Қонаевтың кетерін бір адам күні бұрын білді. Ол Назарбаев емес – қазақ қаламгері

Dalanews 15 желт. 2020 19:10 425

Желтоқсан оқиғасын зерттеуші, қаламгер Қайым-Мұнар Табеевтың айтуынша Қазақстанда біріншінің ауысатынын Саяси бюро мүшелерінің ішінен ең алғашқы болып партия ОК хатшысы, қауіпсіздік комитетінің генерал-майоры Камалиденов естіп-білген деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Автор бұл арада Камалиденов мына бір естелігін алға тартады:

"Димаш Ахметұлымен түсте тамақты бірге ішеміз, сонда (Колбин – авт.) келерден бір күн бұрын айтқаны: «Ертең бірінші хатшылыққа басқа жақтан адам келеді» деді. Бітті. Басқа ешкім ештеңе білмейді. Сондықтан мен мына кітапта жаздым: «Желтоқсан оқиғасы – бұл Горбачевтің жіберген үлкен қателігі. Нақтылап айтсам, Қазақстанға Колбинді бірінші хатшылыққа жіберуінің өзі ағат қадам еді, себебі  ол республиканы білмейді» деп ағынан жарылыпты Камалиденов. («Аңыз адам» журналы, №12, 2010 ж.).

Бұл арада «үлкен ағаттық» деп өзінің тағайындалмай қалғанын айтып отырғаны аңғарылады", – дейді Табеев.

Оның пікірінше сол кезде Қазақстандағы жоғары биліктен үміткер төрт адамның аты жиі аталған.


Олар: Зақаш Камалиденов – Қазақстан компартиясы ОК-нің хатшысы, Еркін Әуелбеков – Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақ ССР министрлер кеңесінің төрағасы және Саламат Мұқашев – Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің төрағасы.


"Мәскеудің көзіне түсудің орайын құр жібергісі келмеген алғашқы үшеуі 1985 жылдың 6 ақпанында өткен партия съезінде Қонаевты аяусыз сынап та үлгерді.



«Назарбаев бұл іске жанын сала кірісті, – деп жазады журналист Лиза Бричкина. – Съездің алғашқы күні-ақ ол күні кеше өзінің жебеушісі болған адамды республика экономикасын құлдыратты деп айыптады». («Профиль» журналы, 06.12.1999 ж.).

Ал, өзін қолдап, билік баспалдақтарына әкелген Қонаевқа айтылған сынның қатты тигенін “Личность” атты кітабында Нұрсұлтан Назарбаев та мойындайды.

“…Жастық максимализммен айтқан сынымды түсіне алмады. …Бірақ мен бір жайтты, өз заманының шын мәнінде ірі тұлғасы, ширек ғасырға жуық түрлі жоғары қызмет атқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев психологиялық тұрғыдан және жасына байланысты (ол кезде 70-тен асқан еді) жаңа жағдайларға бейімделе алмағанын ескермеппін” деп жазады.

Иә, болары болды. Өзі тәрбиелеп өсірген ізбасарларының жасы келген кезде жан-жақтан талағанына ренжіген ақсақал «Орныңызға лайықты кім бар?» деп Горбачев сұрағанда, ешкімнің атын атамауын енді түсіндік. Қонаев ел тағдыры сынға түскен ауыр сәтте, ұлт қамын ойлаудын гөрі өзінің пендешілік пиғылынан аса алмапты", – дейді Қайым-Мұнар Табеев.

Оның атап өткеніндей Қазақстанның жоғарғы басшылығындағы осындай саяси ішкі тартысқа қарамастан, Мәскеу жергілікті кадрлардың тамырын басып көруді тоқтатпаған.



«Бірінші хатшылыққа үміткердің біреуі сіз болдыңыз емес пе? – деген тілші сауалына Камалиденов: «Иә, үміткердің біреуі мен, ал Мәскеуден әңгімеден өткен жалғыз мен ғана» деп жауап қайтарған.

– Солай ма?

– Үміткер төртеуміз – Әуелбеков, Назарбаев, Камалиденов, Мұқашев. Осы тізім Разумовскийдің үстелінде жатыр дейді…» («Аңыз адам» журналы, №12, 2010 ж.).

Яғни, Саяси бюро мүшелерінің арасынан Қонаевтың орнына бөтен адам келе жатқанын бірінші болып Камалиденов естіген болып шықты", – деп түйіндейді өз ойын қаламгер.

Мақаланың толық нұсқасын төмендегі сілтемеге өтіп оқи аласыз:


https://dalanews.kz/58548

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x