Түркия Путинді күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айыруда – сарапшы

Dalanews 28 жел. 2020 07:51 897

АҚШ-та тұратын қазақ кәсіпкері Тимур Сейітмұратов (суретте) соңғы кезде Қазақстанға қарсы ақпараттық шабуылды үдеткен ресейлік саясаткерлердің әрекетін ой елегінен өткізді деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Айтуынша, Кремльдің бейқам жатқан Қазақстанға соқтығысуы күтілген сценарий. Сондықтан бұған бәлендей таңғалудың реті жоқ.



«Никоновтың «Ресей сыйға тартқан аумақ» туралы пікірі әбден пісіп-жетілген позиция. Қазақ қоғамының қарсы реакциясы да заңды. Кремльден кешірім сұрауды талап етуі де әлгі агрессияға тойтарыс беруден туған амал. Өз басым бұған таңғалған жоқпын. Путиннің төңірегіндегі топ Қазақстанға келгенде сөлекет сөйлеуден сескенбейді. Оларға жөн сілтеп отырған да Кремльдің өзі. Жалпы, Ресейден бұдан басқа не күтесіз» – деген орынды сауал қояды кәсіпкер.

Сейітмұратовтың пікірінше, Кремль сыртқы саясаттағы осыдан бес ай бұрын басталған түбегейлі өзгерістерді тәжірибелі пропагандист Никоновтың аузымен айтқызып отыр.


Осы арада артқа шегініс жасаған сарапшы биылғы жылдың маусымында күллі Ресей телеарналары таратқан «Россия. Кремль. Путин» бағдарламасындағы Ресей президентінің атышулы мәлімдемесін мысалға келтіреді.
Сол жолы КСРО құрамынан шығарда әлімсақтан орысқа тиесілі аумақты қосақтай кеткен мемлекеттер туралы сөз қозғаған Путин
«...КСРО-ға қалай кірсе, сол күйінде шығуға тиіс еді. Бұлар орыс халқының «сый-сияпатын» өзімен бірге арқалай кетті» деген.

Сейітмұратов сол себепті Никоновтың пікірі абайсызда айтылды дегенге сенбейді. Керісінше, содан туатын келесідей аспектілерге назар аударыпты.

Біріншіден, – дейді ол. Никонов өз ойын атауының өзі айғайлап тұрған «Үлкен саясат» бағдарламасында ортаға салды.

Екіншіден, осыдан алты ай бұрынғы Путиннің пікірі мен Никоновтың сөзіне дейінгі аралықта бірталай оқиға болды.
Мәселен, Путиннің тарту-таралғы туралы атышулы мәлімдемесінен бірнеше күн бұрын Кремль үшін стратегиялық маңызы бар «Князь Владимир» суасты крейсері сынақтан сәтті өтті.

Сейітмұратов мұны ресейлік mass-media жарыса жазғанын айтады.

«Пентагонға қарасты think tank corporation мәліметіне сәйкес, ресейлік суасты кемелерінің соңғы үлгісі Ақ үйдің дегбірін қашырып отыр. АҚШ-та «Князь Владимирмен» деңгейлесе алар суасты кемесі тек 2028 жылы пайда болады.

1981 жылы құрастырылған зымырантасығыш ескі суасты кемелерін толық жаңалау 2031-ге дейін созылып кетуі мүмкін» – дейді ол.

Сарапшы осы арада мына бір детальға назар аударған екен.

Никоновтың мәлімдемесінен соң араға 5 күн салып «Владимир Мономах»  суасты кемесі Охот теңізінде төрт бірдей «Булава» баллистикалық зымыранын сынап көрген. Бұған дейін суасты кемесі «Булаваның» екі зымыранын ғана шығарған.
Сейтмұратов осы орайда америкалық әскери сарапшы Себастьян Роблиннің мақаласын мысалға келтіреді.
Роблин өз зерттеуінде: «Булава? Ядролық соғыс басталса Ресей қарулы күштері өркениет атаулыны тып-типыл етеді. Кремль әскери қуатын арттыруды әліге дейін жалғастыруда» дейді.

Сейітмұратовтың пікірінше, мұнда бір үндестік бар. «Ресей сыйға тартқан аумақ» жайында айтқан Кремль сол мезетте алыс-жақындағы оппоненттеріне жұдырығын білеп қоюды да ұмытпайды.

«Былайша айтқанда, Ресей ұлттық мүддесімен үйлесетін, уысынан шығарғысы келмейтін аймақты әзірден белгілеп, геосаясаттағы қарсыластарын құлаққағыс етуде. Біреу-міреу бұл территорияға тұмсық тығар болса, ісің бізбен болады дегенге сайғызып тұр» – дейді ол.

Кәсіпкер осы арада Қазақстан тұрғындары қаласа да, қаламаса да мойындауға мәжбүр болатын үш жайтты жіпке тізіпті.
Алғашқысы, Қазақстан Ресейден қашып құтыла алмайды. Қос гиганттың ортасында отырғанын қабылдаудан өзге жолы жоқ.
Кейінгісі, Ресей билігінде Путин мен сол секілді пайымдайтын топ отыр. Алда-жалда бұлардың биліктен таюы неғайбыл.
Соңғысы, Ресей билігінде отырғандардың дүниетанымы алған білімі, көрген тәлімі, Қызыл империядан қалған тарихи мұраның негізінде қалыптасқан. Бұлардан Қазақстанға қатысты риторикасы өзгеріссіз қалады.
...
Сөй деген Сейітмұратов «Ресейдің 2020 жылға дейінгі қауіпсіздік стратегиясы» дейтін осыдан 11 жыл бұрын әзірленген саяси құжатты шолып шығады.

Құжатта былай делінген:

  • Ресейдің ұлттық мүддесі мемлекеттің ішкі қажеттілігін қамтиды.

  • Ресеймен шекаралас, одақтас елдермен арадағы баланс бұзылған жағдайда әскери күш қолдану проблеманы шешудің жалғыз жолы.

  • Сыртқы саясаттың негізгі бағдары ТМД кеңістігіндегі елдермен етене байланыс орнатуға бағытталуы тиіс. Ресей шекаралық аймақтағы интеграцияның әлеуетін арттыра түседі.

  • Еуразиялық одақ экономикалық интеграцияның ядросына айналады.

  • Кремль Батыс пен АҚШ-тың әскери инфрақұрылымының Ресей шекарасына жақын орналасуына жол бермейді.


«Құжаттың өне-бойы Қазақстанға қатысты жоба-жоспарға тұнып тұр. Демек, Никоновтың мәлімдемесі күні бұрын әзірленген жүріс. Кремль қазірден қамданбаса ертең Қазақстанды да уыстан шығарып аламыз деп уайым жейді.

Олар Украинадан айырылды. Таулы Қарабақтағы соғыста Әзірбайжанға да сөзі өтпейтінін көрдік. Әзірбайжан «екі ел – бір ұлт» деген ұранның аясында Түркиямен бірігуі мүмкін.

Турасын айтқанда, Түркия Путинді күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айыруда. Түркі дүниесін тұтастыру дейтін идеямен қаруланған түріктер келесі кезекте Орта Азияға көз тігеді. Түріктердің Әзірбайжан арқылы Каспий теңізіне өтуі Ресейдің әскери истеблишменті үшін трагедия» – дейді ол.

Сейітмұратовтың пайымдағанындай Түркия мен Украинаның әскери келісімшартқа қол қойып, қойын-қолтықтасуы Кремльге ауыр тиген.

«Ал Ақ үйдегі Байденнің Мәскеуге жылы қабақ танытпасы қазірден байқалып тұр. Ол Обаманың жолымен Кремльдің сілікпесін шығарады» – дейді сарапшы.


Әрі қарайғы сценарий қалай өрбімек?

Ресей одақтастарын отарлаудың жаңа жолын табады, – дейді Сейітмұратов. Экономикалық одақтың аздық етерін ашық айтады. Бұған алдымен Беларусьті көндіреді. Уақыт өте келе Еуразиялық одақты күллі әлемнен оқшаулап, өзі секілді күй кешкізеді.
Никоновтың Қазақстанға қатысты айыптау, арандатуы аяқталмайды. Бұл басы ғана. Ақылға сыймайтын «аргументтің» сан түріне куә боламыз.

Әзірлеген Думан БЫҚАЙ




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар