"Мен кеттім...". Алматыдағы Ішкі істер академиясының курсанты өз-өзіне қол жұмсады

Dalanews 23 желт. 2020 10:58 268

Осыдан бір аптадан астам уақыт бұрын, яғни 2020 жылы 13 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысының тумасы, 19 жастағы ІІІ курс студенті-курсант Саламат Өтегенов Алматы қаласының Ішкі істер министрлігінің академиясында асылып тұрған жерінен табылды. Ол қайтыс болардан біраз уақыт бұрын ата-анасынан үлкен сомада ақша аударуды сұрап, телефоннан хат жазған, деп хабарлайды Dalanews.kz zakon.kz-ке сілтеп.

Қомақты қарыз, оқудың болмауы, тығырыққа тірелу және жас жігітті өзін-өзі өлтіруге мәжбүр еткен оқиға туралы фактілерді "Уральская неделя" басылымы жинақтады.

Курсант Алматыдағы ІІМ академиясының асханасына тиесілі қойма іспетті бөлмеде асылып тұрған жерінен табылды. Оны шешіп алғанда ол әлі тірі болған, бірақ кейінірек келген жедел жәрдем тобы жігітті құтқара алмады. Ол 16:52 шамасында қайтыс болды.

Сол күні кешкі сағат жетілер шамасында Саламаттың ата-анасына Ішкі істер министрлігі академиясынан қоңырау шалып, ұлдарының өз-өзіне қол жұмсағанын хабарлайды. 15 желтоқсанда академияның екі офицерімен бірге Саламаттың денесі Оралға жеткізілді. 16 желтоқсанда Саламат өзінің туған жері Ақжайық ауданының Шабдаржап ауылына жерленді.

Жетісі өткен соң басылымның журналистері Саламаттың анасы Бекзат Иманғалиевамен сөйлесті, ол өз кезегінде ұлын, ең кем дегенде, өз-өзін өлтіруге итермелеуге қатысты нақты дәлелдер келтірді.

Ол мақсатқа жеткіш бала, бәріне өзі қол жеткізетін еді


Ол ешқашан ешкіммен төбелеспеген, мінезі сабырлы, салмақты болатын. Ешқашан мектеп формасын кимеймін деп дау шығармайтын, үнемі мектепке костюм-шалбармен баратын. Ешқандай бұзақылық көрсеткен емес, ешкім бұлай шағымданбады. 2018 жылы ол академияға емтихан тапсырып, 87 баллмен грантқа түсті. Факультет сол жылы ғана ашылғандықтан, сынақ күрделі болмады. Біз оның оқуға түскеніне қатты қуандық, курсанттарды академия ректоры генерал Өмербай Смайыловтың өзі жекелей қабылдап алды. Алматыға келген соң, шілде айында біз Шабдаржап ауылына (бұрынғы Харькино) оралдық. Ал тамызда біз оны оқуға жібердік, - деді Саламатаның анасы.

Оның айтуынша, оқудың бірінші айында бәрі жақсы болған. Саламат жас жауынгер курсынан сәтті өткен. Бір айдан кейін курсанттар ант қабылдады. Ата-анасы бос болмағандықтан, ағасы ант беру рәсіміне барды. Қайтып келгеннен кейін, ағасы курсанттарға: "Кімде-кім бұл жерде тұрып, оқуға шыдап, төтеп бере алса, онда осында тұрып оқи берсін, ал кім шыдай алмаймын десе, онда 100 мың теңге төлеп," казармалық жағдайдан" шығып, сыртта тұра берсін" деп айтқанын айтты...



"Бірінші жылы ол оқуды бастаған кезде курсанттардың ата-аналары үшін WhatsApp тобы құрылды. Онда әр баланың ата-анасы 50 мың теңге аударуы керек деген ақпарат болған.

"Сол кезде біз таң қалдық, 50 мың теңге не, не үшін деп. Өйткені кетер кезінде біз Саламатқа, академия мемлекеттік қолдауға ие екеніне қарамастан, мемлекет тарапынан берілетін барлық заттарды - камуфляж киімдерін, аяқ киімдерін, формаларын сатып алып берген едік. Содан кейін олар бізден тағы 50 мың сұрайды. Ең таңқаларлығы, біз ғана оның себебін сұрадық, ал қалған курсанттардың ата-аналары бұл ақпаратты қалыпты секілді қабылдады. Белгілі болғандай, бұл ақшаны казарманы жабдықтауға - кір жуғыш машина, темір және тұрмыстық техника сатып алуға сұраған екен", - дейді Бекзат Иманғалиева.

Күзде Саламат ата-анасынан қар күреу үшін күректер сатып алуға және басқа шығындарға ақша сұрай бастады дейді анасы. Содан кейін одан ақша аудару туралы алғашқы хабарламалар пайда болады. Қаңтарда академия қысқы сессияны бастады, одан кейін курсанттар үйге демалысқа кетуі керек еді. Сол кезде Саламат анасынан сессияға 80 мың теңге сұрайды. Әйелдің айтуынша, академиядағы сессияны өткізу жүйесі осылай жұмыс істейді: егер сіз емтихандарды тапсыра алмасаңыз, демалысқа үйге бара алмайсыз. Бұл арада ең бастысы, емтиханнан өту үшін ақша төлеуің керек, әйтпесе олар бәрібір "құлатады".



Анасы айтқандай, ұлы сессияның ақшасын төлеп, оны жауып, туған ауылына оралады. Үйге келген соң ол анасына Ішкі істер министрлігінің академиясында курсанттар алты ай оқыған соң "казармалық ортада" өмір сүре алмайтынын түсінсе, әрқайсысы 600 мың теңгеден (1 айға 100 мың) төлеп, оқудан шыға берулеріне болатындығын айтқанын айтады. Академиядан тектен тек кете салу мүмкін болмаған.

2019 жылдың ортасында екінші сессия жақындайды. Курсанттардан емтихан тапсыру үшін тағы ақша талап етіле бастайды. Бұл жолы Саламат бірнеше курстастарымен бірге ақша төлемей, емтиханды өз бетімен тапсыру туралы шешім қабылдайды. Бірақ олардың арасында ауызбіршілік болмай, кейбірі ақша төлеген, ал ақша төлемегендер сессиядан ақыры құлатылады.

Сессияны қайта тапсыру үшін олардан енді көтермелеген "тариф" талап етіледі: 120 мың теңге. Оны төлеуге мәжбүр болдық, - дейді Саламатаның анасы.


2019 жылдың қыркүйегінде екінші курс басталды. Осы кезде ата-ана Саламаттың жедел несие жүйесі арқылы несие алғанын біледі. Олар несиенің қарызын жауып, баласынан оны не үшін алғанын сұрайды. Саламат бұған жауап ретінде ата-анасын мазалағысы келмейтінін, ал ақша керек болғандықтан, оны өзі жабамын деген үмітпен микрокредиттік ұйымнан алғанын айтты.

Барлығына өз ақшаңды шығарасың...


2020 жыл келді. 16 наурызда елімізде коронавирустың таралуына байланысты төтенше режим жарияланды. Саламаттың ата-анасы академия басшылығына оқудың жайын сұрап, хат жазады. 30 наурызда курсанттардың үйлеріне кететіні белгілі болды. Бірақ оларды үйге Ішкі істер министрлігі академиясының есебінен жібермейді. Жігіттер өз ақшаларына 18 адамға шағын автобус жалдап (әрқайсысы 50 мың теңге төлегеннен кейін) және Алматыдан Қызылорда-Ақтөбе-Орал-Атырау-Ақтау бағыты бойынша жылжиды.

Академия оларға жолға деп ештеңе бермеген: демалыс жолақысы, күнделікті шығын, тамақ дегендей. Мысалы, олар Қызылордаға жетті делік, ал осы қаланың балалары ата-анасына хабарласып, азық-түлік алдыртқан, сөйтіп оны ары қарай жүретін балаларға табыстап отырған. Осылай аман-есен қайта өз күшімен жетті. Карантин басталғаннан кейін онлайн-оқыту басталды, сессияға да келіп жетті. Тағы да сессия үшін ақша сұрала бастады. Ұлым банк қосымшасы арқылы 100 мың теңге аударды, - деді Саламаттың анасы.

Шілде айында Қазақстанда ауру таралуының ең жоғары деңгейіне қарамастан, курсанттар қайтадан академияға шақыртылды, ол кезде олар полигонда - далалық жаттығудан өтті. Ол жерге ұшақпен жетуге тура келді, тағы да өз ақшасына.

Саламат далалық жаттығудан оралған соң жаздың соңында оны қайтадан академияға оқуға тағы шақыртты. Бірақ бұл жолы ол коронавирусқа ПТР-тест тапсыруы керек болды.

Сол кезде мен оның оқуға барғысы келмейтінін алғаш рет байқадым. ПТР сынағынан өткенде, ол: "Анашым, маған коронавирусқа шалдыққан деп анықтама жаздырып алсақ қайтеді" деді. Мен таң қалдым, неге өйтеміз деп сұрадым. Ол маған тікелей жауап бермеді, бірақ академияға оралуға асықпайтынын анық айтты. Соңғы сапарға дейін ол өзінің барлық мінез-құлқымен және сыртқы іс-қимылымен академияға оралғысы келмейтіндігін байқатты. Мен мұны ол тамызда ауылда достарымен және сыныптастарымен бірге өткізгендіктен, солардан ажырағысы келмей тұр деп түсіндім. Босаңсып қалған шығар, - дейді Бекзат.

Баласы қайтыс болғаннан кейін әйел достарынан Саламаттың академияға оралғысы келмейтінін, Орал педагогикалық институтына, физика-математика факультетіне ауысуға тырысатынын айтқанын білген. Ал академиядан жәй кете салу мүмкін емес. Баланың ата-анасының айтуы бойынша, кету үшін олар әр ай сайын оқыған оқуы үшін академияға 100 мың теңгеден төлеуі керек екен. Сонда Саламат оқыған екі жарым курс үшін шамамен 2 миллион теңге төлеуі керек екен.

Жігіт өзінің курсының басшысымен хат жазысып, академияда оқуын жалғастырғысы келмейтінін айтқан. Ал ол өз кезегінде Саламатқа 2,5 миллион теңге төлеп, кете беруіне болатынын айтқан, бірақ ол бұл мәселесін академияға келіп, сол жерде шешуді ұсынады. Саламат оқудан шығу жайын талқылау үшін академияға аттанған, бірақ одан оралған соң көп ұзамай ата-анасына өз оқуын жалғастыратынын айтады.

Оқу басталғаннан кейін курсанттар тағы да ата-анасынан ақша сұрай бастайды. Саламаттың анасы ашуланып, одан жауап талап етеді. Не үшін керек дегендей. Бұған дейін өзін академияның курсантымын деп таныстырған бір жігіт әйелге қоңырау шалып, Саламаттың өзіне 160 мың теңге қарыз екенін айтқан. Ата-анасы бұл қарызды да жабады, бірақ ол неткен қарыз екенін сол күйі біле алмайды.

Өлер алдынан соңғы 3 айда Саламат ата-анасынан әдеттегіден өте көп ақша сұрай бастайды: 100, 200 мың .. Соңғы рет Бекзат Саламатқа 5 желтоқсанда 10 мың теңгеақша жіберген.

25 желтоқсанда ата-анасы баласына Алматыдан Оралға пойыз билетін алып үлгерген. Ол менен соңғы рет ақша сұрағанда, шынымды айттым:"Тыңда енді, шыдамның да шегі бар, не сұмдық бұл, ертең әкең академияға қоңырау шалып, бұл "ақша жинаудың" мәнісін неде екенін сұрайды" дедім. Саламат бебеулеп, тағы да мені үндемеуге көндірді. Содан кейін мен, ол 25 желтоқсанда үйге оралады, сол кезде оны ешқайда жібермейміз, аяқ-қолын байлап тастасақ та" деп ойладым, - дейді ол.

Сондай-ақ, Бекзат ұлының мінез-құлқынан мынандай біртүрлі жайтты аңғарған: ол ақшаны тек WhatsApp-тағы хат алмасу кезінде сұрайды, ал телефон арқылы ешқашан сұрамаған.

Баласын жерлегеннен кейін ол 3,5 айда туыстары Саламатқа жалпы сомасы 630 мың теңге аударғанын анықтаған.

Өмірінің соңғы күні Саламат үлкен ағасына түнгі 11-ден бастап Алматы уақытымен кешкі 5-ке дейін 300 мың теңге аудару туралы хабарлама жіберген. Жігіттің отбасы тұратын ауылда тұрақты интернет жоқ, сондықтан ол хатты кеш көрген. Саламаттан соңғы хабар сағат 16: 31-де келді. Ол: "Ал, мен кеттім" деп жазды.



 




Саламат Өтегеновтің соңғы жазбалары.


Соңғы рет ол ағасынан 300 мың теңге аударуды сұрайды, әйтпесе туыстары оны енді ешқашан көрмейтінін жазған.

Сол күні ол асылып тұрған жерінен табылды.

Басылым Ішкі істер министрлігінің академиясына ресми сауал жолдап, 22 желтоқсанда жауап келді, онда: "Бұл факт бойынша Алматы қаласы ПД ішкі қауіпсіздік басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Қызметтік тергеу барысында академия ұжымы мен курсанттар тарапынан заңсыз әрекеттер фактілері анықталмағаны анықталды" делінген.

Ал академия курсанттарынан үнемі ақша жинау туралы сұраққа жауап бермеуді жөн көрген.

Осыған қарамастан, туыстарының айтуы бойынша, Алматы қаласының ПД ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы, 1-бөлігі , яғни "Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу" бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастағанын жеткізді.

Суретті Саламат Өтегеновтың туыстары ұсынды

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x