Back
| DalaNews

Дін қайраткерлері ескерусіз қалмайды – Семей қаласының Бас имамы

Алаштың рухани астанасының Бас имамы Асқар Әбітайұлымен Семей өңіріндегі діни ахуал, қайырымдылық шарасы, білімді маманның тапшылығы, саналы ғұмырында елді имандылыққа, береке-бірлікке шақырған, дін қайраткерлерінің ел арасында насихатталуы жайлы сұрақтар төңірегінде  сұхбаттасуды жөн санадық.

   Асқар Әбітайұлы Семей шаһарына Бас имам болып қызмет атқарып жатқаныңызға  бір жарым жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында рухани бағытқа ден қойып, қаламыздағы Суықбастау кентіндегі мешітке Алаш қозғалысының жетекшісі  Әлихан Бөкейхановтың атын беруге мұрындық болдыңыз. Сонымен қатар Семей өңіріне қарасты сайттың атын Алашдін деп өзгерттіңіз. Бұл бастамаларыңыздан сіздің алаш қайраткерлерінің еңбегімен жіті таныс екеніңізді аңғарта ма әлде қазақ елінің болашағы үшін шейт болған арыстарға құрметтің бір белгісі ме?

– Иә, біз қашанда елі үшін, халқы үшін шейт болған жандарға құрмет көрсетуіміз керек. Осы мақсатта  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шешімімен Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының 30 жылдық мерейтойының аясында, Семей қаласының Суықбастау кентіндегі мешітке Алаш көсемі, мемлекет қайраткері, ғалым  Әлихан Бөкейханның есімі берілген еді. Әлихан бабамыз осы Семей жерінде жүріп, қазақтың болашағы үшін аянбай еңбек етіп, Алаш партиясын құрды.

Басты мақсатымыз  қазақтың ұлы ретінде , артында қалған жандар ұмытпай,  дұға жасап, сауап барса деген ниетіміз. Алдағы уақытта осы мешіттің ішінен Әлихан Бөкейхановтың еңбектерін жинақтап кітапхана ашу, өнегелі жолын насихаттау жоспарымызда бар.

Қазіргі заман талабына сай  имам тек мінберден ғана емес, әлеуметтік желі арқылы да уағыз-насихат жүргізіп, халықты имандылыққа, мейірімділікке, қайырымдыллықа шақыру ләзім.

Сондықтанда біз орталық мешіттің сайтын alashdin.kz деп өзгертіп, ребрендинг жасадық. Атауын ауыстырып, алаш пен байланыстырып қоюдадағы бірден бір себеп, Семей алаштың рухани астанасы, алаш зиялылары осы шаһарда бас қосқан. Қазақ еліне, жеріне қатысты армандары, мақсаттары осы өлкеден бастау алған еді.  Міне сайт арқылы  халыққа  алаш арыстарының ел тәуелсіздігі жолындағы жанқиярлық ерліктерімен қатар еңбектерін, төл дінімізбен қатар, ұлттық құндылықтарымызды  насихаттайтын боламыз.

    ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы  жеті бағыт бойынша жұмыстарға басымдық берілетінін жеткізді.  Осы жұмыстар өңірде қалай іске асуда?

–  Науызбай қажы Тағанұлы Бас мүфти лауазымына сайланған сәттен бастап ақпарат саласындағы жұмыстарға серпін берді. Осы бағыт бойынша игі жобаларды жүзеге асыру мақсатында ҚМДБ жанынан Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімі ашылды.

Сонымен қатар Мүфтият медиа орталығы ашылып, діни ақпарат саласындағы игі жобалар жүйелі түрде жүзеге аса бастады. Өткен жылы әлемді жайлаған індетке байланысты сақтық шараларына байланысты мешіттерде құлшылық етуге рұқсат берілмегендіктен, дін қызметкерлері әлеуметтік желі арқылы, халықпен байланысқа шығып, сұхбат беріп отырды. Жергілікті БАҚ арқылы әр түрлі тақырыпта мақалалар жарық көріп, насихатталды.

Жеті бағыттың бірі қайырымдылық. «Қайырымдылық қайырымды іс» деп дана халықмыз теігн айтпаған.

«Covid-19» инфекциямен күресіп жатқан дәрігерлер мен науқастарға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен қолға алынған «Өмірге үміт сыйла» акция аясында Семей өңірінде  19 миллион 900 мың теңге көлемінде 85 дана Оттегі концентраторлары( ИВЛ аппараты), 550 мың теңгеге  22 дана пульсоксиметр, 3 миллион 500 мың теңгеге дәрі-дәрмек, 3100 дана бетперде дін қызметкерлерінің ұйымдастырумен  мешіт жамағаты мен кәсіпкерлердің қолдауымен шаһарымыздағы ауруханаларға жеткізілген болатын.

«Мектепке жол» шарасы аясында 2020 жылы 230 балаға оқушыларға арналған сөмкелер, оқу құралдары,  табыс етілді. «Qurban-2020» жобасы бойынша  құрбандық еттері әлеуметтік жағынан аз қамтылған 2638 отбасыға үлестірілді. «Ел үлесі пәтерге» шарасы өз жемісін беріп, жағдайы төмен 3 отбасының баспаналы болуына жәрдемдестік.

Өткен жылға көз сала келе, індет өршіп, іс насырға шауып тұрған кезде,халық  жұдырық болып жұмылып, игілікті іске атсалысуы еліміздегі азаматтардың бірлігін артыра түскендей болды. Ізгіліктің көрінісі болған қайырымдылық шарасы әлі де жалғасын табатын болады.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы аймақтардағы өкілдіктеріге жол бойындағы мешіттерге қолайлы жағдай жасауға байланысты бастама көтерген болатын. Осы игі бастаманы қолдау мақсатында Суық-бұлақ кенті мешіті жанынан тынығу бөлмесі ашылған болатын.  Асқар Әбітайұлы игі іс жайлы кеңірек айта кетсеңіз?

  – ҚМДБ Иә биылғы жылдың алғашқы төралқасында  Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, жол бойындағы мешіттердің жағдайын жақсарту, жолаушыларға қолайлы ету мәселесіне баса назар аударуды тапсырған болатын. Осы бағытта Жарма ауданындағы Семей-Алматы тас жолы бойындағы Суық-бұлақ кентіндегі мешіт жанынан тынығу бөлмесін аштық. Бөлмеде алыс жолдан келе жатқан жолаушылардың тынығып алуына бар жағдай жасалған. Сапардағы адамдарға уай-фай желісі, жылы сумен дәрет алу, ыстық кофе-шәй, алғашқы медициналық көмек үшін  дәрі дәрмектер, ұялы телефон қуаттандырғышы, сабын және антисептик, сүлгі-орамалдар, ыстық және суық сусындар әзірлеп қойылған.

Семей өңірінде тәуелсіздігіміздің  30 жылдығына орай қандай арнайы жобалар мен шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отырсыздар?

– Тәуелсіздік жаратушының бізге берген үлкен сыйы. Егеменді еліміздің 30 жылдық мерейтойына орай,  Қала көлемінде, Республикалық деңгейде ғылыми конференциялар, осы жерге еңбегі сіңген дін қайраткерлері жайлы кітап шығару, зияткерлік сайыстар,  рухани-ағартушылыққа, дін мен дәстүр, қайырымдылық бағытта 100- ге жуық іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда. Сонымен қатар өңірімізде салынып жатқан мешіттерді, Тәуелсіздік жолында еңбегі сіңген дін қайраткерлеріне, белгілі тұлғалардың атымен атау, көше аттарын  беру мәселелері ҚМДБ тарапынан игі бастамалар жүзеге аспақ.

Жеті бағыттың бірі ағымдармен жұмыс. Қазір қоғамда сіз түсінетін ислам мен мен түсінетін дін деген түсінік қалыптасуда. Насихатты, діни ілімді мешіттегі ұстаздар мен имамдардан емес, басқа елдегі өздері ұстаз санайтын жандардан білім алуы бұл жерглікті діни қызметкерлерге деген сенімсіздік танытқанның белгісі болуы мүмкін бе? Ақ пен қараны ажыратып, қайсы дұрыс, қайсы бұрыс екендігін айғақтап көрсетіп, халыққа жеткізу жұмыстары қаншалықты қарқынды жүріп жатыр?

–  Жат ағымдармен күрес жұмысы ҚМДБ күн тәртібіндегі ең өзекті мәселесі.Діни тұрғыдан қараған кезде адасушылық, қателесушілік дінге абыройсыздық әкеледі. Сондықтанда біздің азаматтардың теріс жолды таңдап кетпеуіне ат салысуымыз біздің негізгі міндеттеріміздің бірі.

Қазір жаратушыға тәубә, елімізде білімі жоғары, білікті діни мамандар, теологтар бар. Әр өңірде   жемісті еңбек етіп жатқан ғалымдарымыз, ұстаздарымыз, жат ағымның жетегінде кеткен отандастарымызға бағытының дұрыс емес екендігін дәлелдеп,  Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын жандардың қатары күн өткен сайын көбейіп келе жатқаны қуантады.

Карантин режиміне байланысты қашықтықтан оқыту, ғаламтор желісіндегі уағыз-насихат жұмыстарыда қарқынды жүруде.

Діни кадр дайындау бағытында қандай жайтқа жіті көңіл бөлу керек деп ойлайсыз? Бүгінгі таңда діни біліммен қатар, дүниәуи ілімді меңгеріп, жоғары оқу орнын үздік тәмәмдаған, өмірлік тәжірибесі бар, халықпен етене жақын араласа алатын мамандар жеткілікті ме?

–  Әлі де Семей өңірінің діни саласында мамандар қажет. Алаштың рухани астанасына Бас имам болып келгеніме бір жарым жылдың жүзі болып қалыпты. Осы уақыт ішінде әлемдегі ең атақты, білікті ұстаздар мен ғалымдар дәріс беретін «Әл-Әзһар» университетінің, Түркияның  «Хасеки» институтының, Алматы  қаласындағы «Нұр-Мүбарак» университетінің түлектерін қаламызға шақырып, шаһарымызда ұстаздық, дін қызметкері ретінде жемісті еңбек етуде.

Қазір имам,молдаларға талап күшейген. Әрине 90-шы жылдардың басында кадр тапшылығына байланысты оуқға түсе алмаған немесе мектепті нашар оқыған азаматтар мешіттерде еңбек етті.

Бірақ бүгінгі таңда  жан-жақты, білімді, сауатты болу талап етіледі. Қазір осы жердегі құлшылық үйлерінде қызмет етіп жүрген  ұстаздардың, имамдардың дені дүниеәуи ілімді меңгергенін, жоғары білімі бар қызметкерлер.

Иә жасыратын емес соңғы кездері атеистік, тәңіршілдік көзқарастағы адамдар хақ дінге байланысты кереғар пікірлерін білдіріп, дін қызметкерлеріне қарсы шығып жатқан жайттарда кездеседі. Бірақ халық қашанда дін адамына төрін ұсынып, ризашылығын білдіріп құрмет көрсетіп келеді.

Өз кезегінде ҚМДБ да имамдардың қызмет әдебін қатаң сақтап, рухани парасаттың үлгісі болуы тиіс деген ұстанымы бойынша елорадада  өткен жылдың соңында  «Ислам – мәдениет пен ізгіліктің бастауы» атты имамдардың IV республикалық онлайн-форумында «Зияткер имам» тұжырымдамасы бекітілген болатын. Онда Имамдардың киім кию мәдениеті, сөйлеу әдебі, халықпен қарым-қатынасы, заман талабына сай болуы,Сөзі мен ісі үйлесуі,  білімді, білікті, үлгілі, іскер, діни ағартушы маман болуы көзделінген. Міне осы жоғарыда келтірілген талаптарға сай жұмыс істеудеміз.

«Еліміздегі жерлеу рәсімдерін және зират көтеру мәдениетін бір жүйеге келтіру мақсатында ҚМДБ жанынан салттық қызмет көрсету орталығы ашылды. Мақсаты мен міндеті қандай?

– Иә, ажал айтып келмейді. Қайғыдан қара жамылып, жақынын қара жерге қиған отбасы қабірстан маңында өлімді кәсіпке айналдырған жандар ұршықша иіріп әкетіп, біреудің өлімі арқылы өмірін түзейтін кейбір делдалдар, осы қызмет түрлеріне аспандағы бағаны қойып  бизнесін дөңгелетуде. Кейде марқұмның денесі суымай жатып, ақы илеріне  өздері хабарласып, қызмет түрлерін ұсынып жатуын қалай түсінеміз.

Сондықтан осындай келеңсіз жайттың, және қайғы жамылып, жақынынан айырылған жандар пайда көзін іздеген салттық қызмет көрсететін мекемелердің құрығына ілінбес үшін,  ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти хазіреттің бастамасымен жақында «QAMQORSHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығы құрылды. 

Жаназа және жерлеу рәсімдерінде ысырапшылдық пен бәсекелестікке жол бермеу және жалпыға ортақ мәдениет қалыптастыру мақсатында іске қосылды.  Соңғы кездері елімізде о дүниелік болған адамға хан сарайындай зәулім зираттар мен мазарлар салу дәстүрге айналып келеді. Бұл ысырапшылдық. Жаратушы алдында бәрі бірдей. Марқұмға біздің дұғамыз керек. Біз қала басшылығынан арнайы қорымға жер берілсе, толығымен қоршап, қазіргідей  төрт құлақты зират емес, тек биіктігі 1 метр, ені жарты метр марқұмның аты-жөні , туған және дүниеден өткен жылы мен күні жазылған белгі тас қойылатын болады.  Басты мақсат Ислам дінінің талаптарын сақтау, бәсекелестікке, ысырапқа жол бермеу,  зират көтеруді бір тәртіпке келтіріп, жалпыға ортақ мәдениетті қалыптастыру. Сонымен қатар халықтың жағдайын ескеріп, салттық қызмет көрсетудің ақысы ретінде ең төменгі бағаны белгілеу көзделінген.

Семей қаласында ұзақ жылдарға созылған мешіт құрылысы аяқталуға жақын. Құлшылық ордасынан азанның үнін еститін күн жақын ба?

– 2008 жылы іргесі қаланып, құрылысы тоқтап қалған мешіт Тастакеевтер әулетінің демеушілігімен қайта жандана түсті. Алла қаласа құлшылық ордасы наурыз айында  ел игілігіне пайдалануға берілмек. Хакім Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай Түркістан облысы айналасын  абаттандырып,  Семейліктерге тарту жасаған еді. Алаштың рухани астанасында жаңа мешіттің бой көтеруіне мұрындық болған барлық жандарға алғысымыз шексіз.

Әңгімелескен, Қуаныш Рахметоллаұлы