Back
| DalaNews

Американың Орта Азияға кіруіне Кәрімов кедергі келтірді – АҚШ сарапшысы

Америкамен алыстан сыйласуға тырысқан Өзбекстанның экс-президенті осы әрекеті арқылы тұтас аймақтың дамуын тежеді деп хабарлайды Dalanews.kz АҚШ саясаттанушысы Эндрю Качинске сілтеп.

Качинс тегін адам емес. Талай жылдан бері Орта Азия мен Ресейді жақын тануға тырысып жүр. Алыс құрлықтан жеткен, аймақты бес саусағындай білетін санаулы сарапшының бірі. Қазір қырғыз жеріндегі Америка университетіне жетекшілік етеді.

АҚШ-тың Орта Азияға қатысты әзелгі және әзіргі саясатының арасында қандай өзгеріс барын тарқатып айтып берген Качинс: “Байден аймаққа туралы асығыс пікір білдіруден абай болуы керек”, – дейді.

Ал Байден не деп жүр? 

Ақ үй басшысы Ресей мен Қытайды Орта Азия үшін өте-мөте қолайсыз, нашар көршілер деп атаған еді. 

“Аймақ елдерінің аталған екі мемлекеттен іргесін аулақ сала алмасы анық. Ресей мен Қытай Орта Азияның құдай қалап қосқан көршісі. Байденнің мәлімдемесі Кремльді оталдырып, Мәскеудің аймаққа бағытталған агрессиясын асқындыра түседі. Көршіңмен тіл табысып, тату-тәтті тұруға тырысу қажет”, – дейді ол.

Әлбетте егер бұл екеуінің тарапынан аймақтағы елдердің тәуелсіздігін тартып алғысы келген озбырлық орын болса, Америка қол қусырып отырмайды.  

“Өткен 30 жыл бойы АҚШ Орта Азия елдерінің дербестігін сақтауды сыртқы саясаттағы басым бағыттың бірі ретінде қарастырып келді. Аймақтағы мемлекеттерге қол ұшын созып, тәуелсіздікті нығайта түсудің амал-әдістерін үйретті. 

Әрине қолдаудың формасы да әртүрлі болды. Орта Азияға түрлі кезеңде, түрлі жағдайда араша түстік. Әйтеуір қажет кезде аянып қалмадық. Бұл миссия алдағы уақытта да өзінің өзектілігін жоғалтпайды”, – деген Качинс Орта Азия мен АҚШ-тың жақындасуына жан-тәнімен қарсылық танытқан адамның атын атапты.

| DalaNews

Оның пікірінше Америка Орта Азияның дамуына, дәулетті, бақуатты аймаққа айналуына әуел бастан мүдделі болған және бұған капитал қоюға да әзірлік танытқан. Американың осы бағыттағы бастамасына бір адамның кесірі тиген. 

“Аймақтың өсіп-өркендеуіне Өзбекстанның экс-президенті Ісләм Кәрімов дәм-тұзы таусылғанша кедергі келтірді. Өзбекстанды аймақтың катализаторы ретінде қарастырдық. Кәрімов кеткеннен кейін жағдай дұрыстала бастады. Ақ үй аймақта белсенді әрекет етуге көшті.

Көп ұзамай Қытай мен Ресейдің қарсылығына тап болдық. Мәскеу Вашингтонның Орта Азия елдерімен етене байланысқа түсіп, ауқымды жобаларды жүзеге асырғанын қаламайды. Ашық кетісуге тағы болмайды, мұның зияны аймақтағы елдерге тиіп кетуі мүмкін”, – деген саясаттанушы Байден әкімшілігіне бірінші кезекте Орта Азиядағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерге көңіл аударуға кеңес берген екен. 

Алдымен аймақтағы білім-ғылым сапасын көтеруге, денсаулық саласын заманауи деңгейге жеткізуге атсалысу керек. Қазба байлыққа бөгіп жатса да, Орта Азия тұрғындары нашар тұрады. Айлығы ішіп-жемінен аспайды. Тапқан табысын өзін-өзі дамытуға жұмсайтын жағдайы жоқ. Мұндай елден бәсекеге қабілетті ұрпақтың өсіп-өнуі екіталай. 

Орта Азиядағы денсаулық сақтау саласының дамыған елдердің деңгейінен ондаған жыл кейін қалғанын пандемия растап берді. Жүздеген, мыңдаған науқас тиісті ем-дом ала алмай, аурухана төсегінде көз жұмды. Денсаулық саласы заман талабына жауап бере алмайтын аймақтың Ресей мен Қытай агрессиясына төтеп беруі де неғайбыл.

Мінекей, осы мәселені тілге тиек еткен Качинс бұдан сырт Қырғызстандағы су тапшылығы мәселесіне арнайы тоқталыпты. 

“Болашақта тұтас Орта Азия су тапшылығының зардабын тартады. Мұның соңы ағайындас елдердің араздасуына ұласуы мүмкін. Аймақтағы мұздықтарды зерттеп, мұндағы тұшы судың қорын анықтайтын, ауыз суды үнемді, ұқыпты пайдалануға үйрететін жобаларға қаражат бөлген жөн. Тамшы тамбайтын тақыр жерде көкөніс пен жеміс-жидек өсіріп отырған Израильден үлгі алса артық емес. Мұндай жобалар қаржылай қолдауды қажет етеді. Байденге берер кеңесім осы. 

Орта Азияны Қытай мен Ресейге қарсы қойғаннан ешкім ештеңе ұтпайды. Ашығын айтқанда мұның бәрі бос сөз. Бүгін айтылды, ертең ұмытылады. Байден аймаққа шын жаны ашыса, мен айтқан мәселерге назар аударсын”, – дейді саясаттанушы.

Качинс Ақ үйдің жаңа басшысына көңілі толмайтынын жасырмайды. Айтуынша Байденнің командасында бір кездері Обама әкімшілігінде отырған “ардагерлер” өріп жүп, арасында 90-шы жылдары Клинтонмен жұмыс істескен ақсақалдар да бар. 

Клинтон да, Обама да сырт алаңдағы конфликтіні реттеуде армияға арқа сүйеген. Ал Буш әкімшілігінің Иракқа әскер кіргізуі асығыстық әрі АҚШ тарихындағы үлкен қателік болған.

“Америка тағы да сол сүрлеуге түсетін түрі бар. Байден әкімшілігінің соңғы кездегі риторикасы америкалықтарды тағы бір ұлы жорыққа әзірлеп жатқандай көрінеді. Байденнің пікірінше әлуеті жағынан АҚШ-тан асып түсетін мемлекет жоқ. 

Ақ үй басшысы соңғы жылдары елдің әлем алдындағы репутациясы тым-тым құлдырап кеткенін есепке алмай отыр. Бұған төрт жыл билік құрған Трамп қана кінәлі емес, тұтастай алғанда өткен 20 жыл қателік пен кемшілікке толы болды”, –дейді сарапшы. 

| DalaNews

Байденнің тұсында АҚШ пен Қытай, АҚШ пен Ресейдің қарым қатынасы қалай өрбиді? Ақ үй басшысының Қытаймен арадағы кикілжіңді тоқтатқысы келетіні рас па? 

Качинстің айтуынша Трамп Орта Азияны Қытайдан аулақ ұстағысы келген. Бейжің бастамасымен қолға алынған “Бір жол, бір белдеу” (Belt and Road Initiative, ред.) жобасын сынға алып, аймақ елдеріне Қытаймен алыстан араласуға кеңес берген. 

Американың жаңа президенті керісінше Қытаймен диалог құруға ұмтылады. Екі елдің арасындағы сауда соғысын тоқтатып, Трамптың тұсында туындаған жауластықты жоюға тырысады. 

“Әлбетте бұл айтуға ғана оңай. Екі елдің арасындағы саяси-экономикалық жанжал көпке дейін жазыла қоймайтын сызат қалдырып кетті. 

Оның үстіне Шыңжаң мәселесі бар.

Осы өлкедегі қуғын-сүргінге ұшыраған аз ұлттардың жанайқайы Байденнің құлағын шуылдатып жатқаны анық. Ақ үй басшылығы мұны жауапсыз қалдырмайды. Байден саяси репрессияны тоқтатуды талап етіп, осынау өлкедегі қазақ пен ұйғыр және өзге де мұсылман  ұлттарға теңдік сұрайды. 

АҚШ-тың адам құқығына қатысы көзқарасы әуелден айқын. Шыңжаң мәселесін түбегейлі шешпейінше Қытаймен қарым-қатынастың түзелуі де неғайбыл”, – дейді ол. 

Сонда Трамп не бітірген? Шыңжаңдағы қысымға ұшыраған жүздеген, мыңдаған адамға дер кезінде араша түсуге не кедергі болды? 

Качинстің айтуынша Дональд Трамп сөз бостандығы, адам құқығына алаңдайтын адам емес. Ал жаңа әкімшілік бұл мәселені алдыңғы қатарға шығарып отыр. 

“Ресей? Республикалықтар да, демократтар да Ресейді жауа көреді. Байденнің тұсында Вашингтон пен Мәскеудің арасы жақсарады деп ойламаймын”, – дейді Эндрю мырза.

 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ