Белгілі журналист Түркістан облысындағы бассыздықтар жайлы айтты

Dalanews 25 там. 2020 13:12 327

Журналист Гүлмира Әбіқай Түркістан өңірінде қыз алып қашумен байланысты өрескел оқиғалардың жиілеп кеткенін айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.




Оның атап өткеніндей әсіресе Ордабасы ауданында қыздардың қарсылығына қарамай күштеп, қинап алып қашу әдетке айналған. Бұған куә жандар жетерлік.

Журналист осы орайда Түркістан облысында мектеп жасындағы қызды 33 жастағы мүгедек жігітке алып қашып әкелген оқиғаны желідегі жұртқа жария етті. 15-ке енді толған өрімдей қыз босағаны өз еркімен аттамаса да, әзір сол үйде келін болып жүр.

"Түркістан облысы Ордабасы ауданының тұрғыны маған хат жазды. Көршісінің 15 жастағы үрімдей қызды алып қашып алғанын айтты.

Кәмелетке толмаған қызды арбаға таңылған мүгедек ұлына әйел етіп алған. Ол өз еркінсіз келсе де, келін болуға көнген. Баламның кірін жуғанға жақсы болды деп жүр анасы.


Қыздың әкесі жоқ, анасы өзгеге күйеуге тигендіктін қорғаны жоқ екенін пайдаланып тұр дейді көршісі. Өзімнің де үш қызым бар. Жас келінге жаным ашып, сізге жаздым" деп жазды көршісі", - деді Гүлмира Әбіқай.

Оның айтуынша, Түркістан облысы заңды белден басып, білгенін істеп отыр. Сонда басшылық ай қараған ба?

"Жас қыз өзі көрмеген мүгедек жігітке тұрмысқа шыққан. Кәмелет жасқа толмаған қызбен жақындасу  - қылмыс. Сонда облыстағы Ордабасы ауданы қайда қарап отыр? Бұларда заң бар ма? Заңға қарайтын адам жоқ па? Органдар қайда? Ауылдың ақсақалдары қайда? Жас қыздың тағдыры ешкімді алаңдатпай ма?", - деді Гүлмира Әбіқай парақшасында.

Желідегі жұрт өз кезегінде өңірде мұндай жәйт жиі кездесетінін айтады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x