"Мұндайға жол бермеу керек". Тоқаев қос азаматтық туралы айтты

Dalanews 25 ақп. 2021 07:08 208

Ұлттық кеңестің кезекті отырысына қатысқан президент Тоқаев екі елдің төлқұжатымен жүрген, қос азаматтығы бары анықталған жағдай туралы айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

"Қазақстанда қос азаматтыққа қатаң тыйым салынған. Мұндай талап Ата заңға енгізілген. Соған қарамай соңғы уақытта қос азаматтыққа жол берілген жағдайға куә болудамыз, бұл тіпті мемқызметкерлер арасынан анықталуда.

Аталған дүниеге өте сергек қарау қажет, себебі бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесін қамтиды. Мұндай жайт анықталған жағдайда оның жолын бірден кесу керек, – деді Тоқаев Ұлттық кеңестің отырысында.

Президент осы ретте былтырғы Жолдауында айтылған "қос азаматтығы бары анықталған мемқызметкерлер мен квазимемлекеттік сектор басшыларын жұмыстан қуу туралы" тапсырма бергенін еске салды. Әрі Үкімет пен Мемлекеттік қызмет істер агенттігінен осы бағытта атқарылған жұмыс жайында есеп беруді талап етті.

Тоқаевтың атап өткеніндей "мұндайдың алдын-алу үшін қолданыстағы заңнамасы қатаңдатып, жауапкершілікті күшейту керек".

Қазақстан заңына сай елімізде қос азаматтыққа тыйым салынған. «ҚР азаматтығы туралы» заңы, 3-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматының басқа мемлекеттiң азаматтығында болуы танылмайды. 21-бабына сәйкес, «егер адам басқа мемлекеттің азаматтығын алған болса», ҚР азаматтығын жоғалтады.


Мемлекет басшысы 2020 жылғы Қазақстан халқына жолдауында сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағандар үшін Қылмыстық кодекстегі жазаны қатайту туралы өзгеріс енгізуді тапсырып, мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаратындар арасында қос азаматтығы бар лауазым иелері анықталса, олардың қызметінен босатылатынын айтқан.

Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчидидің айтуынша қос азаматтықпен ұсталғандардың арасында мемлекеттік қызметшілер де көп. Өткен жылғы он бір айдың ішінде қос азаматтыққа қатысты 431 факт тіркелген.

Айта кетсек бұған дейін Шымкент қаласы полиция департаментіндегілер қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почиваловтың қос азаматтығы барын растап, оны Қазақстан азаматтығынан айыру жайтын тіркеген.

Шымкент полициясының хабарлауынша, басқарма басшысы Олег Почиваловтың қызметінде заңбұзушылық болған. Бұл үшін шенеунік қазақстандық азаматтығынан айырылды.


«Шымкент қаласы Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы 1974 жылы туған Қазақстан Республикасының азаматы Олег Владимирович Почиваловтың қос азаматтықта болу фактісін анықтады. Азаматтық туралы заңның 21-бабына сәйкес, Көші-қон қызметі басқармасы Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру жайтын тіркеді», - деп хабарлады Шымкент қаласы ПД азаматтық және миграция бөлімінің басшысы Гүлжан Нысанбаева.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x