Бекшинді тез арада орнынан алу керек. Ол біздің түбімізге жетеді – кәсіпкер

Dalanews 06 желт. 2020 17:46 299

Кәсіпкер Санжар Боқаев бизнес нысандардың жұмыс уақытын қысқартып тастаған карантин шараларына наразы деп хабарлайды Dalanews.kz. Оның пікірінше осының кесірінен кәсіпкерлер кірістен қағылып, бюджетке түсетін салық көлемі кеміп жатыр.

«Түнгі 11-лерде ауқаттанғымыз келіп қонақүйдің дәмханасына бас сұқтық. Жабылып қалыпты. Тек 22.00-ге дейін істейміз дейді. Талап сондай.

Шағын және орта бизнестің жұмысын бақандай бір сағатқа қысқартқанның кесірінен (23:00-ден 22:00-ге дейін) Алматы бюджеті ай сайын 7-8 млрд салықтан қағылып отыр.


– дейді кәсіпкер.

Боқаевтың атап өткеніндей Алматы бюджетінің 64 пайызы шағын-орта бизнестің салығынан құралады. Бұл, негізінен, сауда-саттық, ойын-сауық және қызмет көрсету саласы. Бір жылда шағын-орта бизнес қала бюджетіне 1,8 трлн теңгеден бастап салық төлейді екен.

"Мұны алдымен 365 күнге, артынша 12 сағаттық жұмыс күніне бөліңіз. Шамалап алғанда, Алматы бюджетіне кешкі уақыттың бір сағатында 250 млн теңге салық түсуі тиіс. Бұл сома айына 7-8 млрд теңгені құрайды.

Мұның есеп-қисабын біз емес, Ұлттық экономика министрі мен Алматы әкімі жасауға тиісті еді.


Мемкіріс департаменті мен Кәсіпкерлік басқармасы шағын және орта бизнеске шын жаны ашыса қаланың бас санитары Бекшин алдарына шақырып, коммерциялық нысандардың жұмыс уақыты неліктен шектеліп отырғанын негіздеп беруді талап етуі қажет.

Егер өткен жолғыдай "наконец-то" деп дөйдалаға лағып кетсе, Сағынтаев сөзбұйдаға салмай Бекшинді орнынан алуы тиіс! Бекшин бұл қаладан қарасын батырсын", – дейді Боқаев.

Кәсіпкердің пікірінше бизнестің тынысын тарылтып, қаладағы коммерциялық белсенділікті жасанды жолмен буындыруға болмайды. Дәл қазір бұған аса бір қажеттілік жоқ.

Бекшиннің кесірінен ШОБ банкрот болады. Боқаевтың айтуынша Бекшиннің карантинді шектеуге қатысты шешімдері сауатсыз.

"Алматыдағы аузы-мұрнынан шыққан автобустарды қараңыз. Халықтың нөпірін көрсеңіз, шошисыз. Қисынсыз емес пе? Қоғамдық көлікке халықты лық толтырып аласыздар да, қауіпсіздікті қамтамасыз ете алатын коммерциялық нысандарды жауып тастайсыздар. Осы ақылға сия ма?

Коронавирусқа қатысты мәлімет тарататын сайтты сүзіп шықтым. "Індет түнгі сағат 22:00-ден көше кезеді" деген тұжырымды кездестірмедім. 


Сайып келгенде, мұның бәрін Сағынтаев пен Бекшин былықтырып отыр. Олар қабылдаған шешімнің негізі жоқ, әйтеуір "тисе терекке, тимесе бұтаққа" дегеннің кері", – дейді.

Боқаевтың айтуынша жұмыстан қайтқан жұрт ағайын-туыс, жора-жолдасымен кездесуді кешкі жеті мен түнгі онның аралығында жоспарлауға мәжбүр. Содан болар әлгі уақытта дәмханаларда адам айналар орын жоқ. Елдің бәрі осы уақытқа үлгеруге тырысады. Ал мұндай жағдайда індет ауа жайылып, адамнан адамға жұғуы мүмкін.

"Алматы әкімі мен қаланың бас санитары осыны ескерді ма? Билік барлық бизнес нысандардың жұмыс уақытын ұзартуы қажет. Бұлар ғана емес, қоғамдық көлік қозғалысы, халыққа қызмет көрсету орталықтары, әлеуметтік маңызы бар нысандарға түнгі уақытта жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек. Сөйтіп жұмыс-шаруасын шешкісі келетін халықтың нөпірін азайтуға болады. Бірақ бұған құлақ түрер билік бар ма?

Керісінше, сайлаудың қарсаңында карантинді күшейте түсуі ғажап емес, сөйтіп жеке кәсіпкерлердің түбіне жетіп тынбақ", – дейді Боқаев.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ 




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x