан көк тиын алған емеспін. Мойындайын, осыған дейін құрылыс саласымен байланысты бірқатар даулы дүниемен істес болғаным рас.

Мәселен “Есентай ситидің” дауы. Тұрғындардың шағымын заңды деп танып, ауқымы кеңейіп жатқан тұрғын-үй кешенінің кесірінен ауласына өте алмай қалған азаматтарды ақтап шықтым. “Еурополис” тұрғын-үй кешеніне арызданған тұрғындардың арыз-талабын ескеріп, үйдің қолданысқа берілуін заңсыз деп таптым”, – дейді ол.


Жолманова тергеуді Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізіп жатқанына аң-таң. Заңға сай коррупция мен алаяқтық істерді ҰҚК тергемейді. Мұнымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік немесе полицейлер айналысуы тиіс.

“ҰҚК-ның менде не жұмысын барын ары ойланып, бері ойланып байыбына бара алмай-ақ қойдым. Білсем бұл істің басы-қасында Тойбаев Сұлтан дейтін комитет өкілі жүр. Алматы қалалық соты төрағасының кеңесшісі қызметін қоса атқарады. Түнекүнгі атышулы суретті желіге таратып жіберген де нақ осы - Тойбаев”, – дейді судья.



Ілгеріде сот иммунитеті туралы сөз қозғағанбыз. Нақтыласақ, судьялар сот билігін жүзеге асырушы тұлға ретінде бірқатар нормативтік актілермен, соның ішінде ҚР Конституциясымен жəне конституциялық заңдармен айқындалған арнайы мəртебеге ие.

– Алайда, – дейді Жолманова. Мені бір жыл бойы торып келген екен. Кабинетіме жасырын камера орнатып, кірген-шыққанымды аңдып отырған. Мұны бір топ адам кабинетіме сау етіп кірген күні бір-ақ білдім. Тіпті кеңесу бөлмесіне де камера орнатқан.


Айтуынша осылайша оның судьялық иммунитеті табанға тапталған. Кеңесу бөлмесі әдетте судьяның істі әбден зерделеп, ақырғы шешім шығаратын орны. Арнайы мәртебеге сай судья тәуелсіз тұлға, оның құқығына қол сұғуға жол берілмейді.

Сөй деген Жолманова “маған кепілдік берілген иммунитет әдірам қалды”, – дейді.



Dalanews.kz тілшісін таңғалдырған тағы бір жайт – құрықтау кезінде Жолманованың телефонын ақтарып, алаңсыз отырғаны. Мұны қалай түсінеміз?

“Түсінбейтін несі бар? Мен өзімнің адалдығыма, тазалығыма сенімдімін. Қобалжыған жоқпын. “Санкциямен келдік” дегендерді кабинетіме кіргіздім, тінту жүргізуге ерік бердім. Сол сәтте телефоныма тыным болмай, алаң көңіл әріптестерім хабар-ошар сұрай бастады. Соларға жауап жазған сәт суретке түсіп қалса керек”, – дейді Жолманова.

Осы сәтте ұлы хабарласып, бір топ адамның есік аузында тұрғанын жеткізген. Жолманова шу көтеріп, өзі жоқта үйді тінтуге келгендердің әрекеті заңсыз екенін айтқан.



Аталған істің ажиотажға ұласуына блогер Айгүл Орынбектің жазбасы айтарлықтай әсер еткені анық.

Блогердің жазбасында Жолманованың кабинетінен 4500 доллар, үйін тінту кезінде 2 800 000 доллар, жеке көлігінен 600 000 доллар табылғаны айтылған-тын. Сондай-ақ Медеу аудандық сотының судьясы құрылыс салушыдан 1 180 000 доллар көлемінде пара алғаны туралы ақпаратты Орынбектен оқыған едік.

“Осы рас па?” деген Dalanews сауалына “жоқ” деп жауап берген Жолманова Қазақстандағы Судьялар одағы әріптесінің ар-намысын аяққа таптатпасына сенімді.

“Себебі мұның бәрі жалған. Мен қоғамдық көлікпен жүремін. Мәшінем жоқ. Ал үйді тінту кезінде ештеңе таппады”, – дейді ол. Сөзіне қарағанда қазіргі ситуация толық шешімін тапқаннан кейін, ісі Айгүл Орынбекпен болмақ.



Жолманова бұл істің қолдан құралғанын, қудалауды жоғарыдағы жетекшілері ұйымдастырғанын айтады.

Судья “сот жүйесінің тазалығы мен тәуелсіздігін қорғағаным үшін “сүйкімсіз” атандым” деп санайды.

“Медеу аудандық сотының төрағасы Әсет Боранбаев пен Алматы қалалық сотының төрағасы Асқар Смайловтың ұзақ уақыт бойғы заңсыз іс-әрекеттеріне қарсы тұрдым. Судьялар шешіміне ықпал етіп, қысым көрсетуіне кедергі келтірдім.


Аудандық сот төрағасы біздің жүктемені азайтып, қағаз-құжаттың азабынан арылтатын септігін хатшыларды жұмыстан шығара бастады. Әрбір судьяның хатшысы болуы керек.

Біздің шұғыл шешім шығарып, жұмысты жедел жүргізуіміз осы көмекшілерге тіреліп тұр. Ал Боранбаев оларға себепсізден соқтығып, тырнақ астынан кір іздеді. Салдарынан 6 хатшы жұмыстан кетті, – дейді Жолманова.

Судья мұны айтып, Жақын Асановқа дейін жеткен.

“Қалалық сот төрағасы Асқар Смайылов ауру асқынып, карантин күшейген шақта біздерді жұмысқа шығуға мәжбүрледі. Сөйтіп бас санитардың қаулысын бұздық. Екі судья ковидтан көз жұмды. Мұны көре отырып, үнсіз қала алмадым. Смайловқа хат жолдап, екі судьяның қайтыс болғанын есіне салдым. Індет ауа жайылған шақта қашықтан жұмыс істеу қажет екенін ескерттім. Ашығын айтқанда, оған өз пікірімді білдіргенім үшін жақпай қалдым”, – дейді Жолманова.

Қалалық сот төрағасы қызметіне тағайындалған алғашқы күннен судьялардың ісіне килігуге көшкен. Көнбегендерді жұмыстан қуатынын айтқан.


“Дәл солай деген жазбасы бар. Қандай шешім шығару керегін айтып, іске тұмсық тығуын доғарған жоқ. Бұған қарсы шыққан мені жазалай алмады. Себебі жұмысымда мін жоқ еді.
Тоқ етерін айтқанда, менің арым да, қолым да таза...”, дейді судья Жолманова.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар